Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Әлем және Елбасы

Біріне-бірі қырын қараған елдерді ымыра мен бірлікке шақыруға, татулық пен бейбітшілік орнатуға күш салған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА қазақ елі ғана емес, қанды қақтығыстардан аман қалған талай мемлекеттің ризалығы шексіз. Күрделі де қиын істің күрмеуін шешіп, адамзат басына төнген қара бұлтты сейілткен Елбасы арқылы талай еларалық қақтығыстар шешілді. Таулы Қарабақтағы қақтығыстың тоқтатылуы, Орталық Азияда қарулы топтар басшыларымен келіссөз үстеліне отырып, мәселені диалог жолымен реттеуі, екіге бөлінген қырғыз елін қанға бөктірмей, аман алып қалуы, Ресей мен Түркия тәрізді қос алыптың қақтығысын тоқтатуы… Миллиондаған жанның өмірін сақтап қалған «Астана процесі»… Қазақстан көшбасшысының есімімен бітімгершіліктің тығыз байланысуы осыдан. Әлбетте, әлем жұртшылығы қазақ десе – Елбасын, Елбасы десе – бейбітшілікті елестететіні кәміл. Басқалай болуы мүмкін емес.

Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бітімгер ретінде алғаш 1988-1994 жылдары 30 мыңнан астам адам қаза болған Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ шиеленісі кезінде танылды. Екі жақтағы босқындар саны миллионнан асып жығылғанда, бейбітшілікті көздеген Елбасының бұл жағдайда қарап отыра алмайтыны сөзсіз еді. 1991 жылы Борис Ельцинмен бірге КСРО Президенті Михаил Горбачевтың атына Үндеу жолдады. Сол кездегі азуын айға білеген мемлекет басшысының Нұрсұлтан Әбішұлының қақтығысты бейбіт жолмен шешу туралы дәлелдеріне құлақ аспасқа лажы қалмады. 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісін» реттегеніне куә болған қазақстандық әріптесіне еріксіз құлақ асты. Тіпті, екеуі Степанакертке бірге баруды шешкенде Таулы Қарабақтың астанасы оларды «Сіздердің Таулы Қарабаққа келулеріңіз бізге сенім ұялатады!» деген сөздермен қуана қарсы алған еді. Демек, осы кездің өзінде оның бітімгерлік қасиеті өзгелерге белгілі бола бастаған еді.

Бірқатар кездесулерден кейін Нұрсұлтан Назарбаев әскерді қарусыздандыру мен биліктің конституциялық органдарын қайта қалпына келтіруді ұсынды. Сол кезде мұндай формуланы алғаш ұсынған Елбасы еді. Ақыры, 1994 жылы Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісім бекітілді.

Елбасының бітімгерлігі Түркия өзінің әуе кеңістігін бұзған Ресейдің Сириядағы әскер күшіне кіретін «СУ-24» әскер ұшағын зымыранмен атып түсіргенде ерекше байқалды. «Түркі елдерінің ақсақалы» атануы да осы кез.

Қос елдің арасындағы орын алған жайт салдарынан соғыс қаупі туғанда түрік елінің қарапайым халқының өзі «Бұл істі бейбіт жолмен шешу қазақ елінің Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлының ғана қолынан келеді» деп, Елшіліктің табалдырығын тоздырғанын айтады сол кездегі Түркиядағы Қазақстан Елшісі Жансейіт Түймебаев.

Екі мемлекет арасындағы қақтығыстың біздің еліміз үшін де тигізер зияны шаш-етектен еді. Бірнеше ай қатарынан Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен және Ресей Президенті Владимир Путинмен сөйлесіп, татуласуға шақырған еңбек жемісін берді. Ал, 2016 жылы Санкт-Петербургте, кейін Ташкенттегі ШЫҰ саммиті кезіндегі Елбасының шешуші қадамдары екі елдің арасындағы сірескен сеңді бұзды.

Ердоғанның Путинге татуласуға шақырып жазған хаты да тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесімен жазылды.

Уақыт та тығыз. Хат Ташкентке жетіп үлгермесе, бұған дейінгі еңбектің далаға кеткені. Түрік ұшағы да Өзбекстанға қонуға рұқсат алмаған. Қонатын жер таппай, көк аспанда қалықтап бір сағат жүріп қалған ұшақтың жанар-жағармайы таусылуға айналды. Енді қайтпек дегенде Елбасы оның да орайын тапты. Ақыры, ұшақ Ташкентке қонды. Ресей мен Түркия өкілдерін жалғыз қалдырып, сөйлесуге мол мүмкіндік жасаған Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да өзінің іскерлігін танытты. Қазақтың Тұңғыш Президентінің кеңесімен Ердоғанның Путинге жазған хатының алғашқы сөзі «Қымбатты дос!» болды. Ал, түркиялық газеттер «Түркі әлемінің ақсақалы іске кірісті де, Ресеймен қарым-қатынастағы мұзды ерітті» деп жазса, бұдан кейін де В.Путин Н.Назарбаевқа әлденеше рет ризашылығын білдірді.

Бітімгерлік жайлы айтқанда, Елбасының 2010 жылы Қырғыз еліндегі жанжалды тоқтатқанын да айтпасқа болмайды. Екі алып империя – АҚШ пен Ресей басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік тәжірибесіне сүйеніп, ушығып тұрған жағдайды реттеуге қолқа салды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстан Президенті кәсіби қалыбынан тайған жоқ. Оның келіссөзді асқан шеберлікпен жүргізуі қырғыз елін қантөгістен аман алып шықты.

Одан бөлек, 2014 жылы Минскіде Германия, Ресей, Украина, Франция тәрізді елдердің жоғары лауазымды өкілдерімен Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу бойынша жүргізілген келіссөздері нәтижесінде «Минск форматының архитекторы» атала бастады.

Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің бітімгерлігі жайлы айтып тауысу мүмкін емес. БҰҰ қолдауымен «Женева процесінің» өзі төтеп бере алмаған халықаралық терроризм мәселесі Қазақстанның бас қаласында шешімін тапқаны тағы бар. «Астана процесі» атанған басқосуда Сирияның ресми билігі мен қарулы оппозициясы өкілдері келіссөз үстеліне отырды. ДАИШ террористерінің негізгі күшінің талқандалуы да осыдан кейін.

Елбасының аты тарихта әлемді өзгерткен ұлы тұлға ретінде қалатыны сөзсіз. Бітімгершілік міндеттің қазақ елінің басшысына жиі таңылуы да осыдан.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button