Жаңалықтар

Кітапқұмар ұлт көштен қалмайды

16 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаламгерлер мен баспагерлерді, кітапқұмар қауымды айрықша қуантқан Жарлығы шықты. Қоғамға тың серпіліс әкелген Жарлықта «Адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ, шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында қаулы етемін», – деген тарихи талап тұжырымдалған. Бұл – зерделі ұлт қалыптастыру бағытындағы іс-шараларға қолдау көрсету деңгейі едәуір артып, қарқынға қарқын қосылады деген сөз. Бұл – Қазақстан өз халқын, соның ішінде, жас ұрпақтың интеллектуалдық сапасын, бәсекеге қабілеттілігін, білімін арттыруға бел буды деген сөз. Бұны «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады» деген даналықты санасына сіңірген халықтың оңды қадамы деп білеміз. Бұл бағытта Қарағанды облысы көшті бастаған аймақтардың қатарында деп бек сеніммен айта аламыз. Сонымен, бұл Жарлықтың қазақ халқы үшін маңыздылығы неде? Тарқатып көрелік.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өңірдегі серпіліс

Президент Жарлығындағы бірінші маңызды тармақшаларға назар салайықшы. Жарлықта: «оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру», – делінген.

Бүгіннің өзінде Қарағанды облысының аумағындағы барлық кітапханалар цифрландырылып жатыр. Кітапханаға оқырман тарту мақсатында жаңа әдебиеттердің жарнамалары әлеуметтік желілер мен сайттарға жариялануда. Бүгінде жастар арасында трендке айналып, мол аудиторияны қамтып отырған подкаст алаңдар да шығармаларды талқылауда. Соның жарқын үлгісін көрсетіп отырған бірден-бір руханият ошағы – Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана.

– 2025 жылдан бастап әлеу­меттік желілерде подкаст ұйымдастырылған. Подкастқа өңір­дің белгілі қаламгерлері спикер болды. Белгілі шығармалар талданды. Нәтижесінде 30 мыңға жуық қаралым жиналды. «Менің сүйікті кітапханам» жобасы да жемісін берді. Бұл жобада оқырмандар өздерінің сүйікті жазушыларының шығармаларымен етене танысты. Әлеуметтік желіде кітап жарнамасына қатысты «Оқырман ұсынады», «Жаңа кітаптар дегустациясы», «Сыйға тартқан жаңа кітаптар», «Жаңа кітаптар галлереясы», «Балаларға базарлық» деген сияқты 14 айдарымыз бар. Кітапқа қатысты 100-ден астам бейнеролик түсірілді. Жалпы айтқанда, кітапханамыздың әлеуметтік желісінде 170 мыңнан астам қаралым бар. Парақшамызға 5 мыңнан астам оқырман тіркелген. Жалпы, өңір тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы өте жоғары. Бүгінде кітапханаға келіп кітап алушылардың қатары қалың, – деді Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының міндетін атқарушы Гауһар Үмбединова.

Қарағандыдан бөлек аудан орталықтары мен шалғай ауылдардағы кітапхана қорын толықтыруға ынталы белсенділер шығып, өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – «Кітап – қазына» жобасы. Биыл бастау алды. Жетекшісі және авторы – Дастан Жақсығали. Ол бұл жобаны өңір тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын көргеннен кейін қолға алғанын айтады.

– Жоба аясында ең алғашқы сапарым Қарқаралы ауданындағы Томар ауылына жасалды. Еңкейген қариядан, мектептегі балаға дейін кітапқа құмар. Ауыл кітапханасындағы барлық кітаптарды оқып тауысқан екен. Маған сол ауылдың қалталы азаматтары қаржылай көмек беріп, кейінгі жылдары жарық көрген 200-ге жуық кітапты сатып алдық. Азаматтар балалардың білімін арттыру жолында кез келген көмек жасауға әзір екендерін жеткізді. Сөздерінен ұрпаққа деген жанашырлық байқалды. Салтанатты түрде жаңа кітаптарды табыстадық. «Бүгінгі балалар тек гаджетке, компьютерге қуанады» деп айтылып жүр. Томар ауылына барып, бәрі негізсіз екенін көрдім. Балалардың қуанышында шек жоқ. Меніңше, осындай жобаларды көбейту керек. Өйткені, облыста қаншама ауыл бар. Белсенді азаматтар төбе көрсетіп, сол шалғай ауылдарға барса, кітапханаларының қорын толықтырса деген арманым бар. Халыққа кітап қажет, – деді Дастан Жақсығали.

