Мәжіліс депутаттары – ҚАРҚАРАЛЫДА
Жазғы демалысқа шыққан Парламент Мәжілісінің депутаттары аймақтарды аралап жүр.
Осындай арнайы топ Қарқаралы ауданына да ат басын бұрған еді. Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Дулатбеков, Серік Сәпиев, Наринэ Микаелян аудан орталығы Қарқаралы қаласында, Егіндібұлақ селосында және Қарағайлы кентінде болып, жергілікті халықпен кездесті.
Қарқаралыда
Алдымен депутаттар жұмыс сапарын жол бойында қарқынды құрылыс жүргізіп жатқан жеке кәсіпкер Қайдар Ахметчиннің «Айса» шаруақожылығынан бастады. Ірі қара мал өсіруге ниет еткен қожалықтың атқарып жатқан іргелі істерін көріп, құрылыс нысандарын мал сою пункті, мал бордақылау орталығы, сондай-ақ, қонақ үй ғимаратын аралады. Заманауи типте жабдықталып жатқан құрылыс жұмыстарымен егжей тегжейлі танысты. Қазіргі уақытта герефорд деп аталатын асыл тұқымды ірі қара, жылқы өсіріп отырған шаруашылықтың жоспары жүйелі, мақсаты айқын.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болған депуттар ардагерлермен кездесіп, әлеуметтік сипаттағы бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Көгі майса, қойнауы қазына, топырағында қазақтың маңдайалды ұлдары дүниеге келген, ел ардақтыларының табанының ізі қалған киелі өлкеге келген халық қалаулылары күрескер ақын Мәди Бәпиұлының басына құран оқытып, Мәди ескерткішіне соқты. Арқаның алдаспандай ақтаңгері ер Мәдидің өмірі, мен қилы тағдыры, тау тұлғалы тас кескіні жайлы ардагер өлкетанушы Мейірхан Қасымжанов мәнді баяндап берді. Қасиетті өңірге келген қонақтардың арнайы келіп тағзым ететін ізгілік пен имандылық ордасы Құнанбай қажы мешітіне барып, дұға бағыштап, жерлес кәсіпкер Айдын Мезгілбаевтың қолдауымен бой көтеріп жатқан мешіттің құрылысымен де танысты. Бала Абай тоқтаған Бекметовтердің үйінде болып, белгілі көпеске арнайы жасалған фотосуреттер бұрышын тамашалады. Н.Дулатбеков мырза Бекметовтер отбасы мен Ж.Ақбаев туралы қызықты деректерді тілге тиек етіп, сәулеті ерекше тарихи ғимаратты аралап көрді. Осыдан бір жыл бұрын Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің аты берілген білім ордасы N2 орыс орта мектебінде болып мектеп ұжымы, оқушыларымен кездесті. Аталмыш ғимараттың апатты жағдайда тұрғандығы айтылып, жаңа мектеп салуға ұсыныс құжаттары білім басқармасына жолданғандығы, ендігі кезекте, құжаттардың дер уақытында қаралып, қаржы бөлінуіне қозғау салынса деген түйіткілді мәселені алға тартты. Дәл осы ғимаратта депутаттар спортсүйер өрендермен кездесті. Серік ағаларындай Олимпиада чемпионы болсақ деп, аудан абыройын облыс, республикада қорғап жүрген жеңімпаз жеткіншектер былғары қолғап түйістіріп, шеберліктерін көрсетті. Ал, С.Сәпиев бокс-төбелес емес, жылдамдық пен ептілікке негізделген жекпе-жек, белгілі бір ереже бойынша күш сынасатын спорт түрі екендігін айтып, қолтаңба қалдырып, естелік суретке түсті. Аркадий Топаев, Серік Елеуовтердің ізбасараларынан олимпиада чемпиондары шықсын деген тілегін де жеткізді.
Егіндібұлақта
Ұлы бабамыздың мерейтойы өткелі жатқан өңірге келген депутаттар Қаздауысты Қазыбек бидің еңселі ескерткішіне келіп тәу етті. Той алдындағы дайындық барысымен танысу, ұсыныс, тілегін тыңдау мақсатында, әрі тойды өткізу жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде халықпен жүздесуге келгендігін айтып өтті Н.Орынбасарұлы. Арнайы партияның жоспарына сәйкес халықпен кездесіп, тыныс тіршілігімен танысу, мұң мұқтажына құлақ түру, Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясаты, халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған бағдарламаларды түсіндіру, орындалысын бақылау мақсатында арнайы ауданға ат басын бұрғандығында жеткізе келе, жалпы мәжілісте отырған депуттардың атқарып отырған жұмыстарына да қысқаша тоқталып өтті. Жиын барысында село тұрғындары Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Т.Арконов Егіндібұлақ өңірінен шыққан ұлағатты ұстаз Зейнел Боранбаевтың есімін селодағы бір мектепке беру жөніндегі ұсыныстың тоқтап қалғандығын, жақсының атын, жасаған шарапатын кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге ретінде қалдыруды мақсат тұтқандығын айта келе осы мәселе уақыт оздыртпай шешімін тапса деген ұсынысын жеткізді. Село басындағы «Балқантау» ауылдық агро өнеркәсіп кооперативінің ет өнімдерін өңдейтін цехының жұмысымен танысты.
