Өмір жолы – өнеге

  Ұлы Отан соғысында жанын аямай Отанын қорғауға қатысып, Ұлы Жеңісті жақындатқандар қатарында болған, бейбіт өмірде елу жылдай абыройлы еңбек етіп, бар ғұмырын ерен еңбекке арнаған ардагерлердің бірі, Шет ауданының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері – Серік Тұрсынбеков еді.

Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы басталғанда көптеген ауылдастары тәрізді әскерге алынып, туған жерді қорғауға аттанды. Әуелі Курск маңындағы шайқаста, одан кейін «Сталинград майданы» деген атпен жазылып қалған, Екінші дүниежүзілік соғыстың барысына бетбұрыс әкелген сұрапыл шайқасқа қатысты. Екі рет жарақат алып, госпитальда емделіп, қайыра соғысқа қатысады. Украина жеріндегі шайқастағы ауыр жарақаттан 2-топтағы мүгедек болып, елге оралады. Өмір мен өлім беттескен соғыста қазақтың қайсар ұлы, ерлік қимылдарымен көзге түсіп, жауынгерлік 2 орден, 17 медальмен марапатталады.

Майдангер ауылына келгеннен кейін, «Бәрі де майдан үшін» ұранымен қызу еңбекке араласады. Талапты жас Қарқаралы қаласындағы Зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітіріп келіп, сол кезеңде Балқаш мыс зауытына қарайтын Шет ауданының «Қарғалы» қосалқы шаруашылығында бөлімше зоотехнигі қызметін атқаруға кіріседі. 1950 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО Металлургия өнеркәсібі Министрлігінің жұмысшылар жабдықтау бас басқармасының зоотехниктер біліктілігін көтеретін алты айлық курсында оқып, білімін жетілдіреді. Көп ұзамай жігерлі жас жұмыста іскерлігімен, қабілеттілігімен көзге түсіп шаруашылықтың бас зоотехнигі қызметіне жоғарылатылып, кейіннен осы шаруашылықтың директоры қызметін бірнеше жылдар бойы абыроймен атқарды.

Бейбіт өмірдегі еңбектері ескеріліп Секең бірнеше рет Үкімет медальдарымен марапатталған. 2005 жылы Ұлы Отан соғысына 60 жыл толу мерейтойы қарсаңында Секеңе Шет ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Бірнеше мәрте ауылдық, аудандық кеңестерге депутат, аудандық партия конференцияларына делегат, аудандық халық сотына «заседатель» болып сайланған.

2006 жылы 26 тамызы күні Елбасының Қарағандыға келіп, халықпен кездескенінде Секең де Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесіп, аз-маз сұхбаттасқаннан кейін, көнекөз қарияның батасын Елбасы ыстық ықыласпен қабылдап, ризашылығын білдірді.

1987 жылы Секең өміріндегі ауыр қайғыны басынан кешті. Қырық жылдай бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен, балаларының анасы болған асыл жары Зәкария Қамиқызынан айырылды. Жазмыштан озмыш жоқ дейді ғой. Өзі ортаншы баласы Аманбек пен келіні Серікқызы Күлкеннің қолында болып, 2007 жылдың 17 тамызында 85 жасында дүниеден озды.

«Арттағыға ісің мен сөзің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең» деп Абай атамыз айтқандай Секеңнің артында ісі мен ізі қалды. Ол кісі Оразбек, Аманбек, Қайырбек есімді балаларынан он немере, сегіз шөбере көріп кетті.

Сонымен қатар, Секеңнің артына өшпестей із қалдырған өмір жолы, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Ол кісінің қадір-қасиетін, еңбегін бірге жүрген адамдар осы уақытқа дейін ұмытпай айтып жүреді. Осындай еліне еңбегі сіңген, ауданымыздың Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Серік Тұрсынбековтың атын есте қалдыру мақсатында бір көше аты берілсе абыройлы болар еді.

Мағауия САТЫБАЛДИН,

еңбек ардагері.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.