«Мен Гедда емеспін бе?»
Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында норвегиялық драматург Генрик Ибсеннің «Гедда Габлер» драмасының премьерасы қазақ тілінде қойылды. Аудармасын жасаған Әсел Асқарқызы болса, режиссері – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар-жасөспірімдер театрының қоюшы-режиссері Дина Жұмабай.

Басты рөлді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Саяжан Реал Бланко сомдады. Ал, өзге рөлдерді Қарағанды қаздрамтеатрының актерлері орындады. Кеңес Жұмабеков – генерал Габлер, Бауыржан Нұрмағанбетов – Йорган Тесман, Нұржібек Жансүгірова – Юлиана Тесман, Аружан Каленова – Теа Эльвстед сахналады. Асессор Бракк – Аман Мұқашев және Эйлерт Левборг – Айдос Нұрмағамбетов.
Генрик Ибсеннің «Гедда Габлер» пьесасы алғаш рет 1891 жылы Мюнхенде қойылған болатын. Сол кезде көрермендер тарапынан лайықты бағасын алмаған драма жылдар өте келе әлемдік театрлардың негізі ретінде қабылданды.
– «Гедда Габлер» алғаш рет қазақ тілінде қойылды. Мен үшін бұл – эксперименттің бір түрі. Өйткені, аударма кезінде кейбір сәттерді жеткізу қиын. Ибсен – психологиялық театрдың драмасы. Осы тұрғыда актерлер үшін де, мен үшін де қиынға түсті. Премьера – мен үшін бас репетиция. Әлі де болса, көрермен көзімен қарап, түзететін, тексеретін, толықтыратын жерлері бар. Пьеса бағытынан ауытқымауға тырыстық. Өйткені, «Гедда Габлер» – өте танымал шығарма. Ол бірнеше рет сахналанды, фильмдер түсірілді, – дейді режиссер Дина Жұмабай.
Премьераға астанадан оны аударған Әсел Асқарқызы да келді.
– Аударманы шығармашылық жұмыс ретінде қараймын. Ең қызықтысы – өзім аударған шығарманың сахнада қалай естілетінін, актерлердің оны қабылдауы. Сахналау барысында қандай да бір өзгерістердің орын алуы маған қызық. Екіншіден, бұл пьесада қоғамдық өмірдегі әйелдердің тағдыры қарастырылады. Көріп отырғанымдай, режиссер мен сахна суретшісі шығармашылық тұрғыдан келген. Адамдар аквариумдағы балық сияқты, бірақ бір-бірін түсінбейді. Бұл пьесада трагедия бар. Ол – адам өліміне бей-жай қарау. Себебі, пьеса кейіпкерлері тірі болғанымен, өліден айырмасы жоқ. Автор махаббатсыз өмірді әшкерелейді. Спектакльден кейін әркім өзінен «Мен Гедда емеспін бе?» деп сұрауы керек, – дейді Әсел Асқарқызы.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz