Жаңалықтар

Құндыздың терісі өзіне жау болды

«Түлкінің қызылдығы – өзінің соры» демекші, жарықтық құндыздың терісі басына бәле болып жабысты. Қазіргі күні бойжеткендер арасында жоғары сұранысқа ие, «сүйікті» киіміне айналған құндыз ішік аталмыш аңның тұқымын түгелге жуық тұздай етер түрі бар. Бір ішікке бірнеше құндыздың терісі сыпырылады. Интернетте жарияланған бейнежазбаны көргеніміздей аң терісін тірідей сыпырып, жанын азаптау көбейіп тұр. Қазіргі қоғам қандай да бір хайуанды немесе аңды тірідей терісін жұлып, жапа шектіру ауыр күнә саналатындығын қаперіне де алмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір сөзінде: «Алла тағала әр нәрсеге мейірімділік көрсетуді жазып қойды. Егер, өлтіретін болсаңдар, ең абзал түрде өлтіріңдер (жауыздық жасамаңдар). Мал соятын болсаңдар, ең абзал түрде сойыңдар…», – деп бұйырған.

ДЕРЕК

Құндыз – жыртқыштар сапындағы, сусар тұқымдасына жататын, терісі бағалы аң. Қазақстанның орманды, таулы аймақтарында кәдімгі құндыз және Орта Азия құндызы кездеседі. Дене тұрқы – 65-70 см, құйрығы – 41- 44 см, салмағы – 5-8 келіні құрайды. Құндыздың арқасы мен құйрығының түсі жылтыраған қара қоңыр. Бауыры ақшыл, төсі сарғыш қоңыр келеді. Саусақтарының арасы жүзу жарғақтарымен көмкерілген. Құндыз тазалыққа өте бекем жануар. Олар бір күннің ішінде тері жамылғысын бірнеше мәрте ретке келтіріп отырады. Судан шыға салып, құрғақ жерге төрт аяқтап жатады да үсті-басын тазалайды. Құндыз денесіне жабысып қалған қоқыстарды бүге-шүгесіне дейін тазалайды. Қазақстанның оңтүстік-шығысында таралған. Іле өзеніне құятын Шілік, Үсек, Құндызды сияқты тау өзендерінің сағаларын және Көксу, Қара, Тентек өзендерінің жоғарғы жағалауларын мекендейді. Көбіне шабақтармен, балықтармен қоректенеді. Сондай-ақ, құс, қоян, су тышқаны мен ұсақ кеміргіштерді ұстап жейді. Құндыз, көбіне өзеннің тік жағасынан ін қазып, сонда паналайды. Інінің аузы су астында болады. Жатағын қыста қатпайтын, балығы бар ағын су бойына салады. Жылына бір рет түлейді. Аналығы 2-4 құнай табады. Көп аулануына байланысты саны күрт азайып кеткен. Орта Азия құндызы өте сирек кездесетін аң болғандықтан, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Бұл аң Кирсанов қорықшасында арнайы қорғалып, өсіріледі. Құндыз ерте кездерде Қазақстанның өзен-көлдерінде кеңінен таралғандығына археологиялық қазбалардан табылған құндыз сүйектерінің қалдықтары және құндызға тікелей қатысты қойылған өзен атаулары да нақты дәлел бола алады. Елімізде ірілі-ұсақты 20-дан астам өзендер «құндызды» деп аталады.

«ҚҰНДЫЗ – СУДА, ҚҰЛАН – ҚЫРДА»

