АймақАуыл – ел бесігі

Ауыл ертеңі – бүгіннен

Бүгінгі ауылдардың ахуалы мәз емес. Жұмыстың жоқтығы, жастардың қалаға көшуі және тағысын тағы осындай мәселелер қай ауылдың болмасын бас ауруына айналғалы қашан?! Мәселе – көп. Бірақ, сол мәселелерді шешудің салдарымен емес, себебімен күресудің кезеңі келген секілді. «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ пен «Ауыл» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Серғазы ӘДЕКЕНОВ «Жаңа Қазақстанға жаңа ауыл» жобасы аясында жұмыс сапарымен Бұқар жырау ауданы, Қызылқайың ауылына барып, хал-ахуалымен танысып қайтты. Сонымен қатар, партия мүшелері «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінде бас қосып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының және инженерлік инфрақұрылымның жағдайын талқылады.

«МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛМЕЙ, ШЕШІМІ ТАБЫЛМАЙДЫ»

Шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының пәрменімен жылжымалы медициналық көлікпен біліктілігі жоғары дәрігерлер ауыл тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсетіп қайтты. Жылжымалы көліктің ішінде рентген, УДЗ және қан талдауын жасайтын зертханасы да бар. Республика бойынша 6 300-ге жуық ауылдық елді мекен бар. Солардың барлығында проблема бір десек, артық айтқанымыз емес. Ауыз су, жол, интернет, жарық, мектеп, денсаулық сақтау тағысын тағы. Одан қала берді ауылға жастардың тұрақтамауы және бар. Мәселе – көп. Ал, бұнымен мемлекет қалай күресіп жатыр?

Әлбетте, «Билік ештеңе жасап жатқан жоқ» деген сөз жоқ. Барлық жұмыстар біртіндеп жасалып, қаржы да бөлінуде. Алайда, шешімін таппай жатқан бірқатар мәселелер де бар. Біз – саяси ұйымбыз. Халық арасындағы қордаланған мәселелерді көтеріп, жанайқайын тиісті жерге жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тыңдаушы мемлекет», «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын ұсынды. Міне, осының өзі барлық мәселені көтерсін деген бір сөзге сыйып тұр. Мәселе көтерілмей, шешімі табылмайды. Ол мәселені көтеріп қана қоймай, оны шешудің жолдарын да ұсынуымыз қажет, – деді Төлеутай Рақымбеков.

Қызылқайың ауылында екі мыңға жуық халық бар. Соның бір жарым мыңы ауыл округінің орталығында тұрады. 18-63 жас аралығындағы 750-ден астам тұрғын жұмысқа жарамды. Мұнда 169-ы, яғни, 25%-ы ауыл ішінде жұмыс істеп отыр. Былай қарасаңыз, ауылдың 75%-ы – жұмыссыз. Алайда, ауыл Теміртау қаласына жақын болғандықтан 600-дей адам қалаға қатынап, түрлі өнеркәсіп орындарында істейді.

Бұл – үлкен мәселе. Ауыл тұрғындарына «Егер ауыл мен қаланың арасы 300 шақырым болса ел қайтеді?» деп сұрақ қойдым. Сонда кейбірі «Колхоз, совхоз ашу керек» дейді. Бірақ, бұл жай сөз. Менің есебімше, бұрынғы 2 200 совхозды қайта ашу үшін мемлекетке триллиондаған теңге қажет. Ал, біразы «Ауылдағыларды қалаға көшірейік» дейді. Біріншіден, ол да қыруар ақша. Жарайды, бұл өз алдына. Ең басты себеп, ауылдағы ағайындар ата қонысын тастап, «көш» дегенде көше салмайды. Қаланың өзінде үйсіз, жұмыссыз жүргендер жетерлік. Ал, сіз оларды көшіріп алып, баспана беріп, жұмысқа тұрғыза аласыз ба? Сондықтан, елді мекендердің ішінен жұмыс көзін ашып, тұрғындарға жұмыс ұсыну қажет. Жұмысын да істеп, шаруашылығын да дамытар еді. Сонда ауылдың жағдайы әлдеқайда түзеледі, – деді Төлеутай Сатайұлы.

Сонымен қатар, ауылда жастардың қатары сиреген.

Халықпен кездесу барысында жиналған жұрттың басым бөлігі – үлкендер. Ауылды сақтап, одан әрі көркейтеміз десек, ауылға жастарды қоныстандыру қажет. Оларды үймен қамтамасыз етіп, жұмыс көзін тауып беру қажет. Және ауылда көмір тапшылығы да бар. Көмір келгенімен, жетпей қалады екен. Оның өзінде бағасы удай. Осы мәселені қолға алуымыз керек. Тағы бір мәселе, ауылда үлкен Мәдениет үйі бар. Алайда, ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Елдің басы қосылып, жиналатын бірден-бір жер – осы Мәдениет үйі. Сондықтан, осы ғимаратты жөндеудің амалын табу керек. Одан қала берді, дәрігер мен мұғалімдер де жеткіліксіз, – деді Серғазы Әдекенов.

196 АУЫЛДЫҢ КЕЛЕШЕГІ ЖОҚ

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасында «Келешегі жоқ» ауылдардың саны көрсетілген. Экономика, ауыл шаруашылығының мамандарымен бірлесіп, келешегі жоқ ауылдардың мәселесін көтердік. Сонда «Мына ауылдардың болашағы жоқ» деп 196 ауылдың тізімін қолыма ұстатты. Қазір облыс құрамында жеті аудан қалды. Оның ішінде, 270-тен астам ауыл бар. Сонда біз «Мына ауылдың келешегі жоқ» деп, себебімен күреспей, жауып тастай берсек не болдық? Мәселен, Абай ауданындағы Ақбастау ауылында 609 үй бар. Орта есеппен алғанда, 2 500 халық бар деседі. Ал, осы ауылдардың «келешегі жоқ» дейді – дейді Серғазы Мыңжасарұлы.

Қолда бар деректерге сүйенсек, Нұраның Заречный ауылында 862 тұрғын бар. Осы тізімнің ішінде, Қарқаралының Жаңатоған ауылы да енген. Бірақ, бұл елді мекеннің құрамына 485 үй кіреді екен. 741 түтіні бар Аппаз ауылы да осы тізімге еніп кеткен. 583 түтіні бар Шет ауданына қарасты Ақшатауды да осы тізімге кіргізіп қойыпты.

Әр нәрсенің екі жағы бар. Бұл жерде де сондай оқиға орын алып тұр. Белгілі бір жобаға сәйкес «Пәленше ауылды жап, пәленшесін көркейтеміз» деген тапсырма да болар. Немесе, ауыл өмірінің иісі мұрнына бармайтын жастардың ісі болар, бәлкім. Бұл жерде ештеңе айта алмаймын. Бірақ, менің бір айтатыным, «келешегі жоқ ауыл» деген мүлдем болмауы керек. Мейлі ауылда 50, тіпті одан да аз адам тұрсын, солардың жағдайын жасау қажет. Жағдай жасаған дегенде ауылға келіп аэропорт салып, қаладағыдай асфальт төсеудің қажеті жоқ. Тұрғындардың айналысып отырған жұмысына қолдау көрсетіп, табыс көзін тауып беруіміз қажет, – дейді Төлеутай Рақымбеков.

Ауылды көркейту – өзімізден басталады. Сондықтан, ерте күнді кеш қылмай, проблеманы шешудің салдарымен емес, себебімен күрескен абзал.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button