Рухани жаңғыруРуханият

ҰЛЫ ДАЛА ДАНАГӨЙІ

Ұлтты ұйыстыру жолында Ұлы даланың ұмытылмас ұланына айналған ұлық тұлғаларымыз аз ба еді? Бүтін бір елдің бірігуі үшін барын салған сондай сайыпқырандарымыздың бірі һәм бірегейі биыл туғанына 350 жыл толған – Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫ. Жас кезінен-ақ алғырлығымен танылып, ханның қабырғалы биі дәрежесіне дейін жеткен, сөз маржанын түйдегімен төккен шешен, «көмекей әулие» атанған абыз жырауды Алаш жұртына таныстырып жатудың өзі әбестік. Десе де, аз-кем айтарымыз да жоқ емес.

Соңында қалған сөзіне, ел аузындағы абыройлы ісіне көз жүгірте келе, Бұқар жырау бабамыздың сол кездің өзінде-ақ аталық, рулық санадан ұлттық санаға көтеріле білгенін байқар едік. Ол – тұтас бір ұлттың әлеуметтік жай-күйін, елдік мәселесін тілге тиек етіп, өзіндік пікірін, ұстамды билігін айтады. Өзіне дейінгі жыраулардың жыршылық дәстүрін жалғастырып, оны жаңа бір биікке көтерді. Сондықтан, оның тұстасы Үмбетей жыраудың:

Өткіздік тоғыз ханды толғауменен,

Шештің талай түйінді болжауменен.

Іс болса қиын-қыстау сен сайыстың,

Қылыш қып-қызыл тілді қорғауменен, – деп үлкен баға беруі де тегін емес.

Бала жастан танылған Бұқар бабамыз ақылман ойшылдығының, «отауызды, орақ тілді» шешендігінің, тереңнен толғайтын жыраулығының, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді ұстанған, қын түбінде жатпайтын алмас қылыш секілді өткірлігінің арқасында елге танылды. Ол аз десеңіз, ханға, оның төңірегіндегілерге сөзін өткізе алатын, айтқан болжамдарына иландырып, тоқтау сала білетін ақылманға айналды. Жорыққа аттану, ел ішіндегі дау-шар, маңызды елдік мәселелер дейсің бе, бәрі-бәрі жыраудың қатысуымен шешіліп отырған. Сөзіне құлақ асқан. Ақыл-кеңесіне ден қойған. Ол – өзі өмір сүрген дәуірдің шын мәнісінде ұраншысына айналған. Бүгінгі тілмен айтсақ, бас идеологы болған.

Бұқар бабамыз – ел билеген басшысы әділ, жайлы, халқына жақын болса дегенді көксейді.

Ер-айылдың батқанын,

Иесі білмес, ат білер.”

Немесе

Ханның жақсы болмағы,

Қарашының елдігі.

Қарашы халық сыйласа,

Алтыннан болар белдігі,” дегенде, ел билеушісі халқын ойламаса, оның тыныштығын, ауызбіршілігін сақтап, уыздай ұйытып, ұйыстыра білмесе, оның зардабын түптің-түбінде тартатын, қиналатын қарапайым халық дегенді білдіріп отыр. Елді дұрыс жолға бастайтын да, әлеуметтің тұрмысын жақсартатын да, бір ту астына жинап, «бір анадан туғандай етіп», мықты мемлекет жасайтын да, дұрыс жолға бастайтын да ел басшысы. Жырау өмір сүрген хандық дәуірде де ру-руға бөлінудің белең алғанын, «алты бақан алауыздықтың» салдары сыртқы жауларға талануға, мемлекеттілікті нығайтуға көп кері әсерін тигізгенін тарихтан білеміз. Сондықтан, Бұқар бабамыз да Абылай ханмен тізе қосып, елдің болашағы үшін күресті. Хан мен ел билігіндегілер қанша биікпін, асқақпын деп, өзім білемге салынып, ел тағдырын шешу өзімнің қолымда десе де, абыз жырау халық қаһарланса ханды да тағынан тайдыратынын үнемі ескертіп, айтып, астамшылықтан сақтандырып отырған. Оған тағы да жыраудың жырлары дәлел.

Өтіңменен жарылма!

Өкпеңменен қабынба!

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген,

Жұртыңа жаулық сағынба, – дейді.

