Жаңалықтар

Аймауытов ардақтаған қайраткер

Биыл отызыншы жылдардағы жазықсыз жаланың құрбаны болған жерлесіміз, Алаш қайраткері, жазушы Жүсіпбек Аймауытов­тың «Қартқожа» романының бас кейіпкері Қартқожа Жананұлы (романда Жұман деп берілген – автор) туғанына 130 жыл толады.

Сурет Закария Әшімхановтың отбасылық альбомынан алынды

Жүсекең 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шыққан бұл шығармасында Қартқожаның балалық шағынан отыз жасқа дейінгі өмірін қамтып, кешегі қарақасқа кедей баласының қара танып, елдегі саяси күреске араласып, революциядан кейінгі жаңа дәуірде оқыған зиялы азамат болып қалыптасу жолдарын шынайы суреттейді. Ол 1896 жылы (айы, күні белгісіз) бұрынғы Баянауыл сыртқы округіне қарасты Ақкелін болысының 4-аулындағы Қотыр Қызылтау деген жерде (қазір бұл жерлер Бұқар жырау ауданының Үміткер ауылдық округінің аумағында да, аталас ағайындары да осында тұрып жатыр) Қаржас руының Баян атасынан сіңірі шыққан Жанан мен Ақбаланың шаңырағында дүниеге келеді. Ауыл молдасынан сауат ашып, 1911-1914 жылдары Сібір темір жолында жұмысшы, байларда жалшылықта жүріп, 1916 жылы ақ патшаның маусым айындағы жарлығына қарсы Алабас көтерілісіне қатысты (жазушы Сабыр Шариповтың бұл туралы повесі де бар – автор). Окоп қазу жұмысына алынып, 1917-1920 жылдары Алашорда партиясы қатарына кіріп, одан кейін Кеңес өкіметінің ауылдарда өзгерістер жасау, сауатсыздықты жою ісіне кіріседі. Өз туған жеріндегі Төрткөл аулында бастауыш мектеп ашты. Онда оқыған Хамит Үркімбаев, Әшкен Ахметов, Түсіп Жаналин, ағайынды Шөптібай, Боранбай, Айтбай Кәрімов, тағы басқа азаматтардың елде артель ұйымдастырып, Кеңес жұмысына белсене қатысуына бағыт сілтейді. Жазушы Зейтін Ақышев те одан оқығанын, оны оқушылар «Қартаға» деп атағанын жазады естеліктерінде.
Одан әрі Қартқожа Жананұлы білімін жетілдіру мақсатымен Ресейдің Омбы өңіріне барып, Сібір жұмысшы факультетінде оқиды.

Ал, 1927 жылы талапты жігіт Томск қаласындағы Сібір механикалық институтына оқуға түсіп, 1931 жылы оны бітіріп, металды суықтай өңдейтін инженер-механик мамандығын алып шығады. Жоғары білімді жас маман 1930 жылы компартия қатарына алынып, Алматы қаласында Қазақстан мемлекеттік баспасында жауапты хатшы бола жүріп екі жыл қосымша Қазақ зоовет институтында физика мен математика, механикаландыру пәндерінен сабақ беріп, 1933 жылдан 1937 жылға дейін ауыл шаруашылығы институтында оқытушы болады. Орысшаға сауатты Қартқожа Тоғанбаев студенттерге қажетті оқулықтар мен марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін қазақ тіліне аударумен айналысады. Амал нешік, оқу-білімі толысып, кемеліне келе бастаған шағында 1937 жылдың 22 желтоқсанында қазақтың көрнекті мемлекет басшылары Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров пен бірге ұсталып, 1938 жылдың ақпанында үштіктің үкімімен «Халық жауы» ретінде атылады. Сондағы оған тағылған айып – Кеңес өкіметін құлатуға әрекет жасаған жапон тыңшысы болуы. Ол жалаға 1931 жылы Мәскеудің Бутырка түрмесінде жазықсыз оққа байланған Жүсіпбек Аймауытов романының бас кейіпкері болуы және Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен жақын қарым-қатынас жасауы да жамалуы мүмкін. Бұған Міржақыптың қызы Гүлнардың «Шындық шырағы» естелік кітабында әкесі Соловки лагерінде болғанда Қартқожаның ақшалай көмек көрсетіп, ол қайтыс болғанда үйлеріне келгенін жазғаны дәлел бола алады. Ақырында ақиқат жеңіп, осындай жазықсыз жаланың құрбаны болған есіл ер тек 1958 жылдың 15 наурызында ғана КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының шешімімен еш кінәсіз деп танылып, толықтай ақталды.

