Жаңалықтар

Өндірістегі экологиялық серпіліс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында экология мәселесіне айрықша тоқталып: «Өнеркәсіптік кәсіпорындар қоршаған ортаға келтіретін зиянды барынша азайтуы тиіс. Экология­лық талаптарды күшейтіп қана қоймай, жаңа, тиімді технологияларды кеңінен енгізу қажет», – деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы өндіріс пен ғылымды ұштастыра отырып, нақты жобалар арқылы жүзеге асып келеді. Соның бір айқын дәлелі – облыста қолға алынған газтазарту жабдықтарын өндіру жобасы.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл бастама – өңіраралық әріптестіктің, ғылым мен өндірістің нәтижелі ықпалдастығының нақты көрінісі. Жобаның инжинирингтік орталығы Ақтөбе қаласында орналасса, негізгі өндірістік база Қарағандыда шоғыр­ланған. Технологиялық шешімді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ғалымдары әзірлеген. Ал, жабдықтарды құрастырумен «КазЭнергоМашЭкология» ЖШС айналысуда. Жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, технологияны коммерцияландыруға арналған грантты Ғылым қоры бөлген.

Әзірлеме өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп үлгерді. Өнеркәсіптік нысандардың бірінде енгізілгеннен кейін шығарындылар құрамындағы шаң мен зиянды заттардың мөлшері шамамен 40 есеге дейін азайған. Бұл қоршаған ортаға түсетін салмақты айтарлықтай төмендетіп, кәсіп­орындардың экологиялық талаптарға сәйкестігін арттыруға мүмкіндік береді.

«КазЭнергоМашЭкология» ЖШС директоры Юрий Мягков­тың айтуынша, басты мақсат – өндірістік шығарындыларды қауіпсіз деңгейге дейін жеткізу.

– Біз өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған газтазарту жүйелерін әзірлейміз. Негізгі жабдық – жеңді сүзгілер. Көмір жанған кезде атмосфераға таралатын күл мен зиянды бөлшектерді толық ұстап қалу – басты міндетіміз. Сонымен қатар, күкірт қосылыстары мен NO₂ секілді зиянды газдарды да тазартамыз, – дейді ол.
Өндірістің Қарағандыда ор­наласуы да кездейсоқ емес. Өңірдің өндірістік әлеуеті жоғары, білікті мамандар жеткілікті әрі логистикалық тұрғыдан тиімді. Кәсіпорында негізінен жергілікті кадрлар еңбек етеді, өндірісте отандық материалдар кеңінен пайдаланылады. Заманауи өндірістік база лазерлік кесу станоктары мен 3D технологияларымен жабдықталған.
Ғылыми қауымдастық өкілдері бұл жобаның экономикалық тиімділігін де ерекше атап өтеді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Металлургия және тау-кен ісі кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Бағдагүл Уахитованың айтуынша, ұсынылған шешім сүзгілердің қызмет ету мерзімін ұзартып, сығылған ауаның шығынын азайтады. Соның нәтижесінде өнімнің өзіндік құны төмендейді.
– Бұл – ғылым мен өндірістің нақты синергиясы. Ең маңыздысы – отандық технологияның қалыптасуы. Мұндай жобалар импортқа тәуелділікті азайтып, еліміздің өндірістік әлеуетін арттырады, – дейді ғалым.

Бүгінде аталған технология Қазақстандағы бірқатар ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында кезең-кезеңімен енгізілуде. Ол металлургия, энергетика және басқа да салаларда кеңінен қолданылып, өндірістің экология­лық қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Әлбетте, индустриясы қар­қынды дамыған, ірі кәсіпорындар шоғырланған Қарағанды облысы үшін қоршаған ортаны қорғау мәселесі әрдайым өзекті. Өңірдегі өндірістік нысандардың экологиялық жүктемесін азайту, зиянды шығарындыларды төмендету – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Осы тұрғыда заманауи табиғат қорғау технологияларын енгізу ерекше маңызға ие.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button