Үлгілі отбасы өнегесі
Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында 10 қыркүйек Отбасы күніне орай «Оқырман отбасы» атты кездесуі кеші өтті. Шараның құрметті қонағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ардагер журналист Сүйіндік ЖАНЫСБАЙДЫҢ отбасы болды.
Сүйіндік ағаның әулеті ынтымақты берік ұстанған отбасы. Қазақы қалып пен салт-дәстүрді негізгі ұстаным етіп, ұрпақ тәрбиелеп отыр. Маңайындағы ағайын-туысы, көрші-қолаңына да үлгі. Ол кісілерден мұның сырын сұрағанда аса бір құпияның жоқтығын, бар-жоғы арада өзара келісім мен түсінісу, отбасының негізгі тірегі, оны сақтаушы құрал ол – кешірім мен жалғыз бастың қамынан арылу екендігін айтты қос ардагер. Сүйіндік Жұмабайұлы өмірлік жары Қарағанды телеарнасының ардагері Нұрғайын Әліпбекқызы екеуі өз әулеті жайында аз-кем әңгімелеп, отбасындағы бала тәрбиесіне қойылатын басты мақсат пен міндеттерге де тоқталды. Нұрғайын апа «Әйел – үйдің берекесі, ырысы» дегенді өз тәжірибесімен бөлісе отырып, жастарға түсіндірді. Шара соңында журналистика саласының ардагерлері өскелең ұрпаққа жақсы тілек айтып, шараға қатысып жатқан жас отбасыларға ақ батасын берді.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.