Міне, небәрі 42 жасында нақақтан опат болған арыстай азаматтың ресми өмірбаяны осындай болса, ел білмейтін көп жайттарға өткенде газетімізде жазғанымыздай («Жанкешті жапон қызы», «Орталық Қазақстан» газетінің 2026 жылдың 30 сәуірдегі санында), Қартқожаның біздің Үміткер аулында тұрған туған қарындасы Ұрқия әжеміздің немересі Закария Әшімхановтан естіп, қанықтық.

Әжесінің айтуынша, әке-шешесі Жанан мен Ақбаланың 8 баласы болған көрінеді. Содан ұлы Қизат пен қыздары Мәпруза мен Жәміш жастай шетінеп, Айтмолда, Қартқожа, Бейсенбек, Ұрқия және Елубай бесеуі қалады. Ағалары Айтмолда үйленіп, ерте қайтыс болған соң жеңгесі Мәнишаны әмеңгерлік жолымен Қартқожа алып, оның ұлы Сайфолланы бауырына басады. Осы Сайфолладан қалған жалғыз тұяқ Белгібай ұзақ жылдар Қылыш Бабаев атындағы кеңшарда құрылысшы болып, зейнетке шығып, бүгінде отбасымен Үміткер аулында тұрады.

Негізі, Қартқожа атамыз үш некелі болған кісі. Жеңгедей алған әйелі Мәниша дүние салған соң Омбы жағында жүргенде Зейнеп деген қызбен бас қосып, одан Майқы, Шолпан деген ұл-қыз көреді. Осы Майқысы кезінде Мәскеудің байланыс техникумын бітіріп, Қарағанды қаласында осы салада еңбек етсе, Шолпаны Пришахтинскідегі кемтар балаларға арналған мектептің директоры болып істеген. Сонау сексенінші жылдардың ортасында марқұм әріптес ағамыз Матай Айнабеков онымен жолығып, газетімізде оның әкесі Қартқожа Тоғанбаев туралы «Жүректен орын алғандар» атты көлемді мақаласын жариялаған да. Бұл айтып отырған Майқы мен Шолпан әкелері 1937 жылы ұсталып кеткенде жеті-сегіз жыл Ұрқия апасы мен Әшімхан жездесінің қолында тәрбиеленеді. Өйткені, бұларды және ауылдағы біраз ағайындарын ашаршылық жылдары Қартқожа Алматыға көшіріп алып, сонда біршама уақыт тұрыпты.

Әлі есімде, осы кісілердің үйіне Қарағанды қалалық атқару комитетін басқарып, көптеген басшы қызметтерді атқарған белгілі қоғам қайраткері Нариман Төлепов жиі келіп тұратын. Сөйтсек, Қартқожаның екінші зайыбы Зейнеп Нарекеңнің әкесі Оспанның туған қарындасы екен ғой. Нариман Оспанұлы Әшекеңнің немересі Закария­ның да жоғары білім алып, құрылыс саласында басшылық қызметтер атқаруына көп ықпал етіп, ағалық қамқорлығын аямаған.

Қартқожа атамыздың Зейнеп көз жұмғаннан кейін қосылған жары Шайдадан туған ұлы Төлеш әкесі түрмеге қамалғанда бір жаста ғана дейді. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демекші, сол Төлеш көп жылдар Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық институтында дайындық бөлімінің деканы болған адам.

Халқы үшін еңбек етіп, тер төгіп, сол жолда жазықсыз жан қиған тұлғалар бүкіл қазаққа ортақ десек те, Қартқожадай абзал азаматтың аты әлі күнге ауызға алынбай, туған жерінде тойланбай келе жатқаны өкінішті-ақ. Енді биылғы мерейтойы жылында көршілес баянауылдықтар оны атап өткелі жатса, бұқаржыраулық жерлестері де олардан қалмай, бір тірлік жасар деген үміттеміз.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button