Қарағанды облысында биыл Алаш баласын жалт қаратқан «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы өткен еді. 114 беттен тұратын «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айту керек болды. 4 мыңнан астам оқушы өтініш берді. Соның ішінде 70-ке жуығы – өзге этнос өкілдері. Бүгінде әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, батырлар жырынан бөлек, Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев секілді заңғар ақындардың шығармаларын мәнерлеп оқып, мыңдаған қаралым, жүздеген лайк, пікір жинаған өзге этнос өкілдерін көресіз. Бұл – жобаның жемісі.

Үміткерлер «Бөгенбай батыр» жырының Тастыбай Жағыпарұлының нұсқасын жаттады. Сонымен қатар, көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, географиялық жер-су атауларын ажыратуы керек болды. Жобаға облыс әкімдігі мен «AMANAT» партиясы мұрындық болды.

Байқаудың аудандық, қалалық кезеңдерінде топ жарған өнерпазға 150 мың теңге, II орынға 100 мың, ал, III орынға 70 мың теңге қаржылай сыйлық табысталған еді. Ақтық сында қазылар алқасының шешімімен үздік атанған Райана Әмірхановаға 1 млн теңге, ал, ұстазы Толғанай Ерменбетоваға жаңа көліктің кілті табысталды.

Мұндай байқаулар облыстың аудандарында, қалаларында жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Атап айтсақ, жыраулық мектепті жаңғыртуда Қарағандыда республикалық мүшәйралар өтіп, талантты ақындардың басын тоғыстырады. Айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловтың бас­тамасымен ұйымдастырылатын «Бұқарекең жырлайды» секілді ауқымды жыр бәйгесін атап өтуге тұрарлық. Жыл сайын байқауға жүзге тарта үміткер қатысады.

Өңірде жүзеге асырылған «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасына 67 мыңнан астам адам тіркелген. Мамандардың сөзінше, бұл – республикадағы жоғарғы көрсеткіш.

– Пилоттық жобаның мұраты – биік. Кітап оқитын, парасатты, мәдениетті орта қалыптастырсақ, еліміздің дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Меніңше, Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығы дер уақытында шыққан стратегиялық маңызды құжат. Егер кітапхана жұмысын жандандырып, цифрлық платформа құрсақ, кітап оқу дағдысын қалыптастырсақ, рухани құндылықтарға негізделген қоғам қалыптастырсақ, ертеңгі күні озық мемлекеттермен тереземіз теңесіп, бәсекеге қабілетті ел боламыз. Жалпы, халықтың осындай рухани жобаларға сусап отырғанына жобаны жүзеге асыру кезінде көзіміз жетті, – деді жобалық кеңсе жетекшісі Дана Бақтығалиева.

Жарлықтағы бірнеше тармақшаға тоқталайық. «Туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау; баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру; ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау», – деген талап бар Жарлықта.

Президент Үкіметке нақты тапсырмалар берді. «2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыруға кіріссін» делінген. Енді еліміздің әр өңіріндегі үздік оқырмандар республикалық деңгейде үздік атануға талпынады. Бұл жүлде халық арасында кітап оқу мәдениетін қалыптас­тыруға сенімді серпіліс берері анық.

