Теміртау

«Мен жастарға сенемін…»

   20-21 қараша күндері Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті қабырғасында Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімі мамандарының ұйымдастыруымен өткізілген «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» қалалық пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті. Сейсенбі күні облыс орталығынан ордалы сайыстың ақтық сынына әдейілеп біз де барған едік…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қарата айтқан бір сөзінде «Жастың қуаты – білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Татулықты – тұрақтылықтың және тұрақтылықты – дамудың тұғыры еттік.  Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді тұмардай сақтай білсек еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Ол үшін әрқайсың өздеріңе жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне білулерің керек» деген еді. Сол өскелең ұрпақ тарихи жауапкершілікті сезіне ме деп сан ғұлама басын тауға да, тасқа да соғып әлек. Иә! Сезінеді екен. Сезінетіндігіне көзбен көріп, құлақпен естіп куә болдық. Кімнен дейсіздер ғой? Тепсе темір үзетін теміртаулық жастардың бойынан байқадық.

Жастық жалын, жастық максимализм, керек десеңіз қуат пен қайрат жанарларында шиыршық атып тұрған студенттерді көріп, қалай таң қалмайсың? Таң қалдық. Сөздері сүйектен өтеді. Ел қамы, ұлт тағдыры дегенде от пен суға қатар түсердей ұмтылып-ақ тұр. Мемлекетіміз гүлденсе, бұдан әрмен абыройы асқақтай түссе дейді. Жастық қой. Сенгің келеді. Соңдарынан ергің келеді…

– Бүгінгі шара Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырысы негізінде өтуде. Жыл басында біздің бөлім «Тұрғындар бойында жемқорлыққа төзбеу және оған қарсы тұру дүниетанымын қалыптастыру» жобасын қолға алған болатын. Осы жоба аясында бірнеше шара өткізу көзделген. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының көздеген мақсаты да – тұрғындардың жемқорлық құқықбұзушылыққа төзбеушілігіне қол жеткізу еді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасының 13-қадамында да бұл мәселе туралы айтып өтті. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да жастарымызды патриоттық сезімде тәрбиелеу, олардың жемқорлыққа төзбеушілігін қалыптастыру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру сөз болған еді. Әрине, аталған бағдарлама аясында Теміртау қаласында ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия төрағасы – Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов. Сөйтіп, қала әкімі тапсырмасы негізінде біз әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Бұл зерттеу қаладағы барлық кәсіпорындарда жүргізілді. Сондай-ақ, қала құрушы ірі кәсіпорындарға да хат жолдадық. Бүгінгі таңда біз алғашқы зерттеу жұмыстардың нәтижесіне қол жеткіздік. 4000-ға жуық зерттеу сауалнамаларын жастарға да жіберіп үлгердік. Сөйтіп, жастарымыз жемқорлықты жою жолында жалаң сөзге ғана арқа сүйемей, белгілі бір сараптама нәтижелеріне, сандарға иек артады. Осы күні аталған жоба аясында жылжымалы топ құрылып, олар жемқорлықтың алын алу және оны болдырмау туралы кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» деп аталатын бұл қалалық пікірсайыс та ауқымды жобаның маңызды болып отыр. Бүгінгі сайыста барлығы 6 команда бақ сынап көрді. Сондағы төрт команда финалдық ойындарда өнер көрсетеді. Бұлар – қазақ және орыс тілді командалар.  Айта кету керек, пікірсайысқа қатысушылар деңгейі өте жоғары. Қаламыздың ең үздік жастары бас қосуда. Бұлай дейтініміз, Савелий Елефтериади мен Кирилл Малов күні кеше ғана облыс көлемінде ұйымдастырылған пікірсайыстың жеңімпазы атанып, Бас жүлдені қанжығалап келген болатын. Мұндай ойыншылардың қатысуының өзі пікірсайыс беделін арттыра түссе керек. Олар сайыс барысында жемқорлыққа қарсы тұру, жемқорлықты жоюға бағытталған қандай да бір жүйені енгізу мәселелерін талқылайтын болады. Сондықтан, бұл жастардан күтеріміз көп. Ең алдымен, алдарындағы ақпаратты сараптау, жаңа креативті идеялар, тың жобалар ұсыну, біз көріп, білмеген жемқорлықтың ең асқынған тұстарын айқындап беру қабілеттері сыналады. Сөйтіп, жыл соңында біз – университет пен колледж өкілдері қатысатын әңгімелесу алаңын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, пікірсайысқа қатысушы жастардың басым дені «Серпін» бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттер екенін де айта кеткен абзал. Сөйтіп, жыл соңындағы әңгімелесу алаңы келер жылғы бағыттарымызды айқындап береді деген сенімдеміз. Жоғарыда айтып өткен зерттеу сауалнамаларымыз да жыл соңына дейін өз мәресіне жетеді. Нәтижесінде, біз жемқорлық мәселесіне қатысты тың жауаптар алып, сауалнама қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелермен тікелей жұмыс жасайтын боламыз. Ал, бұл сайысты тамашалауға шамамен 200-ге жуық жастар шақырылды, – деді Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова.

