Руханият

Қоршаған орта

Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100, 103, 106, 112, 115, 118­, 123, 126, 135 сандарында)

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Күншілдік – дерт

Күншілдік – өзгенің мықтылығы мен өзіңнің əлсіздігіңді мойындаудан туған құбылыс! (Бауыржан Момышұлы).

 

Сейілдің жүрегі

Мексиканың гитарасын қазақтың қара қобызындай боздатқан Сейіл Аяғанның жұдырықтай жүрегі лүпілдеп соғып тұрса, қазақ ғаламдасудың қандай қатал тезін болсын, қаймықпай қарсы алып, осы заманғы өркениеттің өрінде отыратын болады! Жай отырмайды, малдасын құрып, қасқайып отырады!

 

Ұлттың намысы

Алаштың ардақты перзенті Әлихан Бөкейханов Ресейде білім алып жүргенде достарымен бірге орманға барады. Бір кезде оларға орман шетіндегі тасты көтеру керек болады. Өзімен бірге келген әр түрлі ұлттың азаматтары тасты көтеруге әрекет жасайды. Бірақ тас орнынан қозғалар емес. Кенет Әлихан Бөкейханов тасты көтеріп алады, көтеріп қана қоймай, біраз уақыт ұстап тұрады. Жолдастары таңғалып: «Мұны қалай көтердің?» деп сұрайды. Сонда Әлекең: «Мұны көтерген мен емес, – ұлтымның намысы!» деп жауап берген екен.

 

Ағылшын мен орыс

Құран ағылшын тіліне 126 рет аударылған. Орыстар Петр І-дің кезінен бері небәрі 12 тәржіма жасаған?

Екі халықтың интеллектуалдық деңгейі осыдан-ақ көрініп тұр.

 

Тәңірінің сәулесі

Екі көзіңмен төрткүл дүниенің ғажайыбын көріп, шолып, түйсіну өз алдына, – түсіну де мүмкін емес, төбеңде Тәңірінің сәулесі түсетін тесік болмаса? Көз алдың суқараңғы болады да тұрады.

 

Алаяқ

Егер сен біреуді алдап, қапы қалдырып кетсең, бұл оның ақымақтығын емес, сенің біреудің сенімін аяққа таптап кеткен алаяқтығыңды көрсетеді! (ФБ).

Бүгін осыны оқып, өзіммен-өзім мәз болып отырмын. Мені де талай қу алдап, арбап кеткен. Талай рет «Неткен ақымақпын!» – деп, өзімді-өзім сөгіп едім. Қате екен, – мен ақымақ емес екем, – анау сұм алаяқ екен ғой!

 

Ұлттың басын тұлға қосады

Қазақ ұлы тұлғаларының қадір-қасиетіне жетіп, тірісін құрметтеп, өлгенінің аруағына тәу еткен күні ұсақ-түйек ру-рудан сүттей ұйыған бір кемел ұлтқа айналар еді.

 

«Незаменимых людей нет…»

Сталиннің «Незаменимых людей нет» деген бір ауыз сөзі Тұлғаны тобыр­дың аяғына жығып берді! Еңсесі биік ел болғысы келетін жұрт, бәсекелес елу елдің қатарына ұмтылған ел осындай оспадар ойдан іргесін аулақ салуы керек. Жақсымыздың бірде-біреуін жатырқамауымыз Һәм жағасынан алмауымыз керек! Өсектеп, өлтіріп! Қара бояу жағып, қаралап біттік қой!

«Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?» – деп Абай бекер айтпаған. Ұлттық тұлғалардың тарихтағы орны қашан да бөлек болады. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынның, Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің, Мұхтар Мағауиннің орнын жоқтатпайтын балама тұлға бар ма?!

Жоқ әлі!

 

Алла мен Алаш (Мәңгілік пен уақытша)

Біздің елде біреуден кек алу деген кесапатты ой болмаған! Теледидардағы үнді мен түрік сериалдарын көрген сайын қазақ халқының ұлылығы мен сұңғылалығына күннен-күнге көзім жетіп келеді. Бізде бір-бірімізге деген наз, өкпе, тіпті, ашу-ыза да бар, бірақ, кек жоқ қой?!

Тарихтың ұзына бойына қыдырта көз шалыңыз, Қалмақ қырғыны («Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама») – «Елім-ай!» – деген зарлы әнге, Ақ патшаның наместнигі Жәңгір хан мен Исатайдың текетіресі Махамбет пен Шернияздың кекті жырлары мен Құрманғазының күйлеріне, орыстың зорлығы Мұрат пен Шортанбайлардың қасіретті өлеңдеріне, Алаштың азабы Абай мен Мағжан, Қасым мен Мұқағалилардың поэзиясына айналып кеткен!