Бұқардың осы сөзінен кейін Абылай райынан қайтып, орыспен соғысу, өз елінің батырларына, әлсіз руларына соқтығысу ойынан бас тартқаны, тарихтан бізге белгілі. Бұл жерде хан Абылайдың дипломат болғанын көреміз. Қанша қатты айтса да, ханмын демей, ақиқат сөзге құлақ түріп, ақылына тоқтап отыр. Жалпы, хан Абылай әр жорыққа аттанар алдында, маңызды бір шешімдер қабылдар алдында Бұқар жырауды алдырып, ақылдасып, кеңескен. Бұдан сол кездердің өзінде-ақ ел басқаруда дала демократиясының билік құрғанын анық аңғаруға болады. Бұл – пікірлер алуандығы да болғандығының бір дәлелі. Осы айтқандарымыз, бізде бұрын демократия болмаған деп жүргендерге берілетін нақты жауап деп білеміз. «Көмекей әулие» хан мен оның төңірегіндегілерді үнемі сынай бермей, орынды жерінде елі, халқы үшін жасаған олардың игі істерін де айтып, дұрыс баға беріп отырған. Сондықтан, елдің бейбіт, тыныш өмір сүруі, ауызбірлікте болуы, ел билеген ханның әділ болуы, ал, ақ киізге көтеріп, өзі сайлаған халықтың ханға бағынуы – оның басты арманы болды. Бұл ретте жырау:

Сірә, бір кеңес құрыңыз,

Бірауызды болыңыз,

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін,

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз! – дейді.

Бұқардың осы айтқандары, сан ғасырлар армандаған тәуелсіздігімізге қол жеткізген бүгінгі шақта айна-қатесіз келгеніне еріксіз таң қаласың. Өзі таңдап, сайлаған дана басшысының арқасында қазақ елі әлемге танылған, әлемдік өркениет көшіне ілескен, ілесіп қана қоймай, дамудың, қарыштап алға басудың үлгісін көрсетіп келе жатқан, «Мәңгілік Ел» болуға ұмтылған мемлекетке айналды. Дүние жүзіне танылды. Аузын айға білеген АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Франция, Ресей сынды елдермен үзеңгі қағыстырып, өзге де көптеген мемлекеттермен терезесі тең жағдайда отырып сөйлесетін, олар бізбен санасатын дәрежеге жеттік.

2030 жылы дүниежүзіндегі дамыған 30 ірі мемлекеттің қатарына кіруге қам жасап жатырмыз. Көптеген мәселелерде тіпті бізден үлгі алатын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне Орта Азия елдері арасынан тұңғыш рет сайланған тұрақты емес мүшесі болсақ, бұл да бейбітшілік сүйгіш саясат жүргізіп келе жатқан біздің елімізге берілген үлкен баға деуге тұрады. Жер шарында қан-төгіс болып, халқы жазықсыздан-жазықсыз құрбандыққа шалынып жатқан мемлекеттер қаншама. Тұңғыш Президентіміз, дана саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен елімізде әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигоны жабылды. Бір-бірімен дүрдараз болған елдерді татуластыру үшін араағайын болып келеміз. Бір-бірімен бітіспейтіндей болып көрінетін түрлі діндерді келісімге келтіріп, Астанаға жинап, дінбасыларының Дүниежүзілік съезін өткіздік. Еліміз уыздай ұйып, бірлікте, тату-тәтті, бір шаңырақтың астында, бір атаның балаларындай бейбіт өмір сүруде. Күні кеше, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын мерекелеу қарсаңында Орта Азиядағы бес мемлекеттің басшылары ел жүрегі Астанаға келіп, бас қосып, кеңес өткізіп, тату көрші, бауырлас мемлекеттердің қандай болуы керектігін үлгі етті. Осы жүздесі – абыз жыраудың «Бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз» деген дана сөзінің куәсындай. Бұл XVІІІ ғасырда өмір сүріп, артына өлмес, өшпес асыл мұраларын қалдырып кеткен абыз жырау армандарының орындалғаны емей немене?!!

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері – ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні сияқты ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деген еді. Бұл ретте, Абылай хандық құрған дәуірде өмір сүріп, халқының мәңгілік ел болуы, оның бірлігі, тыныштығы, азаттығы үшін күресіп, толғап өткен Бұқар жырау Қалқаманұлының мәңгілік өлмес, өшпес, тот баспас асыл мұраларының бүгінгі дәуір, болашақ ұрпақ үшін де маңызы зор деп түсінуіміз керек.

