Ұлы Даланың тұлғасы
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тұлғаларды ұлықтаудың маңызына ерекше тоқталды. Тарихымызда өшпес із қалдырған ұлы тұлғаларымыз ежелде де, өткен ғасырларда да болған, керек болса, арамыздан қазір де табылады. Қазіргі ай мен күннің аманында, кешегі тоталитарлық заманда қиындықтарға төтеп берген асыл текті ағаларымыздың есімін естен шығармай, оларды жас ұрпаққа үлгі ете білу – бүгінгі қоғамның басты міндеті, парызы деп білеміз.
Кез келген адамның өмір жолына бағыт сілтеген, тағдыр белестерінде өшпес із қалдырған ұстазы немесе тәлімгері саналатын жандар болады. Ол мектепте сабақ берген немесе сынып жетекшісі болған мұғалімі де, еңбек жолында кездескен басқа адам болуы да мүмкін. Нағыз ұстаз өмір сүруге жөн сілтеп, шынайы кәсіби шеберлікке баулитыны ақиқат. Ақыл-кеңестерімен, өнегелі істерімен бөлісіп қана қоймай, оларды өзі үйретеді. Ұстаз өзінің мінезқұлқын, болмысын шәкіртінің бойына сіңіреді, тәжірибесін үлгі етеді.
Менің туған әкем – Төлеутай болса, рухани әкем – өмірлік және кәсіби ұстазым Зада Әкімбекұлы Қажыбеков болды.
Зада Әкімбекұлының еңбек жолы, кәсіби ғұмыры мені көп нәрсеге үйретті, өмір жолыма жарқын бағыт болды. Ол кісінің кәсіби өмірбаяны 1950 жылы Алматы заң институтын бітірген бетте басталды. Қызметтік ғұмыр бастауы соғыстың қиын жылдарына дөп келді. 14 жасқа толған 1941 жылы Нұра ауданы, Киевка ауылдық кеңесінде хатшы қызметін атқарды, одан кейін Нұра аудандық атқару комиссариаты жалпы бөлімінің меңгерушісі, содан соң Нұра ауданы прокуратурасының хатшысы болды. Бір таңғаларлығы, жасөспірім жігітке бұл жұмыстарды мектептегі сабағымен қатар алып жүруге тура келді.
Жас заңгер жоғары оқу орнын бітірген соң прокуратура органдарына жолдама алды. 23 жасында КСРО-ның ең қатаң каторгасы – СтепЛагтың «халық жауларына», саяси тұтқындарға арналған еңбекпен түзеу мекемесі прокурорының көмекшісі лауазымына тағайындалып, 1956 жылға дейін қызмет атқарды. Бұл жас жігітке аса ауыр және қауіпті болғанын атап айтқан жөн. Қауіпті тұсы – күшжігерін қазақтарды даттау мен соттауға емес, ақтауға жұмсағаны. Ол бар білімін, әділдікке құштарлығын азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағыттады. Игі мақсаттағы күш-жігерінің арқасында заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген азаматтар ақталды.
Оның ерлігі туралы СтепЛагтың бұрынғы тұтқыны, көрнекті қазақ ғалымы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, лагерден Зада Қажыбековтің табандылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында босатылған Бүркіт Ысқақов өзінің Зәкеңе арнаған «Прокурор» атты поэмасында жазады. Осы шығарманы тарихи құжат ретінде пайдаланған абзал. Өз басын қатерге тіккен жас жігіт ел мүддесі үшін тайсалмай күресуде! Сол поэмадан үзінді келтірейін:
«…Ызамен жүрек тесіліп,
Отыр ем оймен ашынып.
Түрменің темір есігі
Кенеттен кетті ашылып.
Кіріп келді үстіме
Помпрокурор жас жігіт,
Көзіме көзі түсті де:
«Отырсың, – деді, – не қылып»?
Тұрмадым созып сөзді мен,
Салқындау айттым жайымды.
Прокурордан күтпеп ем
Нансаңыз, достар, қайырды.
«Жарайды, жақсы» – деді де,
Шығып кетті қоштасып.
Соңынан бастық келді де,
Оқыды қаулы, папка ашып.