Президент Жарлығында маң­ызды һәм ауқымды бетбұрыстарды жасанды интеллек дәуіріне иекемделуіне басымдық берді. «Жасанды интеллектіні дамыту жағдайында 2026 жылдың соңына дейін Кітап оқу мәдениетін және кітап ісін насихаттаудың 2027-2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын (бұдан әрі – «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы) бекітсін», – деген тармақтың да көтеріп тұрған жүгі – ауқымды.
Нақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында бірнеше заң жобасы әзірленбек. Бұл талап «2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасын әзірлесін», – деген тармақшада нақты белгіленген.

Ұлттық әдебиетке еңбегі сіңген қаламгер тұлғалар ғана Президент қолынан Мемлекеттік наградалар алатын еді. Енді Президент Үкіметке «2027 жылғы 1 қаңтарға дейін кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындасын» деген пәрмен берді.

Себеп не?

«Бүгінгі жұрт кітап оқымайды» деген қайдан шықты осы? Осыны анықтап көрелік. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамасы» анық. Қадірлі оқырман, жауабымызды кітап төңірегіндегі түрлі әңгімелерден түйген ойымызға сүйене отырып жазбақпыз. Бұл тақырып дастарқан басында, таксиде, пойызда, автобуста, тағы осындай ашық әңгімеге жағдай жасалған орталарда қозғалды. Өйткені, қазақ әңгімесінің бір тақырыбы – кітап. Яғни, қазақ кітапқа ешқашан бейжай қараған емес.

Қоғам да адамның ағзасы сияқты. Тәніне вирус енсе, дабыл қағып, өзіне керек дәруменді саналы, немесе, бейсаналы түрде сұрайды, талап етеді. Бұл – сау ағзаға тән қасиет. Қазақ қоғамына кітап керек.

Мәселеге күрделі жолдармен емес, төтесінен қаралық. Кітап оқылмай кететіндей елімізде кітапханалар қасақана жабылып, саудасына тыйым салынған жоқ. Кітап оқуға қарсы үгіт-насихат айтылмады. Керісінше, кітаптың пайдасы мен оны оқудың маңызы һәм мәнін дәріптеп келеміз. Кітап туралы қазақ, тіпті, әлем ғұламаларының ұлағатты сөздері барлық оқу орындарының маңдайшаларына, көшелердегі билбордтарға дейін ілінді. Мәселе көпшіліктің өз таңдауында болды.

Кез келген саналы ұлт кітапханасын іздейді. Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деді. Кітап оқымай кету – ойлау қабілетінің, тарихи сананың, азаматтық мәдениеттің әлсіреуіне әкеп соқтырады. Кітап оқымайтын қоғам эмоциямен тез басқарылатын, бірақ күрделі мәселелерді талдай алмайтын қоғамға айналуы мүмкін. Бұл кейбір елдерде саяси трагедияларға дейін апарған. Сөздік қор азайып, сапасы нашарлап, ана тіліне қауіп төнеді. Ал, тіл жоқ болса, халық та жоқ. Тізе берсек, зардабы көп. Біз тек айсбергтің басын ғана айтып отырмыз.

Бәрімізге аян себептер

Кітаптың қадірсізденіп кетуінің ең басты себептерінің бірі – гаджет. Бұл – біздің, тіпті, әлеуметтанушылардың емес, халықтың ортақ пікірі. «Халық айтса, қалып айтпайды». Көз алдымызда болған қатерлі процесс.

Гаджеттер пайда болып, интернет жылдамдығы артып, адам баласы өзіне керек ақпаратты алақандай ғана құрылғыдан ала алатын мүмкіндікке ие болды. Оқырман аудиториясының басым бөлігін құрап келген мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері. Кітап оқу мәдениетінің ең қайратты, жалынды әскері керегін ғаламтордан іздеп кетті. Бәрі оңайлады. Алдыңғы толқынның «жастар кітап оқымайды» деп дабыл қағуы осы кездерде басталды. Ал, «Оқу – инемен құдық қазғандай» еді ғой бұрын. Айдың екінші жағы болады. Әуелден әр нәрсенің мөлшерін білмек керек. Өкінішке қарай, сол мөлшерден асып, межеден аттап, зардабын тартып отырмыз.

