ЖаңалықтарРесми

Мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге арналған жасанды интеллект бойынша стратегиялық семинар өтті

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Астанада мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен облыс және қала әкімдерін біріктірген «Жасанды интеллект Қазақстан үшін: негіздер, мүмкіндіктер және практикалық қадамдар» атты стратегиялық семинар өтті.

Суреттер Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен

Семинардың мақсаты – жасанды интеллекттің қазіргі мүмкіндіктері мен оны мемлекеттік басқаруда, экономикада және әлеуметтік салада қолдану туралы ортақ түсінікті қалыптастыру, сондай-ақ басшыларды AI-трансформацияның үздік әлемдік тәжірибелерімен таныстыру болып табылады.

Шараның негізгі баяндамашысы 01.AI негізін қалаушы және бас директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің мүшесі, жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең беделді сарапшылардың бірі – доктор Кай-Фу Ли.

Семинар барысында жасанды интеллекттің дамуындағы жаһандық трендтер, үлкен тілдік модельдерден AI-агенттерге көшу, ұйымдардың қызметіне ЖИ енгізу тәсілдері, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен бизнестің тиімділігін арттырудың заманауи құралдары қарастырылды. Ұлттық AI-құзыреттіліктерді дамытуға, цифрлық егемендікке, инженерлік кадрларды даярлауға және жасанды интеллекттің жеке экожүйесін құруға ерекше назар аударылды.

Оқу модульдерінің бірі Vibe Coding-ке арналды – жасанды интеллект цифрлық өнімдерді жасауда толыққанды көмекші болатын дамудың жаңа тәсілі. Бүгінгі таңда бұл тәсіл дәстүрлі даму процестерін өзгертіп, цифрлық шешімдерді жасауды тезірек және қолжетімді етуде.

– Бүгінде әлем тарихымыздағы ең ауқымды технологиялық революцияның басында тұр. Біз чат-боттар дәуірінен AI-агенттер дәуіріне – жауап генерациялап қана қоймай, күрделі тапсырмаларды өз бетінше орындайтын, шешім қабылдауға көмектесетін және ұйымдардың жұмысын өзгерте алатын интеллектуалды жүйелер дәуіріне өтудеміз. Бұл технологияларды бүгіннен бастап енгізетін елдер алдағы жылдарда стратегиялық артықшылыққа ие болады, – деді доктор Кай-Фу Ли.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллектті сәтті енгізу басшылардың өз жұмысында жаңа тәсілдерді қолдануға дайындығынан басталатынын атап өтті.

– Жасанды интеллектті тек технологиялар арқылы енгізу мүмкін емес. Ең алдымен, басшылардың ЖИ қандай міндеттерді шеше алатынын, басқару процестерінің қалай өзгеретінін және қандай құралдарды бүгіннің өзінде іс жүзінде қолдануға болатынын түсінуі маңызды. Сондықтан да бірінші басшыларды оқыту – елдің AI-трансформациясының сәтті өтуінің басты шарттарының бірі, – деді Жаслан Мәдиев.

Іс-шара аясында Қазақстан мен 01.AI компаниясының бірлескен кәсіпорны – Q.AI құрылғаны жарияланды. Компания Қазақстан үшін бейімделген үлкен тілдік модельдерді, AI-агенттерді, корпоративтік AI-платформаларды және мемлекеттік сектор мен бизнеске арналған цифрлық трансформацияның басқа да шешімдерін әзірлеумен және енгізумен айналысады. Q.AI бас директоры болып бұған дейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект вице-министрі қызметін атқарған Дмитрий Мун тағайындалды.

Q.AI құрылуы ұлттық AI-экожүйені дамытудағы, инженерлік құзыреттілікті нығайтудағы және Қазақстанда жасанды интеллектің озық технологияларын енгізудегі кезекті қадам болмақ.

Стратегиялық семинардың өткізілуі және жасанды интеллект саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірімен бірлескен бастаманың іске қосылуы Қазақстанның AI-экономиканы дамыту бойынша жүйелі жұмысын көрсетеді. Цифрландыру және жасанды интеллект жылында еліміз заманауи инфрақұрылымды қалыптастырып, кадрлық әлеуетті дамытып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, мемлекеттік басқару мен экономикаға жасанды интеллектті кеңінен енгізу үшін қолайлы жағдай жасауда.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button