АймақБас тақырыпҚарағанды

Еңбек нарығының екінші тынысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау мәселесін бірнеше рет көтеріп, инклюзивті қоғам құруды әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындағаны баршаға мәлім. Бұл міндет өңірлерде нақты іспен жалғасуы тиіс. Яғни, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, жұмыс берушілерді ынталандыру, кәсіби бейімдеу және тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау – бүгінгі күннің басты талабы. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды облысындағы соңғы үш жылдық көрсеткіштер еңбек нарығында инклюзивті мүмкіндіктердің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын аңғартады. 2023-2025 жылдары өңірде мүгедектігі бар 5 814 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылып, оның 3 810-ы нақты жұмысқа орналастырылды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жұмысқа апарар жол

Бұл бағыттағы жұмыс – ең алдымен, жүйелі қолдау шараларымен сабақтас. Облыста мүгедектігі бар азаматтарды еңбекке тарту бір ғана тетікпен шектелмесе керек. Бірі бос жұмыс орындарына жолданса, енді бірі субсидияланатын жұмыс орындары арқылы еңбек дағдысын қалыптастырады. Кейбірі қысқа мерзімді оқуға қатысып, жаңа кәсіп игереді. Өз ісін бастауға ниетті азаматтарға грант беру, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, арнайы жұмыс орындарын ашу сияқты шаралар да осы жүйенің құрамдас бөлігі.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік мекемелер қызметін үйлестіру бөлімінің бас маманы Нұркен Әшімхановтың айтуынша, халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды еңбек нарығына бейімдеу.

– Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуда басты мақсат – оның мүмкіндігіне, денсаулық жағдайына, кәсіби қабілетіне сай келетін еңбек ортасын қалыптастыру. Сондықтан, бұл жұмыс бірнеше бағытта жүргізіледі. 2023-2025 жылдары өңірде мүгедектігі бар 5 814 адам жұмыспен қамтылған. Соның ішінде 3 810 адам нақты жұмысқа орналастырылды. Жылдар бөлінісінде қарасақ, 2023 жылы 2 285 адам қамтылып, 1 117 адам жұмысқа тұрса, 2024 жылы 1 659 адам қамтылып, 1 318 адам еңбекке араласқан. Ал, былтыр 870 адам қамтылып, 1 375 адам жұмысқа орналасты, – дейді Нұркен Әшімханов.

Жұмысқа орналастыру арналары да әртүрлі. Үш жыл ішінде 1 855 адам бос жұмыс орындарына жіберілсе, 1 559 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. Оның ішінде 55 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 963 адам қоғамдық жұмыстарға, 74 адам жастар практикасына қатысты. Бұдан бөлек, «Күміс жас» жобасы арқылы 392 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 38 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы 3 адам еңбекке тартылды. 2025 жылы іске асқан «Алтын жас» жобасына 34 адам қатысқан.
Мұндағы маңызды мәселе – мүгедектігі бар адамдардың бәріне бірдей тұрақты жұмыс ұсыну мүмкін емес. Бір азаматқа тұрақты бос жұмыс орны қолайлы болса, екіншісіне алдымен бейімдеу, үшіншісіне қысқа мерзімді оқыту, төртіншісіне икемді жұмыс кестесі қажет болуы мүмкін. Сондықтан, жұмыспен қамту шаралары адамның жасына, кәсіби даярлығына, денсаулық жағдайына және еңбек ету мүмкіндігіне қарай сараланады.

Кәсіптік оқыту мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау да – осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі. 2023-2025 жылдары мүгедектігі бар 81 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1 123 адам оқытылып, оның 760-ы бизнес-жобаларын қорғап, сертификат алды. Өз ісін бастауға ниет білдірген азаматтарға 400 АЕК-ке дейінгі көлемде 367 грант берілді.

