Ауыл – ел бесігі

Кооператив – колхоздастыру емес

Ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі болып есептелетін ауылдың жағдайына түпкілікті назар аудару – бүгінгі күнгі маңызды міндеттің бірі. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көмектің бары рас. Бірақ, сол көмектің шалғайдағы елдімекендерге жетуі – мардымсыз. Шаруалар қиындық көріп келеді. Тіпті, пайызы аз несиенің өзін алмайды. Себеп – өз күнін әзер көрген шаруадан кепілге жарамды техника немесе құны жоғары пәтер талап етіледі. Арзан несиенің қызығын ірі шаруашылықтар мен қалада тұратын ақшалы қожалық басшылары көруде.

Осы және басқа да күрмеулі мәселелерді сараптай келе, ауыл шаруашылығының білікті маманы Ниқанбай Омарханов ауыл шаруашылығын заман талабына сай жаңаша жүргізу үрдісін түсіндіру мақсатында көпшілікпен онлайн бейнеконференция өткізді. Ниқанбай Иманғалиұлы ауыл шаруашылығының түйткілді мәселелерін жетік біледі. Облыстың бірнеше ауданында әкім болған, еліміздің ауыр кезеңдерінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшылық еткен тәжірибелі басшы екені баршаға аян.

Конференцияның негізгі өзегі – ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияларды енгізу. Бейнемәслихат барысында қатысушылардың көкейкесті сұрақтарына тұщымды жауаптар қайтарылды. Қарқаралы және Бұқар жырау ауданының шаруагерлері белсенділік көрсетіп, шешімін таппай жүрген мәселелерін көтерді.

Ауылдық жерлерде кооперативтер құру, оның жұмыс істеу принципі, еңбек адамына қандай жағдайда пайда әкелетіндігі туралы кеңінен түсініктеме берілді. Шаруа кооперативінің колхоздастыру принципінен бөлектігі де айтылды. Осы орайда кооперация туралы ғылыми-зерттеу жүргізген профессор Ә.Темірболатовтың кооперативтер құру жайындағы ойын конференцияға қатысушылар жылы қабылдады.

Конференцияға Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТУ басқарма төрағасыректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов та қатысты.

Әрине, талай жылдар бойы шешімін таппай қордаланып қалған мәселелерді бірден шешіп тастау мүмкін емес-тін. Тіпті, Ауыл шаруашылығы министрінің құзырындағы сұрақтарға жауап беру оңай емес. Десек те, Ниқанбай Иманғалиұлы сауалдарға толымды жауап қайтарып отырды.

– Дамыған елдермен салыстырғанда, біздің ауыл шаруашылығы экономикасы көңіл көншітерліктей дәрежеде емес. Бүгінгі таңда Президентіміз атап айтқандай, Үкіметтің есебінде жоқ, өз күндерін өздері көріп, «шықпа, жаным, шықпамен», ауыл шаруашылығы өнімінің 70-75 пайызын беретін, ауыл шаруасына көңіл бөліп, жанжақты қолдау көрсететін мезгіл жетті, – дейді Ниқанбай Омарханов.

Спикер, тіпті, алыстағы ауылдардың осы саладағы өзгерістерден бейхабар екенін атайды. Оның айтуынша, бұған қоса, ауылға септігін тигізеді деген бағдарламаларды іске асыруда кедергілер баршылық. Айталық, жер, кооперация мәселесінде, техникалық жарақтануда, арзан несие, субсидия алуда күрмеулі жайттар аз емес. Бірқатар бастамалардың шикі тұстары көп.

– Ауыл адамдары, ауыл әкімдері десем де, артық болмас, мемлекеттегі өзгерістер мен өздеріне заң жүзінде тиесілі жеңілдіктерден хабарсыз. Арзан несие ауыл адамдары үшін қолжетімсіз. Сондықтан, шаруаларды толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ету үшін бұрынғы ақпараттық кеңес беру орталықтарын қайта ашу керек, – деді спикер.

Алдағы уақытқа батыл жоба-жоспарлар да бар. Мәлесен, сала мамандарын кеңінен тартып, осындай кездесулерді айына бір рет аудан көлемінде өткізіп тұру көзделеді. Оған «Атамекен» ҰКП, «Бәйтерек» холдингі, «Даму» қоры және өзге де салалық ұйымдар шақырылуы тиіс. Сонда ғана жұмыс ілгері баспақ деген пікірде спикер.

Сонымен қатар, ҚазАТУ ғалымдары мен ауыл әкімдерімен семинар өткізу – міндет. Мұндағы мақсат – ауыл әкімдерін сауаттандыру.

– Шаруа қожалықтарының көпшілігі жанама шығыннан қашып, малдарын ауыл басына топтастыруда. Осының салдарынан гүлденген ауылдардың маңайы тақырға айналды. Ауыл экологиясы зардап шегіп жатыр. Ауыл адамдарының жанайқайын шешуге ауыл әкімдері құлықсыз. Қожалық басшылары заңды белден басуда. «Ауыл» партиясы осы мәселеге алаңдаушылық білдіре отырып, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заңды шұғыл түрде қабылдау жөнінде «Ауыл» ХДП арқылы үкіметке шығуы керек. Аудан әкімдері арқылы аудандық мәслихат депутаттары облыстық мәслихатқа «Үй жануарларын ұстау ережелерін» бекітуге ұсыныс жасауы да кезек күттірмейтін мәселе. Әлеуеті жоғары және орта ауылдарға бюджет есебінен жастарға арнап арендалық үйлер салуға бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінсе. Мұның мамандарды тұрақтандыруға көп себі тиер еді. Ауылдың болашағы – елдің болашағы. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап қаламыз десек, ауылға деген қамқорлықты күшейту керек, – деді Ниқанбай Омарханов.

Мұндай келелі жиынға бастамашы болған Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясы ОФ үйлестіруші маманы, «Азамат» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дәурен Рақымбек және облыстық партия филиалы орынбасары Жанна Бажаева еді.

Аңғар СМАҒҰЛОВ.

Басқа материалдар

Back to top button