АқтоғайАуыл – ел бесігі

Ауылда өткен кіші құрылтай

Қаны қазақ, жаны қазақ жанды қазіргі ауыл тағдыры бей-жай қалдырмасы анық. Алаңдауға негіз де жоқ емес. Ауыл тағдыры қыл үстінде тұрғаны баршаға аян. Ауылда мектепке баратын баланың саны жыл санап кеміп барады. Әлбетте бұл тенденцияны жақсылықтың нышаны дей алмаймыз.

Қарағанды облысы бойынша бұрнағы жылы бала санының жетіспеуіне байланысты бірқатар ауыл мектебінде білім беру тоқтатылғанын білеміз. Соның бірі Ақтоғай ауданына қарасты Айыртас мектебі. Ол туралы «Орталық Қазақстан» дер кезінде дабыл қағып, мәселе де көтерген. Ақтоғай аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жүнісов аудан бойынша бала саны азайған жеті ауылдық мектептің қауіпті аймақта тұрғанын мақала барысында айтқан да болатын. Бұл мәселе ауыл тұрғындарын ғана емес сол ауылдан шыққан барша қалалық қауымды да толғандырып отыр.

Сенбі күні Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылында ауыл мәселесі бойынша кішігірім құрылтай өтті. Ауылдың келешегін ерте бастан ойлап, сырттағы ауылдастарына хабар салып, басын қосып, бастамашылық танытып құрылтайды ұйымдастырып отырған Шабанбай би ауылының үр жаңа әкімі Асқар Мұрасов.

Ауылдық клуб үйінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Кереку, Балқаш, Ақтоғайдан «туған жерімізге ту тігеміз» деп ауыл тағдырына алаңдаулы барша шабанбайлықтар бас қосты. Қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап, ынтымақ-ырысы, береке-бірлігі жарасып, құбақан тірлік кешіп жатқан алақандай ғана ауылдан шыққан, азаматтарына қарап отырып, таң қаласың.

Алқалы топта дау шешіп, Жидебай батырдың «Шаппай жүйрік болған Шабаным, сөйлемей шешен болған Шабаным» деген бағасын алған Шабанбай би есімін иеленген аядай ауыл ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан, тәуелсіз қазақ елінің қазіргі шекарасын айқындап берген қазақтың тұңғыш математигі Әлімхан Ермековтердің кіндік қаны тамған жер. Шабекең ауылы Алашқа ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер марқұм Қабылсаят Әбішев сынды айбозын берген ауыл. М.Қожахметов, Ж.Смағұлов, Ж.Қапашева, А.Бабашев, Л.Қожахметова секілді ғалымдар, С.Шиманбаев, О.Жүнісов Қ.Ахметов, Қ.Ештанаев секілді журналистер де осы ауылдың тумасы. Аудан бойынша халықтық театр атағын алған да осы Шабекең ауылының «Шалқар» халықтық театры. Яғни өнер мен білімнің ордасы да осы Шылым, Қаратал аталған Шабанбай би ауылы десек қателеспейміз.

Жау кеткен соң бес қаруыңды асынып, атқа қонып айқайға басқаннан еш пайда жоғын күні бұрын ойлап, сыртта жүрген ауылдастарының басын қосып, ауылдың болашағын ойлаған ауыл әкімі А.Мұрасовтың бастамашыл ісіне де разы болмасқа әдің жоқ.

Құрылтайды ауылдық мешіттің имамы Айдаржан жүргізіп, баяндама жасау үшін алғашқы сөз кезегін ауыл әкімі Асқар Мұрасовқа берді.

Әкім баяндама барысында қазіргі таңдағы ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен жан мен мал басына қатысты статистикалық ақпаратты атап өтіп, бала саны кеміген ауыл мектебінің проблемасын алға тартып, жерлестерін түйткілдің түйінін бірлесіп шешуге шақырып, ауылға қатысты өзге де мәселелерді көтеріп, Әлихан Бөкейхан атында қор құру, ауылдың іргетасы қаланған уақытты анықтап, мерейтойын атап өту туралы ұсыныстарын ортаға салды.

ҚарУ-дің белгілі ғалымы, академик Ж.Смағұлов елді мекеннің іргетасы қаланған датасына қатысты: «Негізі кеңес дәуіріндегі Қараталдың (Шабанбай би) тарихы тым әріде жатыр. Колхоздастыруға дейінгі бұл жердің атауы Шылым аталған. Тегі Қазан төңкерісіне дейін де солай аталған болуы керек. Ал, негізгі тарихи атауы белгісіз, ұмытылып тарих қойнауында қалған. Ауылдың нақты тарихын анықтау үшін архив ақтарып, нақтылау керек. Ал, ауылдың болашағы ойласақ, Қаратал өзенінің бойындағы ескі тоғанды қайыра қалпына келтіріп, шағын су қоймаларында балық шаруашылығын қолға алса. Біржағы туристердің келуіне сеп болып, екіншіден ауыл адамдары үшін қосымша кәсіп көзі болар еді. Қызыларай тауының Қаратал бетінің табиғаты мен Бегазының ежелгі тарихи ескерткіштері туризмді дамытуға өзі-ақ сұранып тұрған жоқ па?!», – деп ауылдастарына тың ой тастады.

«Шаңырақ» қоғамдық көпбалалы аналар қорының басшысы, Ұлытауда өткен ҚР құрылтайының қатысушысы, белгілі қоғам белсендісі Л.Қожахметова қор құрудың зандылықтары туралы ойларын ортаға салып, ауылдастарына бағыт-бағдар берді.

Тақырыпқа орай «Saryarqa Aqparat» холдингінің директоры Қ.Ахметов, журналист Қ.Ештанаев, ауыл тумалары Ғ.Есенбеков, Д.Жақыпбеков, И.Кенжанов, заңгер Б.Сатыбалды өз тараптарынан құнды ойлары мен ұсыныс-пікірлерін қосып, қорға қаржылай көмек көрсетуге әзір екендіктерін айтты. Сондай-ақ, құрылтайға қатысушылар «Қор құру бір күн, екі күннің жұмысы емес. Қордың төрағасы мен мүшелері нақтылануы керек. Ал оған дейін тықыр таянған ауыл мектебінің жалпы орта білім беретін мектеп статусын сақтап қалудың амалдарын қарастыру керек. Ауыл балаларының сапалы білім алуын қамтамасыз етіп, сан салалы спорт түрлерімен айналысуына жағдай жасалса. Шаруа қожалық иелеріне талап қойып, қаладағы балаларын ауыл мектебіне қайтарсақ, басына баспана, алдына мал салып жағдайларын жасап, сырттан көпбалалы отбасыларын көшіріп әкелуді қолға алсақ, жоғары сыныпта оқитын қала балаларын ауылға шақырып, жоғарғы оқу орын тегін оқуына мүмкіндік жасап, оқу ақысын төлеп беріп ынталандырсақ» деген секілді ұсыныс-пікірлерімен де бөлісті. Белгілі кәсіпкер-меценат А.Төребеков «Туған жерге туың тік» бастамасы бойынша әр жылдың түлектері үшін ауылды абаттандыруға қатысты сызба жоба жасап беруді өз мойыныма аламын деп сөз берді.

Сайып келгенде Шабанбай би ауылының кіші құрылтайынан түйгеніміз, ауылдың, ауыл мектебінің бүгінгі, ертеңгі тағдырына алаңдайтын азаматтарының барын көрдік, жанайқайын естідік.

Ауыл мәселесіне өз тарапымыздан қосарымыз, еліміздің, ауылдың басты байлығы – адам. Қазіргі ауылдардың басына қара бұлттың үйірілуіне халықтың түп көтеріліп қалаға көшуі себеп болуда. Егерде ауылды сақтап қаламыз десек, ең бірінші кезекте ауылға ел қоныстандыруды қолға алу керек. Әлбетте бұл істі мемлекеттік дәрежеде қолға алып, Моңғолия, Қытай және өзге де елдерден ата жұртқа бет бұрған қандастарымыздың көшін ауылға бағыттасақ тығырықтан шығып, ауылдардың мәселесін түбегейлі шешуге болады деп ойлаймыз. Ол үшін жекешелендіру кезінде жерді алып-алып қалаға көшіп, сырттай иеленіп отырған қожаларынан жерді ауыл әкімінің иелігіне қайтару қажет. Ауылға келем, мал өсіріп, шаруамды ашам деген адамға жер қажет. Тоқ етерін айтқанда шабанбайлық азаматтардың қор құрып, ауылды сақтап қаламыз деген талабы әбден құптарлық бастама. Олай болса би ауылының тумаларының туған жерге ту тіккен ісіне береке тілейік.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

ШАБАНБАЙ би ауылы, АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button