Бұл жерде баба тойына дайындық әлдеқашан басталып кеткен. Қарқаралы мен Егіндібұлақ арасындағы күре жолдың ой шұңқырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Село ішіндегі күл-қоқыстар шығарылып, тұрғын жайлар мен қоршаулар сыланып, сырланып, қалыпқа келтірілуде, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, биылғы жылы Егіндібұлақ селосын абаттандыру мен жарықтандыру, ауыл ішіндегі жолдауды жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 52,3 млн. теңге бөлінген.
Қарағайлыда
Сондай-ақ, ауданға жасаған арнайы іс-сапарында Парламент мәжілісінің депутаты Н.Дулатбеков қазыналы өлке Қарағайлы кентінде болып халықпен жүздесті. Қашанда жақсы істердің жаршысы болып жүретін кент жастарының өз күштерімен салған балалар алаңында болып тұрғындардың ой пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Жалпы, кездесу барысында кент халқы облыс әкімі Е.Қошанов мырзаға деген шынайы алғыстарын жеткізді. Ол кісінің Қарқаралы ауданындағы арнайы жұмыс сапары барысында кент тұрғындарының мұң мұқтажын тыңдап, күрмеуі қиын мәселелерді шешуге ықпал етіп жатқандығын, қомақты көлемде ауданға оның ішінде Қарағайлы кентіне қаржы бөлгендігін аудан әкімі Х.Мақсұтов та баса айтты. Аталмыш кездесуде де бірқатар жергілікті тұрғындар кент проблемаларын көтерді. Нақтырағында, жеке кәсіпкер, наубайхана басшысы Н.Мананбаева, кәсібін ашу үшін несие алар кездегі қағазбастылықты, кент тұрғындарын нанмен қамтамасыз етуде кездесіп отырған кедергіні де айтып өтті. Мәселен, арнайы электр қуатын беретін құрылғының жиі тоқтап қалатындығы, осы жөнінде КРЭК мекемесінен көмектің болмай отырғандығы, өтінішке құлақ аспайтындығын, кенттегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сәттібаев электр қуаты тарифінің қымбат екендігін жеткізді. Бүгінгі күнге кент бойынша судың жеткіліксіздігі, аудан және облыс орталығына қатынауда қиындықтардың болып тұрғандығы, екі ортада қатынайтын автобустардың өз кестесіне сәйкес шықпауы жиі орын алып отырғандығы салдарынан қалтаны қағып, таксимен жүруге тура келетіндігі, кент көшелеріндегі жарықшамдардың жеткіліксіздігі, жол мәселесі тағы көтерілді. Алайда, бұл кенттегі бірталай түйіткілді мәселелерді шешуге қаржының бөлінгендігін айтқан аудан басшысы, тек тендердің өтуін күту қажет екендігін түсіндірді.
Екі күндік жұмыс сапарларында депутаттар қоғамдық қабылдау жасап, аудан активімен кездесті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерінің орындалысы туралы хабарлама жасалып, Елбасы Жолдаулары мен «100 нақты қадам» – ұлт жоспарының міндеттерін басшылыққа ала отырып атқарылған іргелі жұмыстар айтылды. Қоғамдық кеңестің төрағасы Ә.Омаров ауданға арнайы ат басын бұрған депутаттарға алғысын білдірді. Сонымен қатар, шешімін күтіп тұрған мәселелерде айтылды. Солардың бірі Қарқаралы қаласының – ауыз су мәселесі. Халық саны 13 мыңнан астам, Қарқаралы қаласы аудандық маңызы бар қала болып есептеледі. Қала кіші қалалар санатына жатады және туризм мен демалыс орталығы болып табылады. Қазіргі уақытқа қаланы сумен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 1500 текше метр су қажет, бірақ кесте бойынша тек 700-800 текше метр су беріледі немесе қажет судың шамамен 50% ғана қамтиды. Судың тапшылығы қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізуде. Бұл мәселе Жарлы ауылынан 28 шақырымдық су құбырының құрылысы салынса ғана шешіледі.
Ауылды жерлердегі халықтың хал ахуалымен танысуға келген мәжіліс депутаттарына көптеген сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Қолдан келгенше көмектесуге уәде де берілді. Қарапайым халық үміт күтеді…
Р.S. Топырағында талай таланттар туған Қарқаралы қанша ғасыр өтсе де өзінің қасиетін жоғалтпайды. Себебі, бұл жерге кие дарып, бақ қонған. Тәуелсіз ел болып қалыптасуымыздың алғашқы алғы шартын жасаған қайраткерлердің мекені. Осы орайда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Дулатбеков қала басына неге Алаш зиялысы Жақып Ақбаевтың еңселі ескерткішін қоймасқа деген ұсыныс айтты. Қарқаралы уезінде дүниеге келген, «Қарқаралы петициясын» жазған еңбегі ұшан теңіз қайраткерге қандай құрмет көрсетсе де лайықты…
Сағыныш Әбілова.