Некені қайтадан салтанатты жағдайда тіркей алады
Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап неке қию рәсімі онлайн жүйеге ауысқан болатын. Енді қарағандылықтарға қайтадан некелерін салтанатты түрде қию мүмкіндігі туды.

Жас жұбайлар некелерін салтанатты түрде Архитектурная, 8 мекенжайында АХАЖ бөлімшесінде қия алады.
Алдағы уақытта Ержанов көшесі, 47/3 мекенжайы бойынша тағы да АХАЖ бөлімшесі ашылмақ. Әзірге ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Ресми тіркеуден өту үшін АХАЖ бөліміне өтініш беріп, тойдың күні мен уақытын таңдау керек. Жас жұбайлар мен қонақтарға ұмытылмас сәт сыйлау үшін АХАТ бөлімінде мерекелік зал ашылды. Кәсіби жүргізушілер қызмет көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлайды, – деп хабарлайды «Қарағанды облысының азаматтарына арналған үкімет» КЕАҚ баспасөз қызметі.
Салтанатты тіркеу қызметі – ақылы. Әзірге бағасы әлі белгіленбеген. Ал, мерекелік зал алу бағасы шамамен 20-30 мың теңге. Сондай-ақ, сайт арқылы тіркелуге де болады. Қабылдау залына жас жұбайлар жалдаған фотографты кіргізеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz