Жаңалықтар

Әлемдік дода – Қарағандыда

Облыс орталығында кекушинкай каратэ бойынша балалар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша – Қазақстан екінші орында. 23 елден келген 12 мен 17 жас аралығындағы 200-ге тарта спортшы жас ерекшеліктеріне байланысты үш топта және 15 салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. Жарысты ұйымдастырушылар – ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, «Бүкілқазақстандық Кекушинкай каратэ ұйымы», облыс және қала әкімдіктері, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы. Сондай-ақ, чемпионатқа Халықаралық каратэ ұйымының директоры – шихан Шичинохе Ёшигеру, Жапония каратэ одағының директоры – кекушинкай шихан Табата Шигеру, әр елдердің ұлттық ұйымдарының өкілдері қатысты.

– Спорт – елдің мерейін тасытып, абыройын асқақтататын сала. Қасиетті Қарағанды жеріне әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар бәсекеге түспек. Кезінде Қажымұқан бабамыз ерлігімен дүние жүзін өзіне қаратса, оның бүгінгі ізбасарлары әлем ареналарында ел абыройын асқақтатып жүр. Әлем чемпионаты Астана күнімен тұспа-тұс келді. Барлықтарыңызды Бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, чемпионат спортшыларымыздың арасындағы үлкен достыққа жол ашады деген үміттемін, – деді чемпионаттың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев.

Үшінші Әлем чемпионатына қатысушыларға Қазақстан Республикасының Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан құттықтау тілегін жеткізген Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов қарағандылықтарға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, спортшыларға табыс тіледі.

Кекушинкай – каратэнің қиын түрі. 1950 жылы негізін Масутацу Ояма салған каратэнің бұл түрі қазір көптеген елдерде танымал.

Жарысқа Әзірбайжан, Армения, Белоруссия, Германия, Грузия, Индия, Ирак, Жапония, Сирия және басқа 23 елден 200-ге тарта спортшы қатысты. Жарыстың бас төрешісі – кекушинкай каратэсі бойынша халықаралық дәрежедегі аға жаттықтырушы – шихан Тәжімұрат Найзабеков. Ал, төрешілер бригадасы «бір ел – бір төреші» тәртібі бойынша жасақталды.

– Чемпионат өткізуге Қарағанды қаласы кездейсоқ таңдалған жоқ. Еуропа елдері, оның ішінде, Голландия да қатысқан байқау жарияланып, Қарағанды әлемдік деңгейдегі спорттық шараны өткізу мәртебесіне ие болды, – дейді бас төреші Тәжімұрат Найзабеков.

Бұған дейін Н.Әбдіров атындағы спорт кешенінде өткен брифингте чемпионатты ұйымдастырушылар Қарағандыда каратэ жақсы дамығанын айтқан болатын. Бас төрешінің айтуынша, спорттың бұл түрімен Қарағандыда бес мыңға жуық адам айналысса, оның 3000-ы балалар.

Қыздар арасында – алты, ұлдар арасында – тоғыз салмақ дәрежесі бойынша Жапония, Қазақстан, Белорусь, Ресей, Румыния, Өзбекстан және Грузия финалға шықты. Жалпы есеп бойынша жапониялық спортшылар – бірінші орынды, Қазақстан командасы – екінші орынды, Ресей командасы үшінші орынды иеленді.

Жекпе-жек қорғаныш құралдарынсыз жүргізілді. Жалғыз шектеу – басқа қолмен соққы жасамау.

Айта кету керек, Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлемдік чемпионат Қазақстанда үшінші рет өткізіліп отыр. Бірінші рет 2014 жылы Ақтау қаласында, 2016 жылы Астана қаласында өткен.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

 «Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button