Білуімізше, қос күнге созылған қызу пікірсайыстың ақтық сынына сүрінбей төрт команда өткен екен. Екі қазақ тілді және дәл осы тектес екі орыс тілді командалар. Алғашқы болып дәрісхана алаңынан «сен тұр, мен атайынның» нақ өздері – қазақ жастары табылды. Байқағанымыздай, бұл жолғы сөзталас – Парламенттік пікірсайыс форматы негізінде өтуде. Яғни, Парламенттік пікірсайыс дегеніміз – заң шығару және үкімет іс-әрекеті жөніндегі депутаттар арасындағы пікіралмасудың ресми қалыптасқан тәртібі. Сөйтіп, «Үкімет» және «Оппозиция» болып екіге жарылған командалар сөзтартысын бастап кеп жіберді. Тілге тиек болар тақырып – «Еліміздегі жемқорлықты жою жолында Сингапур жүйесін енгізу қажет пе?». Атауы атан түйе шөктірерлік демесеңіз де, салмағы – зілбатпан. Неге? Себебі, Сингапур елі қазіргі таңда жемқорлықты жеңіп, дамыған елдердің сапында тұр. Ал, мұндай тақырыпты қаузауға жас пікірсайысшылардың азуы бата ма? Мәселе сонда. Бұл кезде «Үкіметтің» алғашқы спикері де мінберге шығып үлгерген. Сөзі – салмақты, ойы – дәйекті. Жегі құртқа айналған жемқорлық атаулыны біржола жойып жіберген Сингапурдың ерлігін айтып, көрермен мен қазылар құрамын арбап әлек. Әрине, әудем жұрттың бағындырған биігі – құлақ құрышын қандырып бара жатқанын жасырмаймыз. Бұған сайыс басталар алдында даурығысып, күбір-күбір, сыбыр-сыбыр етіп отырған студенттердің сілтідей тынғанынан-ақ аңғардық. Уақыт төрешісі өлшеп берген бірер минут та өз мәресіне жетті. Санаулы минуттарда соншалық көп мағлұмат беріп үлгерген спикерге көрермен де дән риза. Біреуі парта тоқпақтап, енді бірі қол соғысып, аядай аудитория әп-сәтте-ақ азан-қазан болды да қалды. Жасыратын несі бар, университет қабырғасында жүріп, осындай пікірсайысқа өзімнің де сөз жалғап көрген кездерім бар еді. Бірақ, дебат атаулысы құр даурықпа, айқай көрініп, бұл ойдан тез ара бас тартқам. Содан бері пікір-сайысқа қатысуым – осы. Бірақ, бұл жолы бәрі өзгеше болды. Мінберге көтерілген – «Оппозиция» спикері қарсыласының бағанадан айтқан сөзі бос әурешілік, қала берді бұл жүйе елімізге мүлде келмейтінін жеткізіп, көңілімізді су сепкендей етті. Неге дейсіз ғой? Айтайық. Ең алдымен Сингапур – қала. Қала мен Қазақстанның айырмашылығы жер мен көктей. Қалаға ие болу оңай ма, жоқ әлде дәл осындай жүзге тарта қаласы бар, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынға ие алып мемлекетке ие болу оңай ма? Әрине, қалаға. Осы тектес орамды ойларын ортаға салған спикер қарсыласының сөзін біржола күл-талқан еткендей көрінді. Бұған «Үкіметтің» сайыпқырандары не дейді екен деп тосылдық. Жоқ. Айтарлары бар екен. Бар болғанда қандай. Сөзбұйдаға түскен тақырыптың өзі сәт санап еліміз үшін маңызды бола бастады. Артықшылығын алға тартып, жетістігін жеміс үзгендей жіпке тізіп берсін. Көрермен болса, дауға айналған «Дайрабайдың көк сиырын» ақыры кім жетектеп әкетеді деп үнсіз қалды. Біреуі «Үкімет» жеңді десе, енді бірі «Оппозиция» жеңіске лайық деп жатты. Алайда, бірден қорытынды шығарыла қоймады. Келесі болып ортаға орыс тілді сайыскерлер шықты.