Бұқар жыраудың толғауларынан тәлім алатын тұстар аз емес. Оның тағы бір ерекшелігі – мәмілегерлік, бітістірушілік қасиеті. Ол – хан Абылай мен батырлар, қараша халық арасындағы дау-дамайды, талас-тартысты, келіспеушілікті насырға шаптырмай, бейбіт реттеп отырған. Оған мысал да көп. Соның бірін айтар болсақ, қалмақты қырып, қытайды елінің шетіне дейін қуып тастап, батырлардың мәртебесі биіктегеннен кейін, Абылай хан үш батырдың қолын тегіс жинап, Шимойын деген жерде үлкен той жасайды. Той болардың алдында, екі айға созылған соғыстың соңғы күндерінің бірінде Наурызбай қолы түн ішінде қытай әскерлеріне шабуыл жасап, оңаша жемделіп байлауда тұрған жүз қаралы жылқының үстінен түсіп, оларды айдап келеді. Бұл әскер басылары мінетін аттары болатын. Наурызбай солардың ішінен бес боз арғымақты ұстатып алып, ноқталатып, мұны Абылай ханға сыйға жібереді. Бұл сыйлықтың аяғы ушығып, хан мен екі қолбасының арасы қатты шиеленіседі.

Оқиға былай болады. Абылай хан бес боз арғымақты әбден қарап, сонан соң екі арғымақтың біреуін Қабанбайға, біреуін Бөгенбайға жетектетіп жібереді. Сонымен, ханның бұл сыйына екеуі де риза болады.

Бір аптадан кейін Абылай хан жеңісіне той өткізіп, Бұқар жырау болса топтан топқа жүріп, жыр толғайды. Абылай хан жеңісі мен батырларды дәріптейді. Шаршы топ алдында ханнан сый алып тарқасқан сәтте, хан сыйлаған ақбоз атқа мінген Бөгенбай:

Сенің атың қайда? – деп сұрайды Шапырашты Наурызбайдан.

Міне,– деп Наурызбай торы ала атын көрсетеді. Әңгімелесе келе, екі батырдың да мінгені Наурызбай қолға түсірген ат екенін білген соң, Қабанбай өзі мінген ақбоз аттан түсіп, Абылай хан алдына келіп:

Әділетсіз берілген сыйыңды алмаймын, Наурызбай мұны жаудан түсіреді, ал сен Бөкең екеумізге сыйлайсың. Мұндай әділетсіздікті мен көтере алмаймын,– деп дүрсе қоя береді.

Бөгенбай да қатты кетіп:

Хан қара емес, қате қарадан кетеді, хан әділетінен тайса, қара болады,– дейді.

Екі батыр да екі ақ боз аттың ер-тұрманын сыпырып алып, жігіттерінің атының біріне өңгертіп жібереді. Найзасына талай дұшпанының басы шаншылған, қаһарына мінген Қара керей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай Абылайдың өзін шауып алмақшы болып, ашудың ақыры насырға шаба жаздайды.

Хан мен батырлар арасындағы ақ боз аттар дауы Бұқар жырауға да жетеді. Іс насырға шауып бара жатқанын байқаған абыз жырау үш батырға батыра айтып, оларды елдің тыныштығы, бірлігі, тұтастығы үшін, сөзге тоқтап, мәмілеге келуге, Абылай ханмен татуласуға шақырады. Бұқар жырау Қабанбай батырды иліктірген соң, енді Бөгенбайды қолға алады. Сөйтіп, райынан қайтарады. Бұдан кейін Бұқар жырау сөздің бетін Наурызбайға бұрады. Үшеуін бір тоқтамға келтіргеннен кейін:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Наурызбай!

Бүлдірмеңдер ел ішін,

Болғанда жаңа сау, мұздай!

Ханда да қателік.

Айтпай оны не етелік.

Ішкі дауды қойыңдар,

Жау түбіне жетелік.

…Үшеуіңде құт-береке,

Қазақтың бүркіт түлегі!

Жауға салса – жарағы,

Күреске салса – білегі!

Ала болсақ өзіміз,

Қалмақ сонда бүледі.

