Мәселеге – мағыналы көзқарас немесе сенатордың пікірі тұрғындар тілегімен үндес шықты

     ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей ЕРШОВ Жезқазған-Ұлытау аймағында жұмыс сапарымен болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ахуалын бағамдады. Қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарымен, сондай-ақ, атқарушы билік өкілдерімен жүздесіп, былтырғы жылы Парламентте қабылданған заңдар және заң шығаруға қатысты жаңа бастамалар туралы сөз қозғады. Жезқазғанда өткен кездесуде сенатор қаладағы коммуналдық базар мен «Дидар» телеарнасының жекеменшікке сатылып кетуіне байланысты өзінің өткір пікірін бүкпесіз жайып салды.

 

Кездесу барысында жүргізілген жұмыс көлемі туралы хабарлама жа­саған қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Виктория Ставицкая коммуналдық базардың жекеменшікке өтуіне орай, түсініктеме берді. Жауапты тұлғаның мәлімдеуінше, сату шаралары көпшілікке мәлім жекешелендіру жоспары аясында іске асырылған. Саудаға шығарылған «Әкімшілік ғимараттары кәсіпорны» ЖШС балансында болуы себепті, аталған кәсіпорынмен бірге жеке тұлғаның құзырына өтіп кеткен. Алғашқы сатылым бағасы – 98 млн. теңгені құрап, қайталама түрде үшін­ші мәрте өткізілген сауда-саттық қоры­тындысында 30 млн. теңгеге сатылған.

– Қоғамдық ахуалды қалыпты арнада ұстап тұру үшін жалпы қоғамның қолдауына сүйену қажет. Ал, оның түп-тамыры әлеуметтік тұрғыда жағымды жағдайлар тудыруда, яғни, адамдарды тұрақты жұмыспен қамтасыз ету мен нарықтағы бағаны төмендетуде жатыр,– деді осы жайтты екшеу кезінде әр сөзіне екпін бере сөйлеген Сергей Михаилович.

– Қалай болғанда да, теріс пи­ғылды азаматтардың, әсіресе, дәс­түрлі діндерден өзгеше бағыттағы діни ұстанымдары бар жандардың тұр­ғындардың ішкі наразылығын өз пайдаларына бұрып жіберуіне, әсте, жол берілмеуі тиіс.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қа­зақмыс» корпорациясы» әлеуметтік базар құрылысына 130 млн. теңге бөлді. Жоспар бойынша халық мүддесін меже тұтқан сауда орны күнделікті жұ­­мыс істеп, азық-түлік өнімдері ба­ға­сын тұрақтандыруға дәнекерлік етуі керек еді. Құрылыс жұмыстары тия­нақталған соң аталған нысан қалаға қайтарымсыз негізде берілді. Сөздің шынайы мағынасында, осы базарда азық-түлік жалпы нарықтағы бағадан 20-25 пайызға дейін арзан сатылып жатты. Қала басшылығы да, қарапайым тұрғындар да риза болатын. Басқа базарларда саудамен шұғылданушылар осында келіп, бағаны төмендетіп жібергені үшін ұрыс-керіс туындатқаны да көпшілік қауымның есінде. Демек, кезінде ізгі ниет кәдімгідей ілкімді түрде іске асты. Өз басым жағдайды бағамдау мақсатымен осы базарға жиі бас сұғып, адамдар үшін жақсы шаруа атқарылғанына сүйсінуші едім. Бүгін де кіріп шықтым. Баға – басқа базардағы секілді. Түк түсінсем, бұйырмасын. Неліктен? Сөйтсем, жаңа қожайын пайда болған екен. Жекеменшігіне сатып алған. Еркі – өзінде. Шындығын айтайын, қатты қапа болдым.

Бағаның күн санап шарықтай түс­кеніне тұрғындар, әрине, наразы. Бұл – белгілі жайт. Жергілікті билік «баға өсімін тізгіндеу – тым күрделі мәселе» дегенді желеу етумен шектеліп келеді. Мен өзім іссапармен болған барлық қалалар мен аудандардың әкімдеріне осындағы тағылымды тәжірибе туралы әңгімелеп жүр едім: «арнайы базар салдық, соның нәтижесінде азық-түлікке бағаның өсуін бұғалықтап отырмыз» деп… Олар таң қалатын, арнайы келіп, Жезқазғанның тәжірибесімен танысуға құштар еді. Ал, енді, көрсететін түк те қалмапты!..

Қарағанды облысының әр өңірінде жаңа колледждер, мектептер, дәрігерлік амбулаториялар салынып, ел игілігіне берілгеніне көз жеткіздім. Сәтбаев қа­ласында жаңа шағынауданды көрсетті. Ал, Жезқазғанның көрсеткені – 4 үлкен мейрамхана. Айтуларынша, қажеттілігі бар, сұраныс мол. Бұл, әрине, жақсы – көңілді өмір сүру қажет-ақ. Алайда, азық-түлік өнімдерінің бағасын «бетімен жіберуге» болмайды ғой.

Біз осы сапар барысында Сәтбаев­қа іргелес орналасқан іргелі шаруа қожалығының тыныс-тірлігімен та­ныс­тық. Оның тізгінін 20 жыл бойы біз­дің кенші азамат ұстап келеді. Ісі ілгері басқан шаруашылық. Өндірген өнім­дерін өздері ғана тұтынады, ешқайда өткізбейді. Өйткені, өткізетін жер жоқ, екі ортада жүретін делдалдармен байланысуға пейілді емес. Міне, дәл осындай өздері өндірген өнімді өткізу нарығын қажетсінетін фермерлер саны жетіп, артылады. Тұрғындарға бағасы арзан өнімдер керек. Ал, сіздерде еттің келісі – 1200 теңге. Орташа жалақы көлемі – 30-70 мың теңге мұғдарында.

Сергей Ершов «Дидар» теле­ар­на­сының жекеменшікке сатылуына байланысты өзіндік пікірін де ағынан жарылып, ақтарыла айтты.

– «Дидардың» қызметі кімге ке­­дергі келтірді? – деген сауалды төте­сінен қойды сенатор. Біз телеарнамен өзара түсіністік негізінде жұмыс істедік. Халық оның бағдарламаларын көруге қалыптасқан, күтіп отырады. Ол жекеменшікке өткен соң телеэфир­де не болатынын кім біледі?! Еш­кім де, өйткені, жекеменшік арна. Сол себепті, мұндай маңызды нысан­дарды жекешелендіру мәселесіне артық­шылығы мен кемшілігін мұқият сараптап, орнықты түрде таразыға тарта отырып барған жөн. Жалпы, бардың бағасын білу, құндылықты құрдымға жібермеу – қашанда өзекті. P.S. Қысқа қайырғанда, мемлекет мүддесі мен халықтың мұқтажын бәрінен биік қоятын халық қалаулысы құзыры биік тараптардан мәселеге мағыналы әрі байыпты көзқарастың бар екендігін айғақтап берді. Жезқазғанның жай-күйін он саусағындай жетік білетін сенатордың пікірі тұрғындар тілегімен үндес шықты. Заң шығару ісіне тікелей қатысумен қатар, сол заңдар талаптарының мүлтіксіз орындалуына көңіл бөлуге тиісті тұл­ғаның мәлімдемесі металлургтер мекенінде күйкі тірліктен бастау алатын «шикіліктердің» орын алып тұратынын күмәнсіз ашып көрсетті. Парламент мүшесінің парасатты талабы келешекте жергілікті билікке сабақ болса, кәне?!..

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.