Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Қоңыраттан қанаттанған ҚОНАЕВ

Мынау жарық дүниеден талай данышпан өтіп, артына өлмейтін сөз, өшпейтін із қалдырды. Сол данышпандардың қатарында өмірі мен даналығы, еліне қылған игі ісі бүгінгі заманда да, келешек дәуірде де өнеге болар Дінмұхаммед ҚОНАЕВ тұр. Қазақстанды 40 жыл басқарып, ел сүйіспеншілігіне бөленген біртуар азамат жайлы естеліктер жазылды. Десек те, алғаш еңбек жолын Балқаштың Қоңырат кенішінен бастап, қанаттанған қайраткерді балқаштықтар ерекше құрметтейді. Көңілге әңгіменің әлқиссасы қонса, көзін көргендер сол дәуірді еске алады.

Дінмұхаммед Ахметұлы Қазақстанда ғана емес, бұрынғы Одақ көлеміндегі ірі тұлғалардың бірі еді. Күрделі қызмет барысында жүздеген халықаралық дәрежедегі қайраткерлермен кездесіп, көрнекті тұлғалармен қызметтес болып, қарапайым адамдармен жиі дидарласып, күш-қайратын іргелі істерге жұмылдыра білді. Оған өзінің «Билікке көтерілдім, бірақ, халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген сөзі дәлел. Осындай халқын сүйген азаматтың өнегелі өмірі өндірістен басталып, өсіп, өркен жайды. Жақсылықты жалғастырған жарастықтың алтын көпірі болды. Қасиетті халқы біледі. Әр нәрсеге уақыт әмірші.

Дінмұхаммед Қонаев басынан кешкен ірілі-уақты оқиғалар – өзінен кейінгілерге ұлағат. Оның 1931 жылы Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі түсті металдар және алтын институтына оқуға түсуі, 1936 жылы «Жылына 90 мың тонна қара мыс өндіру үшін Қоңырат карьерінің қуатын айқындау» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғауы кездейсоқтық емес. Жас тау-кен инженеріне Қоңырат құрылысына берілген жолдама – ел басқаруға берілген жолдама еді. Бізге жеткен тарихты парақтасақ, парасат биігіне көтерілген тұлғаның тағдыры балқаштықтар үшін ыстық.

1936 жылы институтты ойдағыдай бітірген жас маман Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне жұмысқа орналасады. Басқа металлургия өнеркәсіптері сияқты салынып жатқан мыс комбинаты да екі құрылымнан тұрды: Балқаш мыс балқыту зауыты және Қоңырат кен басқармасы.

Қоңырат қазба байлығы жөнінен КСРО-да ғана емес, тіпті, әлемде теңдесі жоқ кен орны болып есептелді. Онда бұрғылау станогі машинисінен бастап, цех бастығы, бас инженер, директор болып қызмет істеді.

Кеніште жұмыс істеген алғашқы жылы жас кен инженері республикамыздың басшылықтағы құрамында КСРО Халық комиссариатының мәжілістеріне қатысты. Қонаевтың сол кездің өзінде осындай мәртебелі басқосуға шақырылуы кәсіби мамандығы мен шеберлігінің жоғарғы деңгейде болғандығын дәлелдейді.

Архив мұрағаттарына сүйенсек, 1937 жылы наурызда Қоңырат кенін тиеген алғашқы эшалон Балқаштың байыту фабрикасына жөнелтілді. Өндірілген мыстың көлемі 50 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ, 1938 жылдың мамыр айында Қоңырат кенінен алғашқы қорытпа алынды. Арада алты ай өткен соң, дәлірек айтсақ, 1938 жылы 24 қарашада металлургтер Балқаш мысын өндіріп, бүкіл әлемді таң қалдырды. Бұл жыл балқаштықтар үшін ғана емес, күллі қазақ елі үшін ерекше есте қалар жыл болды. Тіпті, тарихи жыл болды деудің де артықшылығы жоқ. Сол жылы тұңғыш балқытылған Балқаш мысы бұл күнде Мәскеу Революция мұражайында сақтаулы тұр.