Бүлдіріп бәрін, тұлдыр қып,

Ыржалаңдап күледі.

Сақта қазақ бірлігін!

Тоқсанға келген қарт Бұқар,

Осы соңғы тілегі,– деп, ел үшін ұрыс-керіс, дау-дамай, реніш-өкпені ұмытып, тұтасуға шақырады.

Тоқсанға келген қарт баба сөзінен кейін барлығы орнына келіп, батырлар сабасына түсіп, хан қатесін түзеп, қазақтың үш батыры бұдан кейін үнемі Абылайдың төңірегінен табылып, хандық мемлекетті нығайтып, ішкі, сыртқы жаулардан бірігіп қорғануда ауызбірлікті болуда туған халқы үшін қалтқысыз қызмет етеді. «Көмекей әулиенің» осындай мәмілегерлік өнегесін бүгінгі заманның өзі қажет етіп, елімізде медиация туралы заң қабылданып, іске асып жатса, баба жыраудың асыл мұраларының үш ғасыр өтсе де маңызын жоймаған бүгінде де өзектілігін көреміз. Түрмесіз-ақ бұзықтарын тезге сала білген, екі жақты бітістіре білген ұлтымыздың ұлылығын танимыз.

Баба жыраудың сол кездері-ақ болжап айтып, сақтандырып кеткен керемет көрегендігіне таң қалмаса болмайды.

Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағайға шықпас деп.

Күнбатыстан бір дұшпан

Ақырда шығар сол тұстан.

Күншығысқа қарайды,

Шашын алмай тарайды.

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Өзі сынды пір кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа!

…Жебірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан!

…Тексізді төрге шығарып,

Істетер сұмдықты ұйғарып.

Немесе

Еліңе қауіп төнгенде,

Ата ұрпағың құл болар.

Қараларың қас болар,

Қаскөйлерің бас болар.

Өзісары, өзі көк,

Орыстар келер ғалым боп.

Әулиедей көрінер,

Діндәрінің аты – поп.

Поптары бар сазандай,

Кітабы болар қазандай.

Ақыретке барғанда

Ақсүйекті қор тұтқан,

Орыстарды пір тұтқан,

Сорлы болған қазағым,

Тартарсың сосын жазаңды-ай!– деп айтқан болжамдары айнымай келіп, үш ғасырға жуық отарлық қамытын киіп, кеңестік дәуірдің жетпіс жылдық тоталитарлық режимінде өмір сүріп, талай зобалаңды бастан кешкенімізді, дінсіз қоғам орнатып, имандылықтан айрылғанымызды, туған тілімізден мақұрым қалып, «шүлдірлеп» кеткенімізді, ұлттық болмысымызды жоғалтқанымызды, «қызыл қырғынға» ұшырағанымызды, «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегеннің кері келгенін, елімізді ұрлық-қарлық жайлап, жемқорлықтың етек алғанын ұлы дала данагөйінің осыдан үш ғасыр жарымдай бұрын болжап, ескертіп кеткен керемет көрегендігіне таң қалып, еріксіз басыңды иесің.

Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» десе, рухани құндылықтарымызға оралу, рухани асыл мұраларымызға жаңаша тыныс беру, жандандыру, қастерлеу, оларды жас ұрпақтың санасына сіңіріп, мәңгілік ел болу жолында, ауызбіршілігімізді арттырып, ынтымағымызды нығайтып, «өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып», жоғалтқандарымызды қалпына келтіру, ұлттық болмысымызды (ұлттық кодты) сақтау, ұлы бабаларымыздың қалдырып кеткен ұлағаты мен тәлімін, тот баспас асыл сөздерін бүгінгі ел басқару ісіне, жас ұрпақ тәрбиесіне ұтымды пайдалану дегенді аңғартса керек. Бұл тұрғыда Ұлы дала данагөйі, абыз Бұқар жырау Қалқаманұлының асыл мұрасы да “Мәңгілік Ел” идеясына үндеп тұрған, жас ұрпақ санасында жаңғыртуды қажет ететін баға жетпес құндылығымыз екенін әр кез естен шығармағанымыз дұрыс.

Болат СӘРСЕМБАЕВ,

Қарағанды экономикалық

университетінің экономикалық және құқықтық зерттеулер ҒЗИ аға ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button