Бұл командаларға берілген тақырып – «Жемқорлықпен айыпталған шенеуніктердің мемлекеттік қызметтегі жақын туыстары да қызметтен босатылулары керек». Бұл – «Үкімет» командасының ұстанымы. Өз пікірлерін қорғаштап алдымен осы «Үкіметтің» спикері сөз бастады. Оның ойынша, бұған дейін жемқорлықпен айыпталған шенеуніктер жаза тек тікелей өздеріне қолданылатынын ескеріп, «жолдан тайса», айтылған ой заң жүзінде бекітіле қалған жағдайда еш шенеунік «шалыс баспайтын» көрінеді. Ал, «қателесе қалған» болса, жазаға жақын туыстары да «ортақтасады». Осыған ұқсас жүйе қазіргі біздің құқық қорғаушыларға қолданылмаушы ма еді? Ойланарлық жағдай. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар екенін де ұмытпауымыз қажет. Ал, екеніші ұшы қандай екенін «Оппозиция» спикері жеткізді. Мәселен, ағасының, не болмаса әкесінің ағаттығы үшін баласы не бауыры неліктен жазалануы тиіс. Немесе, керісінше. Айтайық, әкесі ұзақ жылдар тер төгіп, білімін жетілдіріп, тәжірибесін жинақтап, ел игілігі жолында талмай тер төгіп жүр делік. Әттеген-айы сол, ақшаға қызыққан баласы әкесінің қасықтап жинаған абыройын шелектеп төгіп, жазасын алады. Бұл аз десеңіз, әлгі білікті әкесі де қызметтен қудаланады. Бұл жерде қандай әділеттілік бар? Жоқ. Бұл бола қоймас. Тіпті, әкесінің де мүлде бейхабар болуы ғажап емес. Кешкілік кіммен, қайда қыдырғанын айтпаған бала, пара алғанын айта қоюы екіталай. Есесіне, сыбайлас жемқорлық ретінде әкесі де жазаға тартылады. Алма-кезек сөз таластырған қатысушылар ақыры бір мәмілеге келе қоймады. Бірінің сөзін бірі жоққа шығарып әлек. Ендігі бар үміт – қазылар құрамында.

Сөйтіп, сайыстың қорытындысын шығарар сәт те келіп жетті. Ержан Байсал, Айбибі Ақберген, Сұңғат Кәріпжанов және Қанат Сейсенбай сынды тәжірибелі пікірсайысшылар ортаға шығып, сайысты түйіндеді. Нәтижесінде, қазақ тілді командалар арасында «Үкімет» командасындағы Өміржол Рақымжан мен Рауан Мақұм «Оппозиция» командасындағы Қоңысбек Тәжіков пен Мадина Есболовадан басым түсіп, жүлделі 1 орынды жеңіп алса, ортыстілді командалар арасында керісінше «Оппозиция» командасындағы Иван Головаш пен Василий Кимнің ойын өрнегі «Үкімет» командасындағы Савелий Елефтериади мен Кирилл Маловтан басымырақ деп танылып, жеңіс «Оппозиция» командасының қанжығасында кетті. Сондай-ақ, қазақ лигасы арасында «Үздік спикер» аталымын Қоңысбек Тәжіков иемденсе, «Үздік төреші» болып – Айбибі Ақберген танылды. Ал, орыс лигасы арасында дәл осындай «Үздік спикер» аталымын Савелий Елефтериади иемденіп, Сұңғат Кәріпжанов – «Үздік төреші» атанды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген

Светлана ЕГОРОВА.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button