ҰЛЫЛЫҚ ШЕКАРАҒА, ҰЛЫЛАР АУДАН-ОБЛЫСҚА ЖІКТЕЛМЕЙДІ

Бүгін Павлодар облысында «Ұлы Дала» Халықаралық этнофестиваль басталды. Айтулы шараға Ресей, Монғолия, Қытай мемлекеттерінен меймандар қатысуда.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған өнер мерекесі Бұқар жыраудың 350, Мұса Шоранұлының 200, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160, Естай Беркімбайұлының 150, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойларын қамтып отыр.

Қарағандылық делегацияны «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалинов бастап барды. Облыс делегация құрамында «Көмекей әулиенің» 13-ші ұрпағы, ұлағатты ұстаз, шежіреші, «Алтынторы шежіресі» кітабының авторы Ғалымтай Бақтияров және зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар бар.

Дүбірлі мерекенің бірінші күні халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға арналды. Бабалар мұрасына жаңаша көзқарас, көрнекті тұлғалардың мұраларын зерттеу-зерделеу деңгейі деген секілді өзекті мәселелер конференця өзегіне айналды. Түстен кейін қарағандылық делегация Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында жергілікті руханият өкілдерімен кездесті. Баба тойына дайындық барысы туралы Бұқар жырау ауданының әкімі Ш.Мамалинов егжей-тегжейлі баяндап берді.

Жалпы, ұлыларды дәріптеуге, олардың асыл мұраларын насихаттауға арналған бүгінгі шара ұлылықта шекара, ұлыларды аудан-облысқа жіктелу болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Ұлылар- ортақ!

Дәл қазір Ертіс жағалауындағы дала сахнасында «Ертістің ерен Естайы » атты дәстүрлі әндер фестивалі басталғалы жатыр. Ертеңгі бағдарлама қала сыртындағы этноауылда жалғасады.

Ерсін Мұсабеков,

«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.