Елімізде «құндыз» деп атап жүрген аң орысша «бобр» сөзінің тікелей аудармасы екендігі сөзсіз. Ертеде жазылған сөздіктерде де орысша «бобр» сөзінің қазақша «құндыз» деген ұғымды білдіретіні тайға таңба басқандай нақты атап жазылған. Кейбір басылымдар «құндыз» – деп орысша «выдра» деген жыртқыш аңды атап жазып жүр. Бұл – мүлде қате пікір. «Выдра» сөзі қазақша «кәмшат» деген ұғымды білдіреді. «Құндыз қайыр» деген ұғымның кәмшатқа ешбір қатысы жоқ. Мәселен, Махмұд Қашқаридың атақты «Түркі тілдерінің сөздігі» атты еңбегінде «құндыз – су иті», ал «құндыз қайыр» – «құндыздың жыныс безінен алынатын дәрі» деген анықтамалар келтірілген. Бұл пікірлер тікелей құндызға (бобр) байланысты орынды айтылған. Өйткені, ерте кездерде құндызды «су иті» деп аталғандығын ХІ ғасырда өмір сүрген орта азиялық көрнекті ғалым Бирунидің фармокология (дәрі-дәрмек) туралы еңбегінде құндызды «су иті», оның жұпар безінен құндыз қайыр алынатындығы, оны буын ауруларын емдеу үшін пайдаланатындығы атап көрсетілген. Ертедегі араб және түрік саяхатшыларының жолжазба күнделіктерінде құндызды «су мысығы» деп те атаған. XVII ғасырда түрік жиһанкезі Э.Челеби Дон өзенінің өңіріне жасаған саяхаты кезінде «етті жануар – су мысығын» көптеп көргендігін және оны жергілікті тұрғындар «кунтуш» деп атайтындығын тілге тиек етеді. Көрнекті орыс ғалымы Г.Потанин 1864 жылдары Зайсан көліне жасаған арнайы саяхаты туралы еңбегінде Қаба өзенінен құндыздың көптеп ауланатынын және олардан «құндыз қайыр» алынатындығын жаза келіп «құндыз», «құндыз қайыр» деген сөздерді жергілікті тұрғындар тілінде қағазға түсірген. Құндызды дүниежүзінің көптеген халықтары, яғни, Солтүстік Америка үндістері «орманның кіші адамдары», кейде «сөйлейтін бауырларымыз» деп атаса, норвегиялықтар «әрі сергек, әрі сезімтал жан иесі» дейді. Ресейдің солтүстігінде тұратын манси халқы құндызды «су асты Құдайы» деп дәріптесе, ал, құндыз таралған аумақтарды «киелі жер» деп санайды. Құндызды «киелі», «қасиетті» деп есептеу қазақ халқының әдет-ғұрпында да сақталған, осыған орай, «құндызды аулама, аққуды атпа» деген тыйым сөздер айтылады. Тіпті, аңыз-әңгімелерде «құндыздың қыз ұзатуы» туралы естігеніміз бар. Бұл аңызда құндыздардың топтанып тіршілік ететіндігі және ұрпақтары жұп құру үшін жаңа жерлерге қоныс аударатындығы және сол мезгілде әлсіз «сыңсудай» дыбыс шығаратындығы да құндыздар тіршілігіне ұқсайтындығын аңғаруға болады. Құндыз жайлы теңеу сөздер де тілімізде көптеп кездеседі. Мәселен, «Шашың жібек құндыздай» (Ж.Жабаев), «Қолаң шашы құндыздай» (И.Байзақов), «Құндыздай құлпырған қара жүні» (С.Торайғыров), «Бәт құндыз, қара түлкі, түрлі жарғақ, Ілдіріп айқыш-ұйқыш сәнге қойған» (С.Сейфуллин) деген ақындардың жыр жолдарында кездессе, дана халқымыз «Құндыз – суда, құлан – қырда» деп ой түйеді.

 ҚҰНДЫЗДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

 Бүгінде құндыз ішікті жан көрсем жақтырмайтынды шығардым. Желіде жарияланған бейнежазбаны көргеннен кейінгі ойым. Құндыздың шырылдаған дауысы құлағымда, домалап-домалап түскен көз жасы, көз алдыма елестейді. Аяушылықты білмейтін екі аяқты айуандар құндызды өмір мен өлім арасында арпалысқан шалажансар күйінде қоқысқа лақтырып жатыр. Жан ұшыра шыңғырып шыр айналып түскен құндыздар жер үстінде аяқтарын сереңдетіп аяушылық күтеді. Балаша жылайды. Жанына араша сұрайды. Бірақ, оларға назар аударып, сәл де болсын мейірім танытқан жан жоқ. Құндызды қырып, терісін сыпырушылардың сөзінше, аңның терісін тірідей сыпырып алмаса ол тонға жарамсыз болып шығады екен. Сол үшін де тірідей терісін сыпырып жатыр. Ал, енді ойлаңыз бір ішікке неше құндыздың терісі кетті деп…

Олай болса құндыз ішік киген ханшайымдар қанша аңның тірідей көз жасына қалғандарын ойлады ма екен? Мәселен, көп шет елдерде тон киген адамдарды коршаған орта көпшілігі жақтырмайтындығы белгілі. Тіптен, кейбір шетелдерде ішік кимеуге және терісі бағалы аңды өлтіруге заң қабылдануда. Осындай заңдар бізге де ертерек келсе жақсы болар еді. Бүгінде қыз-келіншектер үшін «ең құнды» немесе «ең сәнді» киімдердің қатарынан құндыз ішікті айрықша атап өтуге болады. Ол алдымен қаһарлы қыста суыққа төзімді сырт киім. Одан кейін сән әлемінде ойып тұрып орын алады. Бағасы әжептәуір қымбат. Әдемі ішік сұлулардың көркіне көрік қосып, ажарландыра түседі. Бірақ, мұның барлығы да құндыздың көз жасының қасында түкке тұрмайтын дүниелер екендігін түсіне алмай жүрміз ғой…

ТҮЙІН

Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм өзінің бір сөзінде: «Тері иленсе, тазарады», – деген. Демек, еті желінбейтін хайуанның терісі иленіп, белгілі өндеуден өткеннен соң таза күйге енеді деген сөз (доңыз терісінен басқа). Басқа бір хадисте, кішкентай шымшықты ермекке өлтірген адамнан қиямет күні оның ақысын алып беретіндігіне ишара етіледі. Кез-келген нәрсенің шегі бар. Терісі үшін құрбан болған аңның да өтеуі болар. Сіз бұған не дейсіз, оқырман?…

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button