Міндет һәм мүмкіндік

Мүгедектігі бар адамдарды еңбекке тартуда квота тетігінің орны бөлек. Себебі, бұл – жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігін нақты іске айналдыратын механизм. Заңда белгіленген квота жұмыс берушілерге белгілі бір мөлшерде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдау міндетін жүктейді.

Бұл бағытта соңғы үш жылда бірқатар нақты нәтиже бар. 2023-2025 жылдары квоталанатын жұмыс орындарына 262 кәсіпорында 697 мүгедектігі бар адам орналастырылды. 2023 жылы 43 кәсіпорын 179 адамды жұмысқа қабылдап, жоспар 203 пайызға орындалды. 2024 жылы 113 кәсіпорында 231 адам еңбекке тартылып, жоспар 105 пайызға орындалды. Ал, 2025 жылы 106 кәсіпорында 287 адам жұмысқа орналасып, жоспардың орындалуы 102 пайызды құрады.

2023-2025 жылдары аймақ кәсіпорындарында барлығы 40 арнайы жұмыс орны құрылды. Оның ішінде есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін – 32, көру қабілеті бұзылғандар үшін – 7, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін 1 жұмыс орны ашылды. Жылдар бөлінісінде алсақ, 2023 жылы 12, 2024 жылы 13, 2025 жылы 15 арнайы жұмыс орны құрылған.

Бұл жұмыс орындары Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск қалаларында, сондай-ақ, Абай және Бұқар жырау аудандарындағы кәсіпорындарда ашылды.

Арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру кезінде жұмыс берушілердің шығындары субсидияланады. Атап айтқанда, жұмыс орнын құруға, қажетті жабдық сатып алуға, мүгедектігі бар азаматтардың жалақысын төлеуге қолдау көрсетіледі. Бұл, бір жағынан, жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін азайтса, екінші жағынан, мүгедектігі бар адамның еңбек нарығына кіру мүмкіндігін кеңейтеді.

Еңбек нарығы үнемі өзгеріп отырады. Бүгін сұранысқа ие мамандық ертең жаңарып, жұмыс берушінің талабы да күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуда кәсіби оқыту, қайта даярлау және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау ерекше маңызға ие. Бұл бағыт адамды дайын жұмыс орнына ғана емес, жаңа мүмкіндікке жетелейді. Соңғы үш жылда мүгедектігі бар 81 адам кәсіптік оқытуға жіберілді. Оның ішінде 2023 жылы – 33, 2024 жылы – 25, 2025 жылы 23 адам оқыған.

– Былтыр облыста әлеуметтік осал топтарға арналған «JUMYS TAP» жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында Қарағанды қаласында үш консультациялық пункт ашылды. Олар «Алтын Арба», «Ануар», «Корзина» сауда орталықтарында жұмыс істейді. Теміртау қаласында тағы бір пункт «Одежда» сауда үйінде ашылды. Жоба аясында қысқа мерзімді курстарда 39 адам оқыды. Оның ішінде 27-сі – мүгедектігі бар азамат, 12-сі – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ана. Оқыту Қарағанды технология және сервис колледжі, Қарағанды көлік-технологиялық колледжі және техникалық-құрылыс колледжі базасында жүргізілді. Курстар 5 күннен 1 айға дейін созылды. Қатысушылар тігінші, шаштараз, үй электригі, сантехник, жиһаз жинақтаушы, электргазбен дәнекерлеуші, флорист, автожөндеуші слесарь, электрослесарь сияқты мамандықтар бойынша сертификат алды. Бұл мамандықтардың көбі күнделікті тұрмыста сұранысқа ие. Мұндай жобалардың артықшылығы – адамды ұзақ теориямен шектемей, нақты дағдыға үйретуінде. Қысқа мерзім ішінде азамат белгілі бір кәсіптің негізін меңгереді. Әрі қарай ол жұмысқа орналасуы немесе жеке қызмет көрсету бағытын дамытуы мүмкін. Әсіресе, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналар үшін мұндай курстардың әлеуметтік маңызы жоғары, – дейді Нұркен Әшімханов.

