ЖезқазғанМереке шуағы

Отанға қызмет – ерге міндет

Серке Қожамқұлов атындағы сазды драма театрында Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік салтанат өтті. Жиналған жұртшылықты қала әкімі Қайрат ӘБСАТТАРОВ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығымен құттықтады.

– Биылғы мереке ерекше. Отанымыз Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығын атап өтуде. Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Өзін ермін деп есептейтін, кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар әрбір азамат үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған кең байтақ жерімізді қазір айбынды әскеріміз көздің қарашығындай сақтауда.

Еліне қорған болар ерлерді тілге тиек еткенде біз Ұлы Отан соғысында теңдессіз ерлік көрсеткен аға буын алдында тағзым етеміз. Сол сұрапылда Жезқазған, Ұлытау және Жездіден майданға аттанған 12 мың боздақтың төрттен бірінің табаны қайта туған топырағына тимеді: 1466 адам қаза тауып, 1605-і хабарсыз кетті. Осы өңірдің 6 азаматы Кеңес Одағының Батыры, екеуі Даңқ орденінің толық иегері атанды.

Бүгінде ортамызда жүрген, Ауғанстанның алапатынан өткен, Чернобыль апатын ауыздықтаған, Ирак, Таулы Карабах, Тәжікстандағы әскери қақтығыстарға қатысқан 180-нен астам ержүрек жауынгердің жастарды нағыз патриоттық рухта тәрбиелеуге қосып отырған үлесі зор, – деді қала басшысы.

Мерекелік құттықтауды қалалық мәслихат хатшысы Әбдірахман Досанов, қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Әсет Түсіпбеков, Тәжік-Ауған шекарасындағы қанды қақтығысқа қатысқан Бауыржан Тайманов жалғастырды.

Саланың бір топ ардагері мен қызметкері марапатқа ие болды. Олардың қатарында Жезқазған қаласының Құрмет грамотасына ие болған Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысушылар – Георгий Семенович Веверица, Мақсат Тілегенов, Көрпеш Хамитов, Ауған соғысының ардагерлері – Темірғали Абылқасенов, Нұрғазы Әбдіғалиев, Аманжол Әміров, Өмірғали Берлібеков, Ертөстік Рамазанов, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері – Валентин Иванович Броцкий, Владимир Иванович Гужаковский, Валерий Ильич Дягилев, Федор Федорович Дятлов, Сергей Леонидович Зайцев, Владимир Васильевич Иващенков, Марат Раймбеков, Владимир Антонович Пак, Манас Акатов, Алексей Никитович Соболев, Данил Васильевич Угаров бар.

Салтанатты жиын күмбірлеген күймен, әуезді әнмен, мың бұралған бимен айшықталды.

Әлібек ӘБДІРАШ. 

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button