АймақҚарағанды

Қарағанды облысында 37 қазандық пен 27 турбина жөнделіп жатыр

Қарағанды облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Биыл өңірдегі жеті энергия өндіруші кәсіпорында 37 қазандық пен 27 турбинаны жөндеу көзделген. Сонымен қатар жылу және электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға және қыс мезгілін тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Қазіргі уақытта жоспарланған жөндеу жұмыстарының үштен бірінен астамы аяқталған.

– Бүгінде 10 қазандық пен 7 турбинадағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қазір тағы 12 қазандық пен 7 турбинада жөндеу жалғасып жатыр, – деді Тілектес Досаев.

Жылу желілерін жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл бюджет қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 31 шақырым болатын жылу трассаларын қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар сегіз жобаны қамтиды.

Теміртау қаласының жылу желілерін жаңарту мәселесіне ерекше басымдық беріліп отыр. Қалада үш жылдық бағдарлама аясында жылу инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылуда. Биыл мұнда 27,1 шақырым жылу желісі жаңартылады.

Электр желілерін жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Жазғы жөндеу науқаны барысында 3,7 мың шақырым электр беру желісі, сондай-ақ қосалқы станциялар мен трансформаторлық пункттер жөндеуден өтеді. Сонымен бірге электрмен жабдықтау нысандарын қайта жаңғырту және жаңа инфрақұрылым салу бойынша инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар да жалғасып жатыр.

– Қарағанды мен Теміртау қалаларында жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Кейбір нысандардағы жұмыстар аяқталса, жаңа жобалар бойынша мердігерлер анықталып, дайындық кезеңі басталды. Сондай-ақ биыл Саран қаласында су құбыры мен кәріз желілерін салуға арналған екі жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Конкурс қорытындысы бойынша мердігер ұйым анықталып, тиісті шешім қабылданды, – деді Тілектес Досаев.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button