Басты тақырыпОблыс әкімі

Осакаровтағы орақ барысымен танысты

Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ күзгі жиын-терім жұмыстарымен танысу мақсатындағы жұмыс сапары жалғасуда. Кеше аймақ басшысы Осакаров ауданында болды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрмұхамбет Қанапияұлы «Най­дор­овское» ЖШС-нің алқаптарын аралап көрді. Шаруашылық директоры Павел Лущактың айтуынша, шаруа­шылық биылғы жылы 9931 гектар жерге дән сепкен. Оның ішінде, 9786 гектар жерге – бидай, 1076 гектарға – арпа, 145 гектарға – тары, 4500 гектар жерге майлы дақылдар отырғызған. Қазіргі уақытта егістік даласына 50 адам мен 20 техника жұмылдырылған.

«Жана Ай» ЖШС-нің егістік алқабы да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады. Мекеменің қаржы директоры В.Шамордин биылғы науқанның түсіміне тоқталды. Мұндағы алқаптың көлемі – 10969 гектар. Оның ішінде, 9438 гектарға – бидай, 104 гектарға – арпа, 826 гектарға көпжылдық шөп егілген.

Сондай-ақ, облыс басшысы «Ясная Поляна» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен де танысты. Қожалық басшысы Михаил Чолокидидің айтуынша, мекеме жұмысының соңғы 23 жылдағы негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы. Биыл 5469 гектар жерге дәнді дақылдар еккен. Оның ішінде, бидай – 5139 гектар жерге, арпа 330 гектар жерге егілді.

Жалпы, облыс бойынша биыл 730,5 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілді. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, егістік алқабының көлемі 73,4 мың гектарға артты. Егер, жіктейтін болсақ, бидай – 596,1 мың гектар жерге, арпа – 117,3 мың гектар жерге, сұлы 17,1 мың гектар жерге егілді.

Кешегі күнге дейін 596,1 мың гектар егістік алқабы орылды. 686,8 мың тонна астық жиналды. Орташа түсім – 14 центнерге тең. Сондай-ақ, 4792 гектар жерден 108,3 мың тонна картоп жиналды. 772 гектар жерден 17,4 мың тонна көкөніс жиналды.

Жиын-терім жұмыстарына 2438 ком­байн жұмылдырылған. Бұған қоса, егінді тасымалдайтын 3700 техника егіс даласында жүр. 14,2 мың тонна жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен босатылды. Дизельді отынды сатып алу шаруа қожалықтарының есебі арқылы жүргізілуде.

Аймағымызда дәнді дақылдарды қабыл­даушы, сыйымдылығы 138,3 мың тонна болатын лицензиясы бар 4 кәсіпорын тіркелген. Қазіргі күні дәнді қабылдауға қажетті материалдық-техникалық база толықтай нығайтылды.

Бұдан бөлек, облыс көлемінде сыйым­дылығы 517,9 мың тоннаны құрайтын 523 дән сақтаушы орындар бар.

Облыс басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен, аудандағы эпизоотиялық жағдаймен де танысты. Бұл мәселелер төңірегінде аудан әкімі Қайрат Шайжанов жан-жақты ақпарат берді.

Болжам бойынша, биыл біздің облыс рекордтық көрсеткішке қол жеткізуі мүмкін. Орта есеппен, өнімнің түсімі гектарына 14 центнерге тең болса, 1 миллион тоннадан астам астық жиналады.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button