Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Қарағанды облысында жаппай егін жинау қыркүйекте басталады

Қарағандыда елорданың үлгісіне сай көгалдандыру бойынша мамандандырылған ұйым құру ұсынылды. Әрине, «Жасыл Қазақстан» атты Ұлттық жобаны жандандыру негізінде. Кейінгі уақытта қаланы көгалдандыруға қатысты жиі сын айтылған еді. Сын түзелгендіктен міннің де түзелмек айғағы. Мұны облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында қала әкімі Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ жеткізді. Сондай-ақ, отырыста күзгі жиын-терім жұмыстары пысықталды.

фото: ortalyq.kz

«Жасыл Қазақстан» жарқын болашақ үшін

– Нұр-Сұлтанда көгалдандырумен білікті мамандар айналысады: агрономдар, топырақтанушылар және т. б. Бізде де осындай ұйым ашуды ұсынамыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. Қала әкімінің айтуынша, күзде 2000-ға жуық тал егу жоспарланып отыр. Онымен қоса, өсімдік отырғызу жүргізіледі. Бұл әңгіме аппараттық жиында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрбек Серіков «Жасыл Қазақстан» атты Ұлттық жобасын іске асыру барысы жөніндегі мәлімет бергендігінен шығып отыр.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенер болсақ, биылғы көктемде мемлекеттік орман қоры аумағында 253,5 гектарға жарты миллион көшет отырғызылыпты. Күзде 181,5 га алаңға 700 мың көшет егу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар бойынша орман тәлімбақтарын құру жөнінде жобалар әзірленіп жатыр екен. Су шығынын азайту үшін ирригациялық каналдарды қайта құру да қарастырылған. Бұл дегеніміз суармалы жерлерді қайта қалпына келтіруге көмектеседі деген сөз.

Өңірді таза ұстау үшін облыста 2024–2025 жылдары алты жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарлануда. Мұнымен қоса, басқарма басшысы өз баяндамасында Ұлттық жобаның төрт бағытына да тоқталды. «Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Экология болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға арналған.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша әлі де жұмысты үдете түсуді тапсырды. Әсіресе, өңір басшысы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге жеке инвестициялар тарту қажеттігіне назар аударды.

Қамба толар күн жақын

Қазір – қысқа қамданыс науқаны. Жем-шөпті жеткілікті етіп жинау – шаруалардың басты мақсаты. Жаппай науқан күздің бірінші күнінен басталады. Ерте қимылдаған шаруалар астық, картоп және көкөніс жинауға кірісті. Жаппай астық жинау 1 қыркүйектен басталады. Мал азығын дайындау және егін орағына дайындық жұмыстары күнделікті бақылауда. Күздегі қым-қуыт тіршілік жайлы аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров мәлімдеді.

Сала басшысының айтуынша, мал азығын дайындау жұмыстары аяқталуда. Қазірдің өзінде қажетті шөп қорының 90 пайызға жуығы бар. Сонымен қатар, пішендеме дайындалды.

– Биыл дәнді дақылдарды жинау алаңы 920 мың га, майлы дақылдар – 58,4 мың га, картоп – 11 507 га және көкөністер – 1 436 га құрайды, астықтың орташа өнімділігі 8,6 ц/га деңгейінде болады деп күтілуде, барлық қажетті техника дайын, – дейді Асқар Санаубаров.

Шаруаларға тыңайтқыштардың, тұқымдардың, пестицидтердің құнын, суармалы суды жеткізу шығындарын өтеуге 4,8 млрд. теңге субсидия төленді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары Аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржылай көмек алды. Арзандатылған бағамен дизель отыны бөлінді.

Дәнді дақылдарды жаппай жинауды 1–25 қыркүйек аралығында өткізу жоспарлануда.

Картопты жинау 30 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Аймақ басшысы Жеңіс Махмұдұлы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорына картоп пен көкөністерді уақытылы жинау және келесі жылы егістікке дайындықты қадағалау бойынша тапсырма берді.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button