Мереке мерейі – мерейлі отбасы
«Отанды сүю – отбасынан басталады» дегенді санамызға сіңіргелі қашан?! Отанға деген махаббат – отбасыңызға деген мейірім, анаңызға деген махаббат – ана тіліңізге деген құрметіңіз секілді. Ал, мерейі тасыған отбасы – әр күні мерекеге ұласқан тірлігі бар, береке мен тастүйін бірлігі бар, өзгеге үлгі болар шағын мемлекет емес пе?
Елбасымыздың қолдауымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленген еді. Мерейлі мерекеге орай, 10 тамыз күні Достық үйінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына облыстық іріктеу кезеңі өтті. Байыпты байқауда облысымыздың түкпір-түкпірінен 72 отбасы бағын сынады. Облыстық комиссия мүшелері отбасының қоғамдағы белсенділігіне, қазақы құндылықтарды дәріптеуіне, салт-дәстүрді ұстануына аса назар аударып, жеңімпаздардың тізімін шығарды.
Шара шымылдығы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры мен «Қуаныш» хореографиялық ансамблінің бірлесе қойған қойылымымен ашылды.
– Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі. Бұл адам баласы үшін қастерлі ұғым. Елге, жерге деген сүйіспеншілік, барлық асыл қасиеттер отбасынан басталады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім, жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деп отбасылық құндылықтарды нығайтуға ерекше көңіл аударып келеді. Биыл 5 мәрте өткізіліп отырған ұлттық байқау Елбасымыздың қолдауы мен қамқорлығының нақты көрінісі. «Мерейлі отбасы» жай ғана айтылатын сөз емес. Ол ананың аялы алақаны, әкенің ыстық мейірімі, туған-туысқанның жүрек жылуы. Қазіргі таңда, отбасы мәселесін сақтау, неке институтын нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру аса маңызды. Бүгінгі облыстық байқауға қатысушыларды қазақстандық отбасының жағымды иммиджін қалыптастыруына зор септігін тигізуде. Отбасы ар-намыс пен қуаныштың, тілек пен үміттің ұясы. Отбасы бірлігі – ел бірлігі. Әрбір шаңырақтың бірлігі нығайып, бақыт пен шаттық орын алсын, – деп ыстық ықыласын білдірді облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев.
Келесі келелі сөзді облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин алып, лебізін білдіріп, байқаудың III орын иегеріне сый-сыяпат табыстады.
Бұл марапатты Нұра ауданының Нұрғалиевтер отбасы иеленді. Отағасы Балғабек Нұрғалиев – еңбек ардагері. Өмірін білім саласына арнап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ ССР «Оқу ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Отанасы Бакен Есхожина 35 жылдан аса математика ұстазы болған. Алтын алқа иегері. Бүгінгі таңда шаңырағында 7 бала, 14 немере, 10 шөбере бар.
II орынның жүлдесін ҚР Мәдениет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова табыстады. Жүлдегерлерді құттықтап, байқаудың мақсаты мен маңыздылығын айтты. Аталған жүлдеге Сәтбаев қаласының Әуезовтер әулеті ие болды.
Отағасы Сәбит Әуезов 82 жаста, зейнеткер. Елбасы Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған. Басқа да сыйлықтардың иегері. Отанасы Раушан Әуезова 82 жаста, Алтын алқа иегері. Отбасында 6 ұл, 4 қыз, 31 немере, 14 шөбере тәрбиелеп отыр.
I орынның жүлдесін «Мерейлі отбасы» байқауының 2017 жылғы жеңімпазы Николай Семенович пен жары Мария Федоровна табыстады. Қос қария байқаудың үлкен мерекеге ұласқанын қуанышпен жеткізді.
Сонымен, «Мерейлі отбасы» байқауының биылғы жеңімпазы Қарқаралы ауданының Ілімбаевтар отбасы. Рымтай Әбілдина 67 жаста, «Батыр ана» ордені, Алтын алқа иегері, зейнеткер. Отағасы 2013 жылы өмірден озған. Отбасында 19 бала, 47 немере, 13 шөбере бар. Баласы Әлібек – Қарағанды облысының балаларға арналған психоневрологиялық медициналық әлеуметтік мекемесінде тіс дәрігері. Қыздары ұстаздық жолда. Әр саланың тізгінін ұстағандар осы әулетте. Ұлы Ризабек Алматы қаласы имамдар институтының ұстазы. Ұлдары Кенжебек пен Ернұр атадан мирас болып қалған «Мерей» шаруа қожалығын дөңгелетіп отыр.
Береке мен бірлікті ту еткен Ілімбаевтар әулетіне мақтау қағазы мен «Жартас» демалыс орнына жолдама табыс етілді.
Мереке «Мерейлі отбасының» әнұранымен тәмамдалды.
Мақаланың маңдайшасында сөз еткен, көпке үлгі болатын, мерейі тасыған отбасы осындай-ақ болар.
Шаңырағында береке-бірліктің нышаны, саналы, салиқалы ұрпағы бар, дініміз бен дәстүрімізді әспеттейтін отбасының әрқайсысы – мерейлі отбасы.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»