Ғаламда түкке тұрмайтын күйкі тіршілік, күнкөріске мәз болмай, өмірдегі өзекті дүниенің бәрін өнерге айналдырған қазақтай ғажайып жұрт жоқ! Атырау­Арқа-Алатау-Алтайға дейінгі аймақты алып жатқан Алаш елін Алла сол үшін де алқап тұр ғой! Алашты, оның аяулы ұлдарын аяқтан шалғандарды Алла тезге салады! Өйткені, Ол күнделікті, уақытша, пендеуи дүниелерден гөрі, мәңгілік, баянды, тәңіри құбылыстарды жақсы көреді.

 

Нұрғиса Тілендиев

Бүгін – ұлы Нұрғисаның туған күні! Қызыл-қырғын империяның заманында дүниеге келіп, оны бодан қазақтың ән-күйіне тәнті қылған Нұрғиса – бұл!

Қазақтың әні мен күйін анти-адамзаттық аждаһадан аман алып қалған – осы!

Тәңірі қазақ халқының қанына – нұр, жанына – жыр құйғысы келген күні Нұрғиса Тілендиевті жаратты! Бірінші сәуір біз үшін сайқымазақ күлкі күні емес. Ұлы Нұрғисаның туған күні! Ыржыңдап күлетін күн емес, – мағмұрланып шалықтап, аспанға шарықтап жүретін күн бұл!

Топырағың торқа болғай, Нұраға!

Өзінің ұлттық интеллигенциясына теріс қараған елге Құдай да назар салмайды!

 

Ақселеудің құлпытасы

«Көктегі Күнге, жердегі еліме мейірім қанбады». Ақселеу.

 

Қайран шешемнің бір сөзі

Қайран шешемнің бір сөзі бүгін ойыма түсіп, ішімнен егіліп отырмын: «Ой-өрісі, түсінігі мен білігі өзіңнен төмен пенделердің маңына жолама, – деп еді, – солардың деңгейіне қалай түсіп кеткеніңді өзің де білмей қаласың! Өзіңнен биіктеу тұрған адамдардың қасында жүр; олардың жеткен биігіне жете алмауың мүмкін, бірақ, олардан төмен құлдырап кетпейсің ғой?!».

Ананың көңілі – балада, менің көңілім – далада болған екен!.. Сол алаңғасарлығым таңдайыма татыды…

 

Петр мен мешіт (Империя мен тәуелсіз ел)

«Екатерина II патшайымның Ресей қол астында болған мұсылман халықтары үшін сіңірген тағы бір айтарлықтай «еңбегі» – Осман Ибрахим деген молдаға Қасиетті Құранды аудартып, «қырғыздарға» (қазақтарға) таратуы болды. Дінтанушылардың пікірінше, Құран мәтіні көп өзгеріске түскен. Ол кітап 1789-1798 жж. арасында 5 рет басылды» (фб) – деп жазды біреулер кекесінге толы ащы мысқылмен. Соған тағы біреулер ол Құранды қасақана теріс аударып, мұсылмандарды өздерінен кемсітті дегендей пікір қосып жатыр.

Меніңше, бұл – тарихи факт. Екатерина ІІ-нің І Петрден гөрі өрелі болғанын көрсетеді. Бұ жерде астарлы басқа түк те жоқ. Қасиетті кітапты дәл бүгінгідей көркем тәржімалай алмаса, сол заманның деңгейі сондай болған шығар.

Петр не істемеді? Бір сапарында ол Кама өзенінің жанынан өтіп бара жатқанда, құлшылық үйін көріп қалады. Христиандық әдетімен саусағын маңдайына көтеріп, шоқына бергенде, жанындағылары мұның мұсылман мешіті екенін айтады… Бұлқан-талқан ашуланған патша, әлгі ғимаратты қиратпақ болады! Жергілікті татарлар алдап-сулап, райынан әзер қайтарыпты. Бұл мешітті қазақ ханзадасы Ораз-Мұхаммед салдырған екен.

Қазақ орыстың бір шіркеуін бұзыпты дегенді естіген кім бар? Жоқ, әрине. Бұл – тарихи факт. Қара шекпенділер қазақ Сахарасына шұбыра көшіп келгенде бізден әлдеқайда аз һәм қауқарсыз, аш-арық ел еді. Жергілікті жұрт соларға зорлық жасады, не қорлық көрсетті деген бір оқиға бар ма? Жоқ!

