Мектебім — мәңгі көктемім

Кешегі өткен күн – кездесулер күні болды. Әуелі Ерзат шәкіртім келді үйге, Абайға қатысты дүниені алдымызға жайып қойып әңгімелестік. Әңгімесі қандай! Батыс, Шығыстың мен естімеген әпсаналарын айтып, таң қалдырды. Есейіпті, байсалданыпты. Көп оқып, ізденетіні көрініп тұр. Өйткені, бүгінде өзі де мұғалім. Университетте сабақ береді. Болашақ тіл-әдебиет мамандарын дайындайды.

Сәлден соң, сол баяғы әдемі қалпымен ақырын басып, Гүлнұр келеді. Асықпайды, әуелі сізді тыңдап алып сөйлейді. Бүгінде екі кішкентайы бар, қаладағы зияткерлік мектепте қазақ тілі мұғалімі. Шығармаларын төгілтіп жазатын, облыстық, республикалық олимпиадаларының жеңімпазы, мектеп мақтанышы, менің алтын Гүлнұрым ғой, ол!..

Менің мектепке, шәкірттеріме деген махаббатым сағынышқа айналғалы қашан?!. «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді» дейді Мұқағали. Кей түндері түсіме мектептің ұзын дәлізі, әрлі-берлі жүгірген балалар кіреді. Әкем марқұм ғұмырының 48 жылын мектепке арнаған жан еді. Нашарлап жатқан күндердің бірінде, жанында отырған маған: «Сонау жас кезім екен деймін. Қоңыраттағы (рудник Қоңырат) мектепте, сабақ беріп тұрмын, алдымда балалар отыр», – деп еді. Әкем айтқан сол түс ойыма жиі оралады. Ұзақ жыл ұстаздық еткен адамның ғұмыры – сағынышқа айналды ма екен?.. Мұғалім мәртебесі! Мәртебе деген не өзі? Ол үкіметтің шығарып берген заңымен, өсіріліп жатқан жалақымен өлшене ме? Жақсы. Бәрі дұрыс. Мұғалімді қорғайтын заң да қажет. Жоғары жалақы да керек. Ал, мұғалім ше? Оның деңгейі ше? Ол шәкіртін бұрынғыдан артық жақсы көре ме? Шын пейілімен оқыта ма? Екі айдан астам уақыт болды. Мектеп дәліздері бос қалды. Шуылдаған бала жоқ. Бәрі онлайн сабақта. Алғашқыда ата-ана, мұғалім де дүрлігіп еді, оған да үйренді, көнді. Көнбей қайда барады? Уақыт соған әкелді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі соңғы қоңырау салтанаты 25 мамыр күні өтпеді. Мектеп іші абыр-сабыр үнге толмады. Сынып бөлмелерінің есігі тарстұрс жабылмады. Сәнденіп киінген мұғалімдер, құшағы гүлге толған түлектер, қуаныштан асып-тасыған ата-ана, ақжарма тілектер… барлығы да артта қалды.

Мектеп бітіруші түлектерді айтсаңызшы! Соңғы рет тағылған ақ бантик, ұлдардың үстіндегі су жаңа костюм-шалбар, жүздері бақыттан бал-бұл жанған жастар… биыл мұның бірі жоқ. Қоңырау кейін соғылады. Карантин аяқталсын, маусымда дейді. Бәрібір бұрынғыдай болмайды. Соңғы қоңырау да сағынышқа айналды. Онлайн сабақ. Бет-жүзің көрінбейді. Дауысың ғана естіледі. Әрине, телеарналардан мұғалімдер сабақ жүргізді. Бірақ, көз алдыңда партада отырған «тірі» шәкіртіңді көрмейсің. Тақта, бор атымен құрыған. Интерактив бәрі. «Алдыңа қара. Сөйлеспей отыр. Кеше қайда болдың? Неге кешіктің?» деген әңгіме жоқ. Міне, сізге, онлайн сабақ. Қашықтықтан оқыту. Заман талабы, соған бейімдел. Мен үшін мектеп пен шәкірттерім сағынышқа айналды. Еске алар бақытты шағы бар, өзіндік мұңы бар сағыныш…

Әлия ЗИЯДАҚЫЗЫ,

ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері