Ұлағатты жандар еді
Сол кезде талайдың отын өшіріп, барын жоқ қылған алапат соғыстан кейін туған ұрпақтардың өзі де бүгінгі күні жетпіске таяп қалыппыз. Кейде балалық шағыңды сағынасың. Сол сағыныштан шығар, түсіңе туған ауылың, сені тәрбиелеген адамдарың, бірге өскен құрбыларың, оқытқан мұғалімдер кіреді. Ежелден дәлелденген, білімнің күре тамыры, өмір бойы қоржыныңда өзіңмен бірге жүретін бастауыш сыныпта алған білімің ерекше болатыны белгілі.
Бүгінде ұрпақтары бар, өздері бақилық болған сол ұстаздарымды Алла разы болсын деп еске алып отырмын. Олардың шын мәнінде ұстаздардың ұстазы болғанын мен өзім қырық жыл ұстаздық еткенде, әбден көзім жеткендіктен айтып отырмын. Солардың мектептегі сабақ бергеніне, балалармен қарым-қатынасына, жүріс-тұрысына, мінез-құлықтарына ұқсауға тырыстым десем қателеспеймін деп ойлаймын.
Қарқаралының бұрынғы Совет колхозының орталығы, кейіннен Фрунзе, Қ.Аманжолов болып аттары өзгерген Аққора бөлімшесінің сол кездегі мектебі, кезінде соның табалдырығын аттаған әр шәкіртке бауырындай өте ыстық екені белгілі. Мектебіңді жақсы көру, ондағы саған тәлім-тәрбие берген ұстаздарға тікелей байланысты. Елуінші жылдардың аяғында, алпысыншы жылдарда сол мектепте басшы болған Айтбай Дәлдәбеков, Нақыпбек Бегешов, мұғалімдер Мұздыбай Бөдесов, Нұрмағанбет Ақбөкеев, Меңаяқ Бимағанов, Омар Түсіпбеков, Дәмеш Жұмағұлова. Бұлардың қайсысы болсын, мен үшін ұлағатты жандар еді.
Ол кездің мұғалімдерінің өзінің ісіне деген көзқарастары бөлек еді. Бірінші сыныпта суық тиіп, 3-4 төрт ай сабаққа бара алмай қалғанымда, жұмасына бір рет демалыс күні Мұздекең атпен арасы 7-8 шақырым қыстаққа келіп, маған тапсырма беріп, сабағымды тексеріп кететіні де есімде.
Ол кездің ата-анасы қазіргідей баласына ұрыссаң сотқа бермей, керісінше ең ауыр жазаны өздері беретін. Ойын баласы болғаннан кейін, қыста таудан сырғанақ тебеміз. Сырғанақтың қызығымен кеш болады. Кеш болысымен сабақтарына дайындалсын деген ниетпен Мұздекең, кейде Нұрекең атқа мініп алып, бізді сырғанақтан қуушы еді. Әрине қашпақ боламыз, бірақ – мұз қатып қалған қалың шалбар ерікке көнбей ұсталып жататынбыз.
Мұздекең қолы шебер – ағаштан, темірден түйін түюші еді. Сол заманда 7-8 сыныптарда бізді темір жонатын станокта жұмыс істеуге үйретіп шығарды.
Мұздекеңнің ұрпақтарына әншілік өнер дарыған. Үлкені Рымтай – Алматыда Қазақконцертте, Амантайы – бақилық болғанша Қарқаралының Мәдениет үйінде еңбек етсе, немересі Саян қазір Алматының Қазақ ұлттық консерваториясында оқиды. Мұздекеңнің Елтай, Естай, Баян атты балалары «Біз әкемізден ерте айрылсақ та, бізді осы күнге жеткізген Несіп анамызға көзі тірі болмаса да, өмір бойы қарыздармыз. Әке-шешемізге, ағаларымызға арнап маусым айының 29 күні сағат 13.00-де Қарқаралы қаласының «Сарыарқа» мейрамханасында ас береміз. Соған әке-шешемізді, ағаларымызды білетіндердің келгенін қалар едік» деп өтініш айтқан еді. Келіңіздер. Өлі разы болуы үшін еске алайық.
Серік ҒАЛЫҰЛЫ.