Отарлық, зорлық-зомбылық заманы көзден бір ұшып, Қазақстанның тәуелсіз Республика болғанына биыл, міне, 24 жыл. Санасында саңылауы бар бірен-сараны болмаса, осылар, ел иесі, жер иесі еді ғой деп, әлі іші-бауырымызға кірмей жатыр. Неге? Әлде, бұлар баяғы империя қайта айналып келе ме деп, әлденені күтіп жүр ме?!

Ол заман енді жоқ! Қазақ Елінің заманы басталды! «Еңкейгенге – еңкей, – ол – біреудің құлы емес, шалқайғанға – шалқай, – ол Құдайдың құлы емес!» – дейтін Мәңгілік Елдің заманы келіп тұр!

 

Булгаков пен Бұлғақовтар

ФБ-да әдебиет туралы бір әңгіме басталып еді, «Мастер и Маргаританың» авторы Булгаковтың аты тілге тиек болған. «– Оны кім білмейді?!» – деп, жұлқынып біреу шыға келді! Булгаковты – Бұлғақов! – (әкелі-балалы айтыскерлер) деп жатыр әлгі «әдебиетші»!

Сөйтіп, классикалық әдебиеттің мәселесі «айтысқа» айналып кетті…

Булгаков пен Бұлғақовты айыра алмай отырған қазақ оқырманына не айтуға болады? ФБ-дағы орыс пен қазақтың деңгейі осыдан-ақ көрініп тұр!

 

Отан

«…Теңіз шетінде қырдан домалап түскен нар тастар жатады. Теңіз толқыса – су ішінде, қайтса – құрлықта қалады. Ол тастың екі Отаны бар, бірақ, екеуі де оны мойындамайды…» (Оралхан Бөкей).

Қазақстандағы қазақ еместер секілді екен!

 

Адамзат

Жаратылыстың бәрі – ғажап! Бірақ, соның ішінде Алланың нұрына шомылған адамзат еді, бірақ, кейіннен ол да махаббат, ғаділет сезімнен (Абай)  гөрі қу дүниені жақсы көріп кетті…

 

Үш бесік

«Қазақ қандай данышпан халық! Талбесіктен – жербесікке дейінгінің бәрін мақал-мәтеліне түйіп қойған! Кеше қазақ-түрік лицейінің Наурыз тойында мен осы екі бесікке Арбесігі деген ұғымды қостым. Талбесікте тербеліп өсеміз. Арбесігінде тәрбие мен білім аламыз! Жербесігіне мәңгілік жайғасамыз…» деп жазды менің талантты бауырым Нұртөре Жүсіп.

Адам баласында үш бесік болады екен, Талбесік – Арбесік – Жербесік! Талбесікте – Сәби – Періште, – ата-ананың алдында; Арбесікте – Пенде – Азамат – Халқының алдында; Жербесікте – Марқұм – Аруақ – Алланың алдында тұрады! Ойландыратын сөз!

Меніңше, Арбесікті «Елбесік» десе, қатып кетер еді. Арбесік – Елбесік! Елбесіктен адам баласы ар-ожданын жалғанның жарығына кірлетпей алып шыға ма, шықпай ма?!

Нұртөренің Үшбесігін тілдік айналымға жедел кіргізуіміз керек!

 

Еліктеу мен солықтаудың соңы

«Өзін бодан қылған (отаршыл) елдің айтқанына көніп, айдағанымен жүрген сорлы ұлттың сорпа бетіне шығар «жақсылары» күндердің-күні өз халқының ата жауына айналады!» (М.Ганди).

 

Темірхан айтады

«Негізі шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Ақын көп болмайды ғой. Абайдың тұсында, Мағжанның, Қасымның тұсында қаншама ақындарболды. Абайдың тұсында да қора мен қопсының айналасындағы ақындар болған. Бірақ Абай бір өзі тарихта қалды. Негізі, шын ақындардан гөрі нашар ақындар көп. Оның бәрін уақыт сұрыптайды. Мәселен, Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай дегеннен кейін сен өзің тосылып қаласың. Сол сияқты уақыт бәріне төреші. (Т.Медетбек. Baq.kz. берген сұхбатынан).

 

Жазушы мен оқырман

Қазақстан Жазушылар одағында 700-дей мүше бар. Оның сыртында 7 мыңдай жазарман тағы жүр! Оқырман – жоқ! Меніңше, талантты оқырман – талантсыз жазарманнан мың есе артық!

(Жалғасы бар)

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button