-Ысқақов кім? Сізсіз бе?
Затыңызды алыңыз.
Кешірерсіз, Сіз, бізді,
Азатсыз енді, барыңыз.
Азаттық деген лебізді
Естігенде жаутаңдап,
Аяққа іліп кебісті,
Жөнеле бердім томпаңдап.
Прокурорды орынға
Санаушы ем ылғи даттайтын.
Бар екен сөйтсем оның да
Адамды кезі ақтайтын!»
СтепЛаг пен Ерекше лагердің прокуратурасынан кейін Зада Әкімбекұлы 1956-1965 жылдар аралығында Павлодар облысы, Ермак ауданында прокурор болды. Содан соң Қарағанды облысының прокуратурасында белсенді қызмет етті.
1965 жылы Қазақстан Компартиясы Қарағанды облыстық комитетінің әкімшілік органдары бөліміне шақырылып, 1971 жылға дейін жұмыс істеді.
Зада Әкімбекұлы Қарағанды облысы әділет органдарының құрылуының бастауында тұрды. Қазір кеңінен танымал, өткен ғасырдың 80-90 жылдардағы заңгерлері өздерінің кәсіби жолын оның тәлімгерлігімен бастады. Ол облыстық әділет органын басқарғанда менің әкем милиция органдарында жұмыс істеді және отбасылары етене араласқан достар болды.
Университеттен кейін маған З.Қажыбеков Әділет басқармасының басшысы болған кезде кәсіби қызметімді бастау бақыты бұйырды. Әділет органдары соттардың қызметін үйлестіріп, кадр даярлау жұмысын ұйымдастырумен, қызметін бастаған судьяларды тағылымдамадан өткізумен айналысты. Осы жерде Зада Әкімбекұлы сол кезіндегі қатал идеологиялық саясатқа қарсы тұрып, облыс бойынша кадр тағайындауда басымдықты ұлттық мамандарға беріп отырғанын атап өту керек. Елдің әр түкпірінен келген талантты жастар заңгерлік еңбек мектебін Қарағанды облысында бастап, кейін басқа өңірлерде жалғастырғаны, республикамыздың жоғары деңгейдегі құқық қорғау ұйымдарында абыроймен қызмет еткені мәлім.
1981 жылы тағылымдамадан кейін мен Қарағанды қаласы, Совет аудандық халық сотының судьясы болып сайландым. 1984 жылы Нұра аудандық халық сотының төрағасы болып, Киевка кентіне, Зада Әкімбекұлының «кіші Отанына» келдім. Сонда облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Зада Әкімбекұлы бірнеше рет келіп, отбасымызбен тығыз араласып тұрдық. Бұл мені тұлға, заңгер, сот ретінде көп нәрсеге үйретті. Зиялы адаммен сөйлескен әр күнім, әр сағатым теңдессіз сабақ болды.
Ұстазым отбасындағы бес баланы қазақы рухта тәрбиеледі. Сол балалармен әлі де достық қатынастамын.
Зада Қажыбеков 2000 жылы бақиға аттанды. 2002 жылы маған ҚР Бас Прокуроры кезімде Қарағанды қаласы, Қазыбек би атындағы аудандық сот ғимаратына Зада Әкімбекұлына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуына қатысу бақыты бұйырды. Зада Қажыбековке «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» белгісін беру туралы бұйрық шығарып, аталған марапатты ұстазымның отбасына – жеңгемізге табыстадым.
Зада Әкімбекұлы Еңбек Қызыл Ту орденімен, КСРО Прокуратурасы мен Министрлігінің құрмет белгілерімен, «Қазақ КСР еңбек сіңірген заңгері» атағымен марапатталған.
Оның халық алдындағы абыройын Халық депутаттары аудандық және облыстық кеңестерінің депутаты болып бірнеше рет сайлануы айғақтайды. Ұстаз үшін ең басты марапат – шәкірттерінің тәлімгер алдындағы тағзымы, Абай хакімше айтсақ, ол туралы «Толық адам» ретінде толғаған тағылымға толы естеліктері деп білемін.
Рашид ТҮСІПБЕКОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты