АймақАуыл – ел бесігіБас тақырып

Тірек ауылда тіршілік тоқтамайды

Ауылды дамытудың амалын қарастырған осы жылдар аралығында мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Обалы нешік, біраз бағдарлама жасады. Жалпақ жұрт оның бәрін біле бермеуі де мүмкін. Ауылдың көсегесін көгертуді көксеген көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. «Түк жоқ» деп, ауызды құр шөппен сүртуге мүлде келмейді. Тек оның тиімділігін толық сезінген әрі көрген ауыл аздау. Кілтипан мен гәп сонда. Мәселен, бүгінде Үкіметтің тірек ауылдарды қайта тізімдеп, ол үшін қандай қарекет қыларын жіпке тізгенінен бейхабар ауыл. Ал, Қарағанды облысында 69 тірек, 92 спутниктік, 189 басқа ауылдық елді мекен бар. Бұлