Басты тақырыпСпорт

Ұлттық тағамдар – ас мәзірінде

    ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындарына қатысушылар қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татпақ. Өткен аптада Универсиаданы ұйымдастыру дирекциясы спортшыларға ұсынылатын тамақ мәзірі таныс­тырылды.

«Атлеттер ауылындағы» асханада бес түрлі тағам мәзірі дайындалуда. Бұлардың қатарында қазақтың ұлттық дастарқаны, шығыс, батыс, вегетарияндық және халал тағамдар бар.

FISU талаптарына сәйкес, атлеттердің тәуліктік калория нормасы 400-4500 килокалорияны мөлшерлейді. «Royal Catering» компаниясы бас директорының орынбасары Индира Ахметованың айтуынша, тағамдар таңдауы сан алуан. Жаһанның әр қиырындағы елдердің тамақтары әзірленбек. Ас мәзіріне, тіпті, пицца, стейк, паста, спринг-ролл, тай елінің «Том Ям» сорпасы енгізілген.

Спортшылар қазақтың ұлттық тағамдарын да тұтынады. Арнайы шайхана жұмысы ұйымдастырылады. Қонақтар ет, қуырдақ, нарын секілді тағамдардың дәмін татады. Атлеттердің тамақ мәзірінде сүт өнімдері, ет, нан маңызды орын алмақ.

«Қазақпараттың» хабарлауынша, Универсиада кезінде «Алатау алабында» этно-фестивалінің тұсауы кесілмек. Нақты айтқанда, «Алатау» театрының аумағында өтеді. Фестиваль Универсиада алауы жағылған күні басталады. Универсиада тәмамдалғанша жалғасады.

Фестиваль аясында ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізіледі. Павильондар, киіз үйлер, дәстүрлі қойылымдар қойылады. Ұлттық тағам түрлері таныстырылады.

Бұдан бөлек, шаһардағы кітапханалар мен мұражайларда спорт тақырыбына арналған көрмелер, виртуальді слайд-саяхаттар жасалады.

Көрмелер мен шеберлік сабақтары төрт кезеңде өткізіледі. Бұлар «Балалар әлемді біріктіреді» көрмесі – «Халық – Арена», «Алматы – Арена» сарайларында, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, Республика сарайы алдындағы алаңда, «Шығармашылық әлемді біріктіреді» көрмесі – «Халық – Арена», «Алматы – Арена» сарайларында, «Спорт әлемді біріктіреді» атты ретроспективтік көрме және пленэрлік жұмыстар көрмесі – Универсиаданың барлық спорттық нысандарында, «Универсиада сәттері» көрмесі – Универсиада нысандары, Алматының Жаңа мұражайында өтеді. «Алатау» театрында күн сайын «Жер жаннаты – Жетісу», «Інжу-маржан», «Ағажай, Алтайдай жер қайда…» және тағы басқа тақырыптарда дәстүрлі музыка концерттері өткізілмек.

29 қаңтар – 8 ақпан аралығында Қазақ мемлекеттік циркінде арнайы цирк бағдарламасы, ал, 10 ақпанда «Республика» сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығына арналған «Жан досым» концерті ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, қазақстандық спорт жұл­дыз­дары жанкүйерлермен кездеседі.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button