Covid-19Коронавирус

Коронавирус кенеттен келмеген кесел

Ел арасында «көп ит» атанып үлгерген індеттің қасында, бұған дейін атын естігенде үрейің ұшатын талай қатерлі ауру, жіп есе алмай қалды. Оның әлемді әбігерге салып, дүниені дүрліктіріп, адамды қынадай қырып бара жатқаны өз алдына, әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы тәулік бойы толассыз тараған небір негізсіз жалған ақпарат қобалжыған қоғамды әрі-сәрі күйге түсірді. Тіпті, Қытай халқына қатысты ксенофобияның да құлағы қылтиып қалды. Коронавирус – кең тараған тұмаудан, асқынған тыныстық синдромға дейінгі түрлі ауруды, сондай-ақ, асқорыту жолының қабынуын қоздыратын көптеген вирустың ірі тобы. Өткен ғасырда коронавирус адам мен жан-жануарда асқынған тыныстық ауруды қоздырушы ретінде белгілі болғанымен, аса қауіпті вирустық инфекция қатарына жатпады. Осы ғасырдың басында күрделі ветеринарлық проблема тудырғанымен, эпидемиялық коронавирус онша қатерлі саналмады.

БЕЛГІЛІ БОЛҒАЛЫ – ЖАРТЫ ҒАСЫР

– Адам денсаулығына зиянды 7 коронавирус белгілі: алғашқысы (HCoV-229E) алпысыншы жылдардың ортасында айқындалды, тағы бір қоздырғыш (HCoV-OC43) 1967 жылы тіркелді, аса асқынған тыныстық синдромға соқтыратын түрі (SARS-CoV) 2002 жылы әлемді едәуір әбігерге салды, 2004 жылы Нидерландыда бой көрсетті (HCoV[1]NL63), 2005 жылы Гонконг қоздырғыштың (HCoV-HKU1) құрсауында қалды, тағы бір түрі (MERS-CoV) 2015 жылы Таяу Шығысты топалаң тигендей қылды. 2019 жылдың екінші жартысында шыққан өкпе қабындыратын жаңа тұрпаттағы қоздырғыш (SARS-CoV-2) келесі жылдың көктемінде әлемдік өткір мәселеге айналды. Оның соңы қоғамдағы қандай құбылысқа ұласқанын қазір көріп отырмыз, – дейді Сәтбаев қалалық санитария және эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Жолдыбаев.

Жалпы жан-жануарды әртүрлі инфекциялық ауруға ұрындыратын түрлі коронавирус табиғатта кеңінен тараған. Ал, адам бойынан алғаш рет 1965 жылы асқынған өкпе қабынуына шалдыққан аурудан анықталды. Алайда, 2002-2003 жылдары Қытайда мөлшерден ауытқыған өкпе қабынуының таралуы тіркелгенге дейін коронавирустар зерттеушілердің назарын аудара қоймады. Жаңа вирус 2003 жылы 33 елге тарап, соның салдарынан оны жұқтырған 8273 адамның әрбір оныншысы өлді. Әсіресе, Қытай, Канада, Сингапур көп шығынға ұшырады. Сосын 2015 жылы MERS-CoV вирусы Оңтүстік Кореяда ауырған 183 адамның бестен бірінің өмірін қиып кетті. 2019 жылы желтоқсанда Қытай билігі Ухань қаласында өкпе қабынуын қоздыратын беймәлім тұрпаттағы SARS-CoV-2 вирусы тарай бастағанын мәлімдеді. Көп ұзамай ол өзге елдерге ауыз салды. 2020 жылы 30 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны – халықаралық маңызы бар төтенше жағдай, ал, 11 наурызда індет деп мәлімдеді. «COVID-19» Бастапқы кезде вирусқа қарсы қолданатын ешқандай дәрі-дәрмек болмағандықтан, ем-дом жасау аурудың жекелеген белгілерін жою (симптоматическая терапия) жолымен жүргізілді. 2020 жылдың соңына қарай COVID-19 вирусына қарсы егетін бірнеше вакцина пайда болды, бірқатар ел жаппай егуді қолға алды. Өкімет органдары туризмді тежеді, жұмыс орнында бақылауды күшейтті, оқу орындары онлайн форматқа көшті, кейбір нысандарды уақытша жапты, індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында көптеген шектеу енгізді. COVID-19 індеті Ұлы тоқырау мен жаппай аштықтан кейінгі ірі әлемдік құлдырау сияқты айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық зардап шегуге соқтырған сойқан себеп болды. Енді COVID-19 вирусының әлемге қалай тарағаны туралы Джонс Хопкинс атындағы жүйелік ғылым мен техника орталығының Қазақстанға қатысты мәліметіне көз жүгіртейік. 2020 жылы 13 наурызда Алматыға Германиядан келген екі азамат тапсырған тест оң нәтиже көрсетті. Сол күннен бастап Қазақстанда көпшілік қатысатын іс-шара өткізуге тыйым салынды, оқытудың кабинеттік жүйесі өзгертілді. 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізіліп, ол 15 сәуірге дейін созылды. Осыған байланысты азық-түлік емес ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және адам көп жиналатын басқа да орындардың қызметі тоқтатылды, сондай-ақ, бұқаралық спорт және ойын-сауық шарасын өткізу доғарылды. Дипломатиялық қызметкерлер мен Ресеймен шекаралас елді мекендердің тұрғындарынан басқа қазақстандықтардың елден шығуына тыйым салынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басында 1 мамырға, сосын 11 мамырға дейін төтенше жағдай режимін созу туралы Жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін елде карантиндік шектеу жойыла бастады, дегенмен, бірқатар аймақ пен қалада жекелеген карантиндік шаралар сақталды…