Биылғы бағыт

Өткен жылдардағы жұмыс биыл да жалғасып отыр. Биыл мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бағытындағы шаралар күшейтілді. Жыл басынан бері өңірде 860-тан астам мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды. Бұл санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарына жолдау, арнайы жұмыс орындарын құру, кәсіптік оқыту, өз ісін ашуға арналған грант беру сияқты тетіктер қолданылуда.

Биыл мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота 291 орынға дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда квота бойынша 153 адам жұмысқа орналасқан.

– Соңғы жылдары жұмыспен қамту шараларының ауқымы кеңейіп келеді. Биыл да негізгі міндет – мүгедектігі бар азаматтарды тұрақты еңбекке тарту, жұмыс берушілермен байланысты күшейту және әр адамға лайықты бағыт ұсыну. Жұмысқа орналасу – процестің басы ғана. Одан кейін азаматтың жаңа ортаға бейімделуі, еңбек жағдайының қолайлы болуы, ұжыммен үйлесуі маңызды. Осы мақсатта өңірде сүйемелдеу жұмыстарына да мән беріліп отыр. Соның бірі – JOB COACH жобасы. Бұл жоба мүгедектігі бар азаматтың жұмысқа орналасқаннан кейінгі бейімделу кезеңін қолдауға бағытталған. Яғни, мамандар адамды тек бос орынға жолдап қана қоймай, оның жұмыс орнында тұрақтап қалуына, еңбек тәртібіне үйренуіне, ұжыммен байланыс орнатуына көмектеседі, – дейді Нұркен Әшімханов.

Мүгедектігі бар азаматтың жұмысқа орналасуына тек бос орынның болуы жеткіліксіз. Оған кейде құжат рәсімдеу, кәсіби кеңес алу, психологиялық қолдау, құқықтық бағыт-бағдар, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу, жұмыс орнына жету, ғимаратқа кедергісіз кіру сияқты көптеген қосымша жағдай қажет. Сондықтан инклюзивті жұмыспен қамту мәселесі қолжетімді орта және сүйемелдеу қызметтерімен тығыз байланысты.
Бұл бағытта Ten Qogam әлеуметтік қолдау орталықтарының қызметі маңызды рөл атқарады. Мұндай орталықтар мүгедектігі бар адамдарға ақпараттық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңес беріп, мемлекеттік қызметтерді алу, жұмыспен қамту шараларына қатысу, құжаттарды рәсімдеу бойынша қолдау көрсетеді. Яғни, адам өз мәселесін шешу үшін әр мекеменің табалдырығын бөлек тоздырмай, бір жерден бірнеше бағыт бойынша көмек ала алады.

Ешкімнің мүмкіндігі шектелмейді

Соңғы жылдар мұғдарында облыста арнайы жұмыс орындарын құрумен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке бейімделуіне жағдай жасауға ауқымды түрде көңіл бөлініп келеді. Жұмыс берушілердің физиологиялық және функционалдық шектеулерді өтеуге арналған арнайы жабдықтар сатып алуы, жұмыс орнын бейімдеуі, ерекше еңбек жағдайын қарастыруы – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі.

– Біз үшін маңыздысы – қоғамда мүгедектігі бар азаматтарға қатысты түсініктің өзгеруі. Жұмыстың нәтижесі тек мемлекеттік қолдауға байланысты емес. Инклюзивті орта қалыптастыруда жұмыс берушінің көзқарасы, ұжымның мәдениеті, әріптестердің түсіністігі де маңызды. Мүгедектігі бар адамды жұмысқа қабылдау қайырымдылық ретінде емес, кәсіби әлеуетті бағалау ретінде қарастырылуы керек. Олар – көмек алушы ғана емес, еңбек ете алатын, кәсіби қабілеті бар, қоғамға пайда әкелетін азаматтар. Сондықтан, жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіледі. Әр адамға мүмкіндік берілсе, ол өз орнын таба алады, – дейді басқарма өкілі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button