Ресми

Өнеркәсіп өрісі кеңейіп келеді

Жыл соңындағы көрсеткіштер көңіл тоғайтады. Облыс елдің жетекші өндірісті өңірі болып қала бермек. Өнеркәсіп саласы аймақ экономикасының жартысын құрап тұр. Мәселен, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 3,5 трлн. теңгеден асқан. Бұл турасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин мәлімдеді. 

Жаңғыртылған жобалар жағдайы. Спикердің сөзінше, өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 4 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл дегеніміз – 6,9% өсім. Облыс – ел экспортының жалпы көлеміндегі үлес салмағы бойынша республикада көшбасшы. Өңірден өндірілген өнім әлемнің 40-тан астам еліне экспортталуда. Соңғы уақытта өңірде жаңа өнім түрлері экспортталуда. Болат сым мен арқандар, ферроқорытпалар, барит концентраттары, түрлі биокешендер, отқа төзімді материалдар – ел өндірісіне тың серпін. 

Облыстың тау-кен металлургиялық бағытының басымдығын ескерсек, машина жасауда тау-кен-шахта жабдықтарына қызмет көрсету ерекше дамыған. Бүгінде өңірде 106-ға жуық машина жасау кәсіпорны жұмыс істейді. Оның 20-сы – ірі және орта кәсіпорындар. Ағымдағы жылы бұл ошақтар 31,9% өсіммен 163 млрд. теңгеден астам сомаға өнім өндірген көрінеді. Мұнымен бірге, бәсекеге қабілеттілікті сақтау және жаңа нарықтарға шығу үшін кәсіпорындарда өндірістік үдерістерді жаңғырту жүргізілуде. Шар клапандары, көтеру және тасымалдау жабдықтары, жарықдиодты шамдар, ауа сүзгілері секілді өнімнің жаңа түрлері өндірістік айналымда.

Huatong компаниясы қытайлық инвестормен бірлесіп, құны 13,7 млрд. теңге болатын кабельдік өнімдерді өндіру жөніндегі жобаны іске асыруға кіріспек. Бұл – келер күндердегі 258 жаңа жұмыс орны деген сөз. Жобаны іске қосу 2025 жылға жоспарланған. Саран қаласында бұрынғы РТБ зауытының базасында HOWO жүк автомобильдерін өндіру жобасын іске асыру да игі бастама. Инвестициялардың жалпы көлемі – 3 млрд. теңге. Жыл сайын 1200 бірлік арнайы техника мен арнайы көлік шығару көзделген. 180 жұмыс орны құрылады. Жобаны іске қосу 2024 жылға тиесілі.

Құрылыс қарқыны бәсеңсімейді. Облыс аумағында 200-ден астам құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді. Цемент, темірбетон металлопластика бұйымдары, раковиналар, радиаторлар, сортты прокат металл және пластик құбырлар, кірпіштер, табиғи құмдар, қиыршық тас, құрғақ құрылыс қоспалары сияқты тауарлық өлшемдер бойынша өндірістік бірлестіктер аз емес.

Тізбектей берсек, жыл қорытындысы бойынша сала өндірісінің көлемі 167,7 млрд. теңгені құрады. Индустрияландыру жылдарында 22 жоба іске қосылған. 30 млрд. теңге инвестицияланды.

Арнайы экономикалық аймақ аумағындағы «Изоплюс Орталық Азия», Теміртаудағы «Карцемент», «Seven Refractories Asia», Сарандағы «ККК Бетон», «Трубпром» «Forever Flourishing» өнімдерінің берекетін былайғы ел сезініп жүр. Аталған жобалар – өсудің жаңа серпіні, облыс экономикасын әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастыруға тың мүмкіндіктер.

Жеңіл өнеркәсіп бағытындағы соны ізденістер көп жайды алға тартады. Бұл бағытта еркін экономикалық аймақтар, несиелеу, оқытуға квоталар мен гранттар, мемлекеттік инвестициялар сынды кешенді отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдаудың бірқатар шаралары іске асырылуда. Облыс аумағында 50-ге жуық жеңіл өнеркәсіп орындары жұмыс істейді, олардың 95%-ы – шағын кәсіпорындар. 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында олар 2,4% өсіммен 6 млрд. теңгеге өнім өндірді.