Балабақшадағы баладан да арылуы қиын психикалық дерттер анықталуда. «Балаларымыз өзге тілде шүлдірлейді, өз ана тілін білмейді» деп дабыл қағып едік. Енді тілдері мүлдем шықпай жатыр. «Балам қандай тілде сөйлесе де бәрібір, әйтеуір тілі шықса болды» деп зар қақсап жүрген ата-аналар көп. Ғаламтордағы ашық дреккөздерге көз салсақ, логопед маманына кейінгі 3-4 жылдың мұғдарында сұраныс күрт артқан.

Енді біреулері кітаптың оқылмай кетуіне капитализм дәуірі себеп деп есептейді. «Қайдағы кітапты айтып тұрсың?! Бала-шағаны асырау керек. Несие, ипотека төлеу керек» деген күйінішке толы әңгімелерді талай жыл бойы естіп келеміз. Тағы да сол таксиде, дастарқан басында, көшеде, тағысын тағы. Кітап оқу – тұрмысқа да байланысты екенін жоққа шығара алмаймыз. «Сананы тұрмыс билейді».

Бұл – біздіңше, одақ құлап, тепсе темір үзетін шағы тоқсаныншы жылдарға тап келіп, күнкөріс қамымен әуре-сарсаңға түскен буынның жадына бекіген негізгі фактор. Бенджамин Франклиннің «Соғыстың вексельдері (кепіл қағаздары бойынша), төлем соғыстың өз кезінде емес, төлемнің ең үлкені соғыстан кейін болмақ» деген дөп айтылған сөзі бар. Дөп дейтініміз, осы уақытқа дейін болған соғыстардың соңы міндетті түрде аштыққа ұласып отырған. Мәселе соғысқа қатысқан ересектер мен зұлматтың зардабын тартқан жас буынның жадында болып тұр. Жадыдағы соғыс жаңғырығы. Бенджамин Франклиннен келтірген сөзіміз – әңгімемізге қосылған тұздық қана. Бұл жерде біз кітапты, яғни, жанның азығын амалдың жоқтығынан тән азығы үшін шетке ысыра тұрған толқынның біразға дейін тарқамаған әсерін айтқымыз келді.

«Ақшаны табуға ден қойғандар, байлар кітап оқымайды» деген стереотип те қалыптасыпты. Бұл қайдан шыққаны белгісіз? Біздіңше, ақылға қонымсыз сөз. Кәсіп ашып, ақша табу үшін де жүйелі, іргелі білім керек. Ата-­ана баласын білім жиып, кәсіп үйреніп, мал тапсын, қатарға қосылсын деп оқытатынын ескеріңіз. «Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп, ойлап, мал ізде» (Абай).

Сонау дәуірлерден бері қайырсаңыз, қисса-дастандарды, эпостарды, жырларды жаттаған, қырдағы қойшысына дейін, даладағы диқанына дейін кітап оқыған жұрт едік. Оқу, іздену, жаттау, ой түю, сіңіру – қазақтың қанына сіңген қасиет.

