Спорт

Мерейтойдағы мерейлі іс

Биыл Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт кафедрасының құрылғанына – 60 жыл. Осы орайда, кафедра ұжымы «Дене шынықтыру және спорт саласындағы дәстүрлер мен инновациялар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды. Басқосуда кафедра тарихынан сыр шертілді, естеліктер айтылды. Факультетте тәлім алып, әлемдік аренада Қазақстанның көк Туын желбіретіп жүрген түлектер мақтанышпен атап өтілді. Негізгі жетістік – осы.

Жиында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінің даму тарихы, дене шынықтыру мәселелері мен келешектегі даму жайы сөз болды. Еліміздегі дене шынықтыру және спорт саласының мамандарын дайындаудағы инновациялық технологиялар бағытындағы тақырыптар кеңінен талқыланды. «Білім беру жүйесіндегі бейіндік дене тәрбиесі және спорттық медицинадағы қазіргі мәселелер», «Жоғары спорттық жетістіктің өзекті мәселелері», «Ұлттық спорт түрлері және жастардың патриоттық тәрбиесі» турасында да баян етілді.

Конференцияның құрметті қонақтары қатарында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов, Қарағанды қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Асубаев, Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатының директоры Ерден Халилин, сонымен қатар қаладағы бірқатар спорт мектептерінің басшылары болып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

  • Мерейтойларыңыз құтты болсын! Салауатты өмір салтын насихаттауға және облысымызда спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып, әлемге танымал белді спортшылардың қанат қағуына сеп болдыңыздар. Еңбектеріңізге жеміс, шәкірттеріңіздің байрақты бәсекелерде топ жаруын тілеймін, – деді өзінің құттықтау сөзінде Дмитрий Карпов.

Сондай-ақ, жиында Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, кафедра түлегі Серік Сәпиевтің құттықтау хаты оқылып, бейнежазбадан сәлемдемесі көрсетілді.

Бастапқы әскери дайындық және жеке сайыс кафедрасының профессоры Н.Рамашов «Дене шынықтыру және спорт мамандығы мен факультеттің даму тарихы», ал дене мәдениеті ілімі мен әдістемесі және спорттық дайындық кафедрасының профессоры Т.Киспаев «Ресей Федерациясы білім беру мекемелері мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті дене тәрбиесі және спорт факультетінің халықаралық байланыстарының негізгі кезеңдері» атты баяндамаларын ұсынды. Конференцияның ғылыми мақалалары жинақталып, ғылыми-тәжірибелік жинақ жарық көргенін айта кеткен жөн.

Шара соңында кафедраның дамуына үлес қосқан ардагер оқытушыларға университет ректорының, профессор-оқытушыларға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хаттары табысталды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button