Жаңалықтар

Нұрмұхаммед әулие

Сайын дала, сары бел… Бала ке­зім­де осынау сары белдердің шегі жоқтай көрінетін. Көкжиегіне қарасаң көз талатын ұлы дала бар құпиясын ішіне бүгіп, манаурап жатушы еді. Қой жайып жүріп жапан далада ақжемделген балбал тастардың сұлбасын талай көрдік. Аса мән бермейтінбіз. Дегенмен де, бала көңіліміз осынау беймәлім белгілерден бір тылсымның ізін көргендей күй кешетініміз жасырын емес. Аттан түсіп балбал тасты қолымызбен сипалап, мағынасыз ойдың құшағында меңіреу табиғатпен талай мәрте бетпе-бет келіп едік.

Содан бері қанша заман өтті. Дін оралды. Қазақы салтымызды, дәс­тү­рімізді түгендей бастадық. Ата-баба рухына құран бағыштап, ас беруге мүм­кіншілік алдық. Әлі есімде, ел Тәуел­сіздігінің алғашқы жазында Жаңаарқада есте қаларлықтай бір оқиға болды. Заманында аса қадірлі болған, әулие баба Нұрмұхаммед Бекетауұлының аруағына бағышталып, Жаңаарқаның Ақтайлақ елді мекенінде Совет үкіметі құласымен мұсылман жолы, қазақы дәстүрмен ең алғаш үлкен ас беріліп, құран оқытылды. Алғашқы ас деп айтып отырғаным, Жаңаарқа көлемінде бұған дейін (Совет заманында) мұндай үлкен ас өткізілмеген еді. Әрине бұл ас Арғын Алтайдан шығып, Болат ханның елшісі ретінде Аспан асты (Қытай) еліне елші болып барған әйгілі Ақтайлақ биге, оның тікелей ұрпағы Нұрмұхаммед әулиенің рухына арналып берілген болатын. Ел ішінде есімін атаудың өзіне именіп Сопекең атанып кеткен Бекетауұлы Нұр­мұхаммед әулие кім еді?!

Белгілі Жаңаарқалық жазушы Асан Жұмаділдиннің 2003 жылы жарық көрген «Жаңаарқа» дерекнамалық кітабымен, 2009 жылы жарық көрген «Жаңаарқа» энциклопедиясында Бекетауұлы Нұр­мұхаммед сопы туралы үш-ақ ауыз сөйлем жазылған: «Бекетауұлы Нұр­мұхаммед сопы (1835-ХХғ.басы) – Жаңаарқа жерінде туып-өскен. Ескіше көп оқыған, діни сауаты мол, әулие адам болған. Зираты Жаңаарқа ауданы Ақтайлақ елді мекеніне таяу, Сарысу өзенінің жағасында.» Бұл деректің өзі сол Асан ағамыздың жазбасы негізінде берілгені көрініп тұр.

Ертеректе ХХ ғасырдың 60-70 жылдары үлкендер бар кезде Нұр­мұхаммед сопы туралы ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелер көп айтылатын. Бі­рақ үй ішінде, шағын отырыстарда ай­тылғанымен Сопекең туралы сол кездегі баспасөз орындары ләм деп жақ ашқан жоқ. Заман солай болатын. Ол үшін ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Бала кезімізде үлкендерден естіген әңгімелер желісі ол кісінің тоғыз жыл Бұхарада діни оқу оқып келгенді, (кейбір ауыз екі деректерде Меккеде оқып келген деп те айтылады) өте діндар әулие, емші болғандығын айтады. Сондай-ақ, жын ауруына (психикалық) шалдыққандарды, бала көтере алмай жүрген (бедеулік) әйел адамдарды дұғаның күшімен емдейтін болған. Бір ғажабы әр түрлі дертпен келген сырқат жандардың барлығы Сопекеңнің емінен кейін құлантаза айығып кетіп отырған. Сондықтан да, бұл кісі өзінің осындай ғажайып қасиетімен халық арасында өте даңқты, беделді болған. Нұрмұхаммед сопы қайтыс болғаннан кейінде оған тәу етушілердің қарасы үзілмеген. Әлі күнге дейін Сопекең басына зиярат етушілер қазақтың әр қиырынан іздеп келіп жа­тады.

Нұрмұхаммед әулиенің зираты Жаңа­арқа елді мекеніне таяу Ақтай­лақ ауылындағы Сарысу өзенінің жа­ғалауында орналасқан. Білетіндер әуелде күмбез сипатында бой көтерген мазар кірпіштерін 37-нің ойранында шолақ белсенділер бұзып мал қора салуға пайдаланған деседі. Мазарды бұзған адамдардың ертеңінде бейіт басында өліп жатқанын көргендерде бар екен. Қалай дегенмен де әулие адамдардың өмірінде аңыз бен мистика қатар жүретіні белгілі ғой. Саманнан өрілген зират қалдығы үйінді болып қалған. Өткен ғасырдың елуінші жыл­дары Әулие ұрпақтары цементтен төрт құлақты зират салып басына құл­пытас қойған екен, бүгінде оның бір қабырғасы опырылып, құлап жатыр. Сопекең зираты осындай мүшкіл халде болғанына қарамастан оған зиярат етушілер әліде болса бар. Дегенмен де, уақыт өтіп, заман озған сайын өскелең ұрпақтың Сопекең жайлы, оның ғажайып қасиеті туралы түсініктері де азая берері заңдылық.

Осындайда Елбасымыз Н.Назар­баев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мына сөздері еріксіз ойға оралады: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Төр­тіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жал­пыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. …Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық бел­деуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіз­дерінің басты элементтерінің бірі. Сон­дықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.»

Қазақ даласында қасиетті жерлер көп. Сондай киелі орындардың бірі Жаңаарқа ауданы Ақтайлақ ауылының тереториясында орналасқан Бекетауұлы Нұрмұхаммед сопының зираты. Кезінде халықтың көп келетін киелі жері бол­ған Сопекең зиратын мемлекеттік қам­қорлыққа алатын уақыт келді деп ойлаймыз. Ғасырдан астам халықтың жүрегінен орын алған Нұрмұхаммед әулие жатқан жерді гүлдендіріп, қалпына келтіру, мемлекеттік қамқорлыққа алу, ұрпақ алдындағы адами борышымыз болмақ.

Қойлыбай Асанұлы,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі,

ҚР мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button