Салдары

Адамзат баласының күнін кітапсыз елестетіп көрелік деп әуреленбейік. Тарих сөйлесін.
Фашистік Германияда халықтың бір бөлігі эмоциялық насихатқа беріліп, күрделі философиялық және сыни ойлаудан алыстады. Өйткені, кітаптарды өртеу акциялары өтті, интеллектуалдар қудаланды. Бұл кейін Екінші дүниежүзілік соғыс пен Холокост трагедиясына алып келді. Камбоджада 1970 жылдары Пол Пот режимі білімді адамдарды жау санады. Кітап мәдениеті, ғылым, интеллигенция жойылды. Нәтижесінде миллиондаған адамның өмірін қиған геноцид ұйымдастырылды. Солтүстік Кореяда ақпараттың еркін айналымы шектелген жерде адамдар көбіне біржақты насихатпен өмір сүрді. Әдебиет пен еркін ойлау бақылауда болғандықтан, қоғамда сыни ойлау әлсіреді. Яғни, ұлттың интеллектуалдық сапасы төмендеді. Сарапшылардың дерегінше, АҚШ-тың өзінде де кейінгі жылдары жастардың ұзақ мәтін оқуға зейіні төмендеп бара жатыр. Салдарынан жастардың басым бөлігі бұзақылыққа бет бұрып, алкаголь мен есірткіге тәуелділердің көрсеткіші күрт көтерілген. Бостандығын шектеу арқылы түзеу мекемелері лық толған. 1966-1976 жылдар аралығында Қытайда «Мәдени төңкеріс» орын алды. Мао Цзэдунның бастамасымен Қызыл гвардия интеллигенция­ны, мұғалімдерді, жазушылар мен суретшілерді «буржуазиялық элемент» деп қыспаққа алып, кітаптарды, өнер туындыларын, тарихи мұраны халықтан жасырып тастады. Салдарынан білім жүйесі әлсіреді, интеллигенция мен ғылыми кадрлар азайып, елдің технологиялық дамуы тежелді, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық күйреді. Бүгінгі өркениеттен 50-60 жыл емес, бірнеше ғасырға қалып қойған Ауғанстанды айтпасқа болмас. 1996-2001 жылдар аралығында билік құрған Талибан жүйесі кітаптарды, әсіресе тарихи және ғылыми кітаптарды жойды. Олар кітапты Ауғанстан қоғамының күйреуіне бірден-бір себеп деп таныды. Салдарынан білім беру жүйесі түбегейлі тоқтатылды. Қоғамдық даму туралы сөз мүлде айтылмады. Ресми деректерге сүйенсек, Ауғанстан халқының 23,6%-ы ғана жазу, сызу біледі. Тұрмыстық және мемлекеттік тұрақтылық әлсіреді. 2021 жылы қайтадан билікке келген Талибан жүйесі кеше ғана 9 жасар қыздармен неке қиюға рұқсат берді. Ауғанстанда кәмелетке толмаған ұл балалармен жыныстық қатынасқа түсіп, сауық құратын Бачи база да жаһан жұртын жиіркендірген еді. Әлемге үлгі болып отырған Жапония да қатерлі өткелдерден өткен. Самурайлар ғасырында халқын тобырлық деңгейге түсуден құтқару үшін қарқынды түрде жазушыларды даярлайтын, кітап басып шығаратын ұйымдарды құрған. Хиросима, Нагасакиге атом бомбасы тасталғаннан кейін де аяққа тұру үшін «қасиетті мақсаттағы» ұйымдарды көбейткен. Бүгінде әлемнің түпкір-түпкірінде жапон жазушыларының миллиондаған оқырманы бар. «Алланың хикметін сезіп» (Абай), жаһан жұртына ғылымдарымен ізгілік таратып отыр.

Сөз соңы
Геосаяси карта мың құбылып тұр. Адамзат жаңа дәуірдің табалдырығынан аттады. Біртұтас халық болып өмір сүру үшін талаптар күшейді. Жер бетіндегі халықтар көштен қалмас үшін шама-шарқына, қарым-қабілетіне қарай әрекет етіп жатыр. Алаш арыстарын еске алыңыз. Қиын-қыстау кезеңдерде халықтың сауатын ашуға, білім-ғылым үйретуге күш салды. Қазір жағдай басқаша. Барлық есік ашық.
Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың бұл Жарлығын осындай аумалы-төкпелі ғасырда ұлтты кемелдендіру мақсатында жасаған батыл әрі халық үшін ең қажетті қадамы деп ұққанымыз абзал. Кез келген халықтың қаруы да, қорғаны да, сарқылмайтын байлығы да – зердесі. Батырып айтсақ, әңгіме былай: оқудан алыстаған, өзін-өзі тұлғалық тұрғыдан дамытуға салғырт қараған, өресі төмендеген халықтың мемлекет болып ұйысып отыруы қиын шаруа.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button