ҚЫТАЙДЫҢ ҚАТЫСЫ ҚАНДАЙ?

Бірден айтайық, коронавирус қолдан жасалғанын немесе біреудің жауыздық ниетпен таратқанын айғақтайтын нақты дәлелмен дәйектелген дерек жоқ. 17 арнаулы қызметтің басын біріктірген АҚШ Ұлттық барлау басқармасының мәлімдемесінде өкпе қабынуын өрескел қоздыратын вирусты адам қолдан жасады немесе генетикалық тұрғыдан өзгертті деп айтуға негіз жоқтығы бірнеше мәрте анық айтылды. Бұл пікірді белгілі де беделді ғалымдардың басым көпшілігі қолдады. Австралияның барлау қызметі де коронавирус індетінің техногендік табиғатына қатысты ешқандай айғақ таппады. Сөйтіп, вирус зертханада қолдан жасалған деген барлық айыптау мен қаңқу сөзді жоққа шығарды. Тек Қытай Ғылым академиясы Ухань вирусология институтындағы Инфекциялық аурулар орталығының директоры доктор Ши Чжэнлидің жетекшілігімен қытайлық ғалымдар 15 жылдан бері жарқанаттың коронавирусын зерттеп жатқаны туралы анықтамалық ақпаратты алға тартты. Бірақ, бұл зерттеу ешқандай қытайлық құпия жобаға жатпайтын. Мәселен, Қытай ғалымдары Австралия ғылыми-өнеркәсіптік және қолданбалы зерттеу бірлестігі (CSIRO) жанындағы жан-жануар денсаулығы зертханасымен қоян-қолтық жұмыс жүргізді. Солтүстік Каролина университеті (АҚШ) де серіктес болды. Зерттеудің мақсаты жарқанатта кездесетін вирусты оқшаулау және оның адамға жұғу мүмкіндігін талдау болатын. АҚШ пен Австралия арнаулы қызметтерінің баяндамаларына қарасақ, індеттің таралуына жалғыз жауапты тек Қытай деудің қисыны келе қоймайды. Оның үстіне коронавирусты ғылыми зерттеудің нәтижесі мен оның қауіп-қатері халықаралық қауымдастыққа бұрыннан белгілі. P.S. Американдық профессор-эпидемиолог Джастин Лесслердің пікіріне сүйенсек, COVID-19 вирусы түпкілікті жойылып кетпейді, екінші жағынан – егу мен адамдардың табиғи жолмен иммунитетке ие болуы арқасында қалыпты өмір сүруге кедергі келтірмейді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button