Бас тақырыпБасты тақырып

«Нұр жауып тұрған көктемде…»

«Нұр жауып тұрған көктемде, гүл тере барсаң бөктерге…» демей ме Мұқағали? Осы бір ауыз сөзге сыйып тұр бәрі. Ақырап пен қарашаның қатқағына ұрынып, алты ай қыс қар астында қалып көрмеген қалалықтар түсіне бермейтін не ғаламаттың бәрі осы екі жолда жатыр. Бөктерге гүл теріп шықпаған қоғам түсіне бермейтін көңілдің хошы, өмірдің десі де төбе көрсетіп тұрған жоқ па? Алты ай қыс ауыл-аймақтан ұзап шыға қоймаған Алаш баласы үшін ай-хой бір азаттықтың лебі де есетінін қайтерсің?! Қазақ үшін наурыз қайта туудың немесе жаңарудың айы. Әлгінде ақын айтқандай «нұр жауып тұрған» Арқаның көктеміне жететін не бар, тәйірі?

Дүние жаңарып сала бергенде, аспан көзайымға айналады. Базарлап, түстіктен қиқулап құс келеді, жерден көк шығып, қорадан төл өреді. Аспаннан күн жамырайды жер-анаға. Алты ай қыс үзілуге айналған, мүмкін өліп те қалған әлдебір сезімдер, онымен қоса үміт-дүние қайта басталады. Жер бетіндегі жан баласын жермен жексен етіп жібермей ұстап тұрған адамзаттың ұлы үміті. «Үміт жібі үзілсе үгілер ең, ғұмырыңның батпандай жүгіменен» (Ғ.Жайлыбай) дейтіні сондықтан ақынның. Алашының азаттығы үшін шыққыр жаны көзіне көрініп, өлуге айналса да, «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деген Әлихан Бөкейханның ақтық үміті еске түседі осындайда. Тәуелсіз Қазақстан қарсы алғалы тұрған отызыншы жаңа жылының алдында басқа қандай ой иектеуі мүмкін Алаш баласын?! «Нұр жауып тұрған көктемде, гүл тере шықсақ бөктерге» кешегі Алаш арыстары негізін қалап, Тәшеневтер түгендеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған тәуелсіздік заманының тұлғалары аяққа тұрғызған айналайын азаттықтың, егемендіктің арқасы емей не?! Әуелі Алланың қалауы, әрине.

Биылғы жаңа жылдың осындай ерекшелігі бар. Ел егемендігінің отыз жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғандығы. Тәуелсіздік алғалы Қазақ ұлысы ұлыстың ұлы күні – жаңа жылды отызыншы мәрте қарсы алғалы тұр. Бұрынғы Жошы ұлысының жұртындағы айбынды Алтын Орданың мирасқоры Қазақ ұлысы қазір де ұлыстың ұлы күнін тойлайды. «Ұлыс оң болсын!» деген тілектің алды біз үшін. Ел аман, мемлекет іргесі бүтін, ондағы ұрпақ түзу болсын дегені. Кейбір дерекшілер «ұлыс емес, ұлы іс» деп жүр. Оған да келістік. Ұлт пен мемлекет ісінен өткен қандай ұлы іс болуы мүмкін?!

Түріктер «дәвләт» дейді мемлекетті. Басыңда тәуелсіз мемлекетің тұрса, одан асқан дәулет бар ма? Тағы да Жошының әкесі ұлы Шыңғыс хан түседі еске. «Ұлы істі үндемей тындырар болар» депті Қаған. Ұлы іс тындырып, тамам Түрік жұртының бақ-жұлдызына айналған ұлы хан құрған ұлыстың оты суыған жоқ. Сосын бүгін біз айтып жүргендей, ұлт пен ұлыс емес, ұлыс пен ұлт болса керек-ті. Өйткені, ұлыстың құрамында бірнеше ұлт болатынын дәлелдеп тұрып жазғанын оқығаным бар бір ғұлама.

Ұлы Далаға табиғи негізде, шын мәнінде келетін жаңа жылға бұдан былай ұлттық мейрам, тіпті, көне жәдігер ретінде қараудың керегі жоқ меніңше. Жер бетіне жаңа жыл осы уақытта туатыны табиғи жағдай ғой. Табиғат заңдылығынан тыс өмір сүрем дегендер өздері білсін. Түркі жұртының төл мейрамы немесе қазақтың ұлттық мейрамы деп өзімізге меншіктеп қоюға бола ма? Ұлттық сипатынан айыру керек деп отырған жоқпын мен бұл жерде. Күн мен түн теңелетін шын мәніндегі жаңа жылды шапан-шақпұт пен тұрмыстық ғұрыптармен көмкеріп, көне құндылыққа айналдырып қойған өзіміз. Сондай көзқарас қалыптастырдық. Қалада өскен қазақтың бір баласы киіз үйді көргенде «Наурызды қара» деп қойып қалыпты. Ол баланың жазығы жоқ, санасына солай сыналаған біздің кінәміз. Сондықтан бұдан былай 22-наурыздан басталатын жаңа жыл бұқаралық сипат алуы тиіс. Оның бастамасы осыдан екіүш жыл бұрын көтеріліп, биылдан қолға алына бастады. Осыған байланысты көрісу күнінен бастап (14-наурыз) 22-наурыз – Ұлыстың Ұлы күніне дейінгі атаулы күндердің тұжырымдамасы жасалды. Мәселен бүгін «Зияткерлік күні» болса, ертең «Ұлттық тағамдар күні», жаңа жыл келетін 22-сі – Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні барша Қазақстан халқы төс қағыстырып, бір-бірін жаңа жылымен құттықтап, ақ тілектер айтылады. Қазақ қашанда ниетімен көгерген ел. Бұл күндері көктен Күн мейірленсе, жерден адамзат баласы ізгі ниеттерін жаудырады. Әлемнің жаңаруына адамзаттың ақ тілеуі қосылғанда, нұр үстіне нұр сонда болады. «Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды» деп әрі қарай Наурыз тойының ерекшеліктерін тізе берсе, таусыла ма?! «Нұр жауып тұрған көктемге» бір іліккен соң, ақ тілектен артық не бар? Алаш аман, ел іргесі бүтін, жыл құтты болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button