Саланың негізгі үш бағыты – жалпы көлемнің 75,4% үлесі бар киім өндірісі. Кәсіпорындар жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтуда. Жыл басында «Temirtau associates and ancillaries» Теміртау тігін фабрикасы Ақтау кентінде 28 жұмыс орны ашылған жаңа цехты іске қосты. Өңірде тоқтап тұрған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары да жалғасуда. Мәселен, 2017 жылдан бастап Абай тігін фабрикасының өнеркәсіптік кешенін қалпына келтіру бойынша инвестициялық жобаны іске асыру басталды. Бүгінгі таңда онда жұмыс киімдері мен төсек-орын жабдықтарының кең ассортиментін шығару жолға қойылған. Сондай-ақ, зауытта өз өнімдерін сататын дүкен ашылды. Келешекте фабрика жанынан жұмысшы мамандықтарына: тігінші, пішуші, слесарь-механик, конструктор-дизайнер, технолог мамандар даярлайтын жеке жоғары мамандандырылған колледж ашу жоспарлануда.

Химия және фармацевтика бағытында да оң динамика байқалады. Саланың негізгі кәсіпорындары — «Қазақмыс Смэлтинг», «АрселорМиттал Теміртау», «ТЭМК», «Линде Газ», «Эгофом». 11 ай қорытындысы бойынша сала өндірісінің көлемі 4,5% өсіммен шамамен 64 млрд. теңгені құрады. Соңғы жылдары 3 жоба іске асырылды, 62 жұмыс орнын құрумен 28,1 млрд. теңге инвестицияланды.

Саранда «Евромет» көмірінен металлургиялық коксты ілеспе ала отырып, жылу-техникалық кешен салынды, жобаның құны 45 жұмыс орнын құрумен 500 млн. теңге.

Қарағандыда 11 жұмыс орнын құра отырып, жобаның құны 155,0 млн. теңге болатын «ҚазИнМетр» газ бақылау аспаптарын баптау үшін салыстырып тексеру газ қоспаларын өндіру жолға қойылған.

Фармацевтика саласының кәсіпорындары да тұрақты жұмыс істейді. «Қарағанды фармацевтикалық кешені», «Фармация 2010» және «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» облыс өндірісінің 90% құрайды. Оның ішінде бизнесті қолдау бағдарламалары шеңберінде жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша 7 млн. астам «Спутник – V» вакцинасы шығарылды.

Инвестиция – имидж бен игілік. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жоқ емес. Тың жобаларды сүйемелдеу бойынша арнайы регламент әзірленді. «Бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысы жалғасты. Инвесторлар үшін жеке «Шоу-бөлме» ашылды. Ендігіде инвесторлармен барлық кездесулер әкімдікте емес, сол жерде өтпек. Қажет болса, «Шоу бөлмесі» іс адамдары үшін жұмыс кеңсесіне айналады.

Қорытындылай келгенде, инвестиция көлемі 595 млрд.теңгеден асты. Жалпы, жыл соңына дейін 671 млрд.теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. 2023 жылға біз 700 млрд. теңгеден төмен емес инвестицияларды қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Бұл біз үшін мүмкін болатын міндет. Бүгінгі күні, 2022-2027 жылдар кезеңінде Қарағанды облысында өнеркәсіптің түрлі салаларында 55 инвестициялық жобаны іске асыру жүзеге асырылуда, – деді Вадим Борисович.

Брифинг барысында көптің көкейінде жүрген «Қарағанды кәмпиттері» кондитерлік фабрикасының ахуалына қатысты сауал жолдаған болатынбыз. Спикер мәселенің ұзақ уақытқа созылып кеткенін жасырмады.

– Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде де «Қарағанды кәмпиттерінің» бұрынғы даңқын асыру турасында түрлі ойлар әлі де айтылып келеді. Бар мәселе заманауи технологияға келіп тірелген. Инвесторлардың тарапынан қала аумағында су жаңа ғимарат салынып, заманауи қалыптағы әлемдік стандарттарға сай келетін фабрика жұмысын бастайды деген уағда алып отырмыз. Нақты дерек пен дәйек келтіру әлі ертерек. Алайда, құйылар қаражат көлемі өте қомақты. Келесі жылдан бастап құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде. Ендігі жылы халық ондай қуанышты жаңалыққа да куә болады деген сенім білдіреміз, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button