Корей елінен күміс жүлдемен оралды
Оңтүстік Корей елінің Чонан қаласында өткен «FIDAF-2023» халықаралық би фестивалінде Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Аққу» би ансамблі жүлделі екінші орынды жеңіп алды. «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өнер көрсеткен «Аққу» би тобының өнерін қазылар алқасы жоғары бағалаған.
Шығармашылық додаға 16 елдің таңдаулы өнер ұжымдары қатысқан. Сондай-ақ, жекелей сында өнер көрсеткен Жанель Орал «Би импровизация» аталымында топ жарған.
– Біздің әртістер абыроймен өнер көрсетіп, көрермендерді баурап алды. Көрермендер біздің қойылымдарымызға қызығушылық танытып, әртүрлі сұрақтарын қойып жатты. Қазылар алқасы хореографиямыз бен халық аспаптарында ойнауымызды жоғары бағалады, қойылымдардың алуан түрлілігін атап өтті, – дейді Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі басшысының орынбасары Баян Ахметжанова.
«Аққу» би ансамблі бұл марапатқа 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ие болып отыр. Осы жылдар аралығында ұжым ұлттық өнерді насихаттау мақсатында әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналған.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