Әр азаматтың пікірі – құнды
Ойлап қарасақ, өз тағдырыңа өзің жауапты болып, еркін елде дауыс беру құқығын иеленудің өзі – үлкен бақыт. Ашық аспан астында байрағымыз желбіреген осындай бейбіт заманда әрбір азаматтың пікірі құнды. Азаттықтың ақ таңында өз таңдауымызды жасау – бабалар аманатына деген адалдық пен елдікке деген құрметтің белгісі.

Биыл еліміз үшін маңызды саяси науқандар легі толастамаған, қоғамдық өмір қайнаған ерекше кезең болды. Оған баршамыз куәміз. Бұл үдерістер әрқайсымызды ел болашағына қатысты үн қосуға, ортақ іске жұмылуға үндейді. Саяси белсенділік пен азаматтық жауапкершілік ұштасқан тұста ғана мемлекетіміздің іргесі бекемделе түсетіні анық.
Өзіміз де өнер мен мәдениеттің бел ортасында, түрлі рухани додалар мен науқандардың қайнаған шағында жүргендіктен, уақыттың әр сәтін тиімді пайдаланып, бәріне үлгергіміз келеді. Сондықтан мәдени шаралардың көрігін қыздыра жүріп, елдік маңызы бар бүгінгі саяси науқанға үн қостым.
Сахнада елдің сөзін сөйлесек, сайлау учаскесінде елдің ертеңі үшін дауыс береміз. Өнер мен елдік мүдде қатар өрілгенде ғана рухымыз биік, болашағымыз жарқын болмақ. Бүгінгі жасалған әрбір саналы таңдау еліміздің ырысы мен ынтымағын арттыра берсін!
Нұрсұлтан РЫМБАЙ,
айтыскер-ақын



