Облыс әкімдігінде

Моноқалалардың “жаңа өмірі” басталады

Қазақстанда экономиканы дамытуға едәуір үлес қосып отырған 89 моноқала болса, оның 27-і – Қарағанды облысында. Облыс халқының жартысына жуығы да осы моноқалаларда тұрады. Бірақ, қалақұраушы кәсіпорындар орналасқан бұл жерлерде бүгінге дейін түйткілді әрі шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелер бар екені айтпаса да түсінікті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ. Соның салдарынан мемлекеттік қолдау шаралары тиімсіз атқарылуда» деген болатын моноқалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде. Тіпті, Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып, моноқалаларға тиісті талдау жасауды да тапсырды. Кеше аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен кезекті аппарат жиналысында облыстағы моноқалалардың жайы қаралды.

КӘСІПОРЫНДАР ЖАППАЙ ТЕКСЕРІЛЕДІ

Алдымен онлайн режимінде өткен аппарат кеңесіне қатысушылар «Абай» шахтасында қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Апаттың мән-жайы толық анықталғанға дейін шахтадағы жұмыстар тоқтатылып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның сегіз шахтасында тексеру жүргізілуде. Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек қалалар мен аудандар әкімдеріне облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігіне қатысты жаппай тексеру жүргізуді тапсырды. Мәселеге барынша жауапты қарап, немқұрайдылыққа жол бермеу керектігін қадап айтты. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында.

– Облыс әкімдігінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Кеше біз марқұмдардың отбасыларына бардық. Осы қиын-қыстау күндерде облыстың барлық тұрғындары қайғы-қасіретті бірге бөліседі, – деді Жеңіс Қасымбек.

МОНОҚАЛАЛАР ЕНДІ ҚАРЖЫДАН ҚАҒЫЛМАЙДЫ

– Минералды шикізат қорларының азаюы, шикізатқа толық тәуелділік моноқала тұрғындарының ертеңіне деген сенімсіздікті тудырады әрі миграцияға әкеледі. Бұдан басқа, инженерлік инфрақұрылымның тозуы тағы бар. Басты міндет – осы қалалардың экономикасын әртараптандыру оны неғұрлым тұрақты ету, сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамытуға назар аудару керек, – деген Жеңіс Махмұдұлы Саран қаласын мысалға келтірді.

Бұл жерде индустриалды аймақтың құрылуы өңірге инвестор тартуға жақсы мүмкіндік ашты. Оның жемісі – бір жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Yutong» автобустарын шығаратын автомобиль зауыты. Кешікпей автокөлік шиналары да өзімізден шығатын болады. Ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, зауыт құрылысы басталып та кеткен. Тізім мұнымен шектелмейді. Са­ранда болашақта кірпіштен бастап құрылысқа арналған түрлі тауарлар өндірілетін болса, ол да индустриалдық аймақ ашылғаннан кейінгі түскен ұсыныстар. Бұл, әлбетте, осы жердің халқының әлеуметтік ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындар санының артуына ықпал етеді. Одан бөлек, бұрынғымен салыстырғанда үш есе өнімділікпен жұмыс жасайтын Жәйрем кен байыту комбинатының іске қосылуы да шағын моноқала қатарына енген Қаражал қаласының 100 жылға дейінгі даму болашағын айқындайды. «Дәл осындай даму жоспары әр моноқала бойынша дайындалуы керек», – деді Жеңіс Қасымбек. Енді осы аптадан бастап аудан және қала әкімдері 2022 жылға арналған бюджет жобасын дайындап, моноқалалардың экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті, балама өндірісті дамыту бойынша құзырлы органға жан-жақты баяндайды әрі қажет болса, тиісті ұсыныспен де шыға алады. Моноқалалар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін әртараптандыру бойынша бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Әр кәсіпорын үшін корпоративтік ұтқырлық жоспарлары жасалып, зәкірлік жобаларды ұлғайтуға, шағын және орта бизнеске, өндірістің баламалы түрлерін дамытуға баса назар аударылады.

САПАСЫЗ ЖОЛ ДАМУДЫ ТЕЖЕЙДІ

Моноқалаларды дамыту жайлы сөз қозғалса, жол жайына тоқталмау мүмкін емес. Егер, облыс орталығының Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск тәрізді спутник қалаларына қатынау тұрғындарға қиындық тудырмаса, шалғай орналасқан Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш тұрғындары үшін түйткілді мәселе.

– Көлік қолжетімділігі – моноқалаларды дамытудың маңызды факторы. Сондықтан, жол салуға қатысты мемлекет тарапынан бірқатар тапсырмалар берілді. Бұл қалалардың әлеуетін ғана емес, туристер легін де арттырады. Мәселен, Нұр-Сұлтан-Алматы автокөлік жолын қайта құрылымдау нәтижесінде Балқашта бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе өсті. Оған қоса, Үкімет Балқаш туристік аймағын дамытуға мүдделі. Жалпы, 2025 жылға дейін қолдау тапқан бағдарлама бойынша 15 миллиард теңге салынады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, корпоративтік мобильділік жоспарларын әзірлеу маңызды екеніне тоқталды облыс басшысы. Бұл – қызметкерлерге кәсіпорындар мен корпорациялардың басқа филиалдарында жұмыс істеуге мүмкіндік беру, қайта даярлау және қосымша дағдылар алу үшін жағдай жасау.

ТИІМДІ ЖОБА – ІСТІҢ БАСЫ

– Президент моноқалалардың проблемасын шешудің пәрменді құралдарының бірі ретінде әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын атап өтті. Мысал келтірер болсақ, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында 2019-2022 жылдарға арналған осындай жоспарды іске асыру арқылы өңір тұрақты дамуда, жаңа өндірістік тауашалар, әлеуметтік инфрақұрылым игерілуде. Басқа моноқалалар үшін де осындай жоспарлар әзірлеу керек, – деп атап өтті облыс әкімі.

Жеңіс Махмұдұлы моноқалаларда шағын және орта бизнесті 5% жеңілдікпен қаржыландыру мәселесі де қажетті құрамдас бөлік екеніне тоқталды. «Бұл қала құраушы кәсіпорындарға қарамастан кәсіпкерліктің жаңа салаларын ашуға мүмкіндік береді» дей келе, аймақ басшысы кәсіпкерлік басқармасына моноқалалар әкімдерімен бірге жобалар пулын әзірлеуді тапсырды. Моноқалалардың экологиялық мәселесі де өзекті. Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларындағы бүгінге дейін шешімін таппаған мәселелер үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге 2024 жылға дейін экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі жол картасы бекітілген. Нәтижесінде, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2025 жылға қарай шығарындыларды 30%-ға төмендету бойынша 22 табиғат қорғау іс-шарасын өткізіп, Жезқазған бойынша 2025 жылға қарай шығарындыларды 51%-ға азайту жоспарда.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button