Жаңалықтар

«Өмір деген тұрмайды қап- қарадан…»

Сен бүгін тағы да бір нүктеге қадалған күйі ойланып отырсың. Жүзіңде дәл кешегідей әлдеңеге жабырқау мен мұңаюдың белгісі бар. Соңғы кездері бұрынғыдай жас балаша жадырап, шаттанып қуанғаныңды да мүлдем көрмейтін болдым. Әрдайым от шашып, күлімсіреп тұратын көздерің де бар нұрынан айырылып қалғандай көрінеді.

Ал, мен, сенің көңіліңе осыншалықты кірбің ұялатып, жаңына маза бермей жүрген нендей мұң екенін жақсы білемін…

  • Өмірімде ешқандай қызық та, қуаныш та жоқ, -дейсің.
  • Бала күнімде болмашыға мәз болып, шаттана беруші едім, ал қазір мені бақытты ететін не бар дейсің?- дегеніңді де естідім.

– Күнде көретінім сол баяғы қу тіршілік. Бүгінгі күннің кешегіден еш айырмасы жоқ,- дейсің. Бұған қарағанда, таңның атысынан кештің батысына дейінгі қым-қуыт тірліктен шаршаған тәріздісің.

-Айналамдағылардың бәрі өзімшілдер, жанымды түсінетін бір жан жоқ,- деп тағы мұңға батасың. «Әркімнің өз шаруасы бар,мені қайтсін» деп ойлайтыныңды да жақсы білемін.

Міне, сенің жаныңды жегідей жеп, алаңсыз күлкіңді ұрлап жүрген мазасыз ойлар осылар. Мұндай мұң тек сені ғана емес, жер басып жүрген жұмыр басты пенденің қай-қайсысын болмасын, әйтеуір бір мазалайтыны сөзсіз. Бәлкім, сенікі де дұрыс шығар. Себебі, өмір дейтін ұлы теңізді қайғы- мұңсыз, өкініш-уайымсыз кешу әсте, мүмкін емес. Алайда, бұл өмір сол қайғысымен, сол қиындығымен де қызықты, сонысымен де қымбат емес пе? Жамандықтың дәмін татып көрмесек, жақсылықтың, басымызға іс түспесе, бақытты сәттердің қадірін ұғынар ма едік?

«Бақытты қылатын ешбір себеп жоқ» дедің. Жо-жоқ, қателесесің. Меніңше, сенде бақытты болуға қажеттінің бәрі бар. Он екі мүшең сау, мына жарық дүниенің бар сұлулығын көре аласың, ести аласың, жүре аласың. Білесің бе, мұндай мүмкіндікке зәру жандар жер бетінде өте көп. Айта берсек, сені бақытты ететін дүниелер толып жатыр.

«Бірінен-бірі айнымайтын күндерден жалықтым. Өзгеріп жатқан ештеңе жоқ» деп едің ғой. Мен оған да қарсымын. Кешегі күннің қайталанып жатқанына керісінше, қуану керек қой. Бүгін де дәл кешегідей денің сау, бастысы –дәл кешегідей аман-есенсің. Басына қонған бақыт құсын пенде шіркін сезіне бермейді ғой. Әйтпесе, әрбір күн мейірімі шексіз Жаратушы Иеміздің бізге берген бағалы сыйы емес пе?!Өліммен арпалысып жатқан кейбір жандардың бір күн, тіпті, бір сағат болса да, өмір кешсем деп армандап жатқанын біле тұра, бұлай айтқанымыз жөн бе екен?!

«Жанымды түсініп, мені жақсы көретін бір жан жоқ» деген едің.Тағдырдың қатал заңы біздерді өзімшіл етіп жібергені рас шығар, дегенмен айналаңда сені жақсы көретін, қуанышың мен қайғыңа ортақтасатын ата-анаң, бауырларың бар. Оған қоса сені шын сүйетін, өзіңмен бірге болуды қалайтын бір жанның барына күмәнім жоқ. Ендеше, бұлай айтқаның мүлдем дұрыс емес.

Жан-жағыңа қарашы: біз үшін құстар ән салуда, гүлдер бүршік атуда, мына шұғылалы күн де бізге шуағын шашып, жылуын төгуде. Айналаңдағы адамдар да өздерінің күйбең тірліктеріне риза қалпымен ертеңгі күнге асығуда. Зымыран уақытпен жарысқан әрбір жанның өзіндік арман-мақсаты, өзіндік қуанышы мен өзі ғана түсінетін мөлдір мұңы бар. Ойлап қарашы, осылай алыс күндер мен аңсаған арманға асығып өмір сүрудің өзі бақыт емес пе?!

Қыс артынан жаз, түн артынан күн шықпаушы ма еді, сол сияқты жамандықтың да соңынан бір жақсылықтың келетіні айдан анық. Алдыңда сені талай қуанышқа толы сәттердің күтіп тұрғанына сен! Абай дана айтпақшы «үмітін үзбек- қайратсыздық». Санаңды торлаған сары уайымдардан арылып, мынау ғазиз дүниенің ғажайып сұлулығына тамсанып қарашы бір! Көзіңмен емес, көңіліңмен!

Иә, «Өмір деген тұрмайды қап- қарадан…»

Сабина Игілік

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button