Кеншілер мен металлургтер ұжымының қажырлы еңбегін үкімет лайықты бағалады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1938 жылғы 26 наурыздағы жарлығына сәйкес көптеген балқаштық мыс өндірушілер мен балқытушылар, инженер-технологтар орден-медальдармен марапатталды. Дінмұхамед Қонаев «Үздік еңбегі үшін» медалін кеудесіне жарқыратып тақты. Ол Мәскеуге барып, М.Калининмен кездесті.

Кейін Дінмұхамед Ахметұлы үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, сегіз Ленин орденін кеудесіне тақты.

1939 жылы білікті басшы Риддер кен басқармасының директоры қызметіне ауысты. 1949 жылы оның «Разработка Коунрадского месторождения медных руд» еңбегі жарыққа шықты. Еңбегінде Қоңырат, Балқаш кен орындарының ашылу тарихы, орналасқан жері, зерттеулері көрсетілген. Қайталанбас қазақтың қайраткері «Мен Орталық Қазақстанда еліміздің аса қуатты мыс өнеркәсібінің, Кенді Алтайда қорғасын-мырыш өндіріс ошағының бой көтеріп, қанат жаюына үлес қосқан алғашқылардың бірі болғанымды мақтан етемін», – деп жазды кейін естелігінде.

Халықтың көңілін тауып, шаруаны тиісті биіктерге шарықтатып отыруға үлкен білгірлік керек. Мұндай қасиет пен қабілет адамның бойына өмірден көре, үйрене жүріп қалыптасады. Елдің есінде сондай парасатымен сақталған жанның бірегейі – Дінмұхаммед Ахметұлы.

1942 жылдың сәуір айында отыз жасында Қонаев Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 1952 жылдың сәуір айында Қазақстан Ғылым академиясының толық мүшесі – академик және осы академияның президенті болып сайланды. Оның басшылығымен институттардың ғылыми қызметін жақсарту, оларды кадрлармен нығайту, Қазақстанның өндірістік күш-қуатын дамытудың кешенді проблемаларын шешуге арналған кесек-кесек қызметтер атқарылды. Бұдан кейін 1955 жылы 30 наурызда республика Жоғарғы кеңесінің сессиясында Қазақ КСР министрлер Кеңесі Төрағасы қызметіне тағайындалды. Ал, 1960 жылы бірауыздан Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы болып сайланды. Бірақ, 1962 жылдың желтоқсанында КОКП ОК басшысы Н.Хрущевпен Қазақстан жерінің бір бөлігін Өзбекстанға өткізу жөніндегі ұйғарымына келіспей, Қонаев қызметінен алынып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесін басқаруға жіберілді. Хрущев қызметінен босап, билікке Л.Брежнев келгеннен кейін 1964 жылы халықтың сүйікті ұлы Орталық Комитеттің бірінші хатшысы қызметіне қайтып оралды. 1986 жылы 16 желтоқсанда ҚКП ОК-нің пленумында зейнет жасына жетуіне байланысты Бірінші хатшы қызметінен босату туралы шешім қабылданды.

Ол ел басқарған тұста мәдениет пен парасатты, адалдықты жоғары бағалап, кісілік келбетіне көлеңке түсірмей өмірден озды. Дінмұхаммед Ахметұлы 70 жасқа толғанда бір топ ақсақалдар келіп, тілек айтыпты. Сонда олар: «Қарағым Димаш, енді қалғанын 90 жасқа келгеніңде ақылдасайық» деген екен. Өкінішке қарай, қоғам қайраткері 90 жасқа келмей, мәңгілікті бетке алды.

Халқымыздың біртуар перзенті, есімі дүние жүзіне мәшһүр болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Елу жыл ел ағасы» атанған Дінмұхамед Ахметұлының туғанына 110 жыл толуын атап өтер күн де алыс емес. Ұлы адамның тойына әзірлік қазірден бастау алып, Димаш атаның атына алғаш еңбек жолы басталған Балқаш қаласынан бір көше берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Ағасын жырына арқау еткен Ақын Тұманбай Молдағалиев:

«Бақыт даусы төгіліп кеудесінен,

Ерен-жаран болысып елдесімен.

Бара жатыр ертеңге Димаш аға,

Өлмей, өшпей ұрпақтың зердесімен» деген екен. Ұлы тұлғаны халықтың зердесінен өшірмей, бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсыну да үлкен әрі жауапты парыз демекпіз.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button