Бас тақырып

Монополия – мән берерлік мәселе

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Қымбат Бейсенов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында осылай деді.

Бүгінде салалық департамент 104 табиғи монополия субъектілерінің қызметін қалтқысыз бақылайды. Бастысы, белгіленген өкілетіне сәйкес, департамент жыл сайын тиісті кәсіпорындардың тарифтік сметаларының нақты орындалуына тексеру амалдарын іске асырады. Ал, бұл – коммуналдық қызметтер бөлігінде инфляциялық процестерді тежеу жөніндегі маңызды тетіктердің бірі.

Осы жылдың 11 айында департамент 2022 жылғы тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді қарау нәтижелері бойынша жалпы сомасы 646,2 млн. теңгеге 33 табиғи монополиялар субъектісіне уақытша өтемдік тарифін енгізген.

Сондай-ақ, жоспардан тыс 11 тексеру амалы жүргізіліп, оның сегізі тексеру қорытындысы негізінде «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының бұзылуына жол берген. Нәтижесінде 27 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 37 764 100 теңге көлемінде бес қаулы мен 22 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

– Атап көрсетер болсақ, монополия өкілдерінің кейбір кезде тарифті жосықсыз көтеруімен қатар, мойнына алған қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы себеп болған. Мемлекеттік сатып алу үдерісінде де бірқатар кемшілік бар. Бар болғаны біз «мынауыңыз жөн екен, мынауыңыз кем екен» қағидаты бойынша ескерту амалы мен тиісті жерінде қатаң шара қолдануға да тура келеді, – деді спикер.

Осы арада нақтылай кеткен ләзім, монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау мақсатында салалық департамент қызметкерлері, халықпен кері байланыс орнату үшін қоғамдық қабылдаулар легін өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне де тоғыз баспасөз турын өткізген.

«Инвестицияға айырбас тарифі» атты бағдарлама электр энергиясын өндіруді дамытуға ғана емес, барлық коммуналдық қызметтерді тарифті қалыптастырудағы жаңа тәсілдер негізінде тұтынушы мүддесін қамтамасыз етудің басты постулаты – негізделген бағамен сапалы қызмет көрсетуді көздейді. Бағдарлама міндеті меншікті қаражат немесе бюджеттік қаржыландыру есебінен қосымша инвестиция жолымен 2029 жылға қарай желі мен жабдық тозуын кемінде 15%-ға төмендету.

Журналистердің «Негізінде бұл жүйе айналып келгенде қарапайым халықтың есебінен жүзеге асады ғой» деген уәжіне спикер «Иә, өйткені монополист кәсіпорындардың тұтынушылардан өзге табыс көзі жоқтығына» назар аударды.

Қазірдің өзінде тарифті кезең-кезеңімен өсіруге 17 өтінім қабылданды. Оңдау жұмыстарын ұлғайту желі мен арнаулы жабдықтың тозуын барынша төмендету мақсатында жалпы сомасы 19 млрд. 380 млн. теңге, оның ішінде, тариф есебінен 15 млрд. 874 млн. теңге, бюджет есебінен 3 млрд. теңге бөлінді. Әлбетте, жосықсыз тариф текетіресін тудырмау үшін бұл бағдарламаның тиімділігіне сөз жоқ. Бастысы – көрсетілген көрсеткіштер легін ойдағыдай орындап, діттеген межеге табан тіреу. Өйткені, желілердің тозуы ертеңгі күні айтып келмес апатқа ұласуы ықтимал, – деп түйіндеді сөзін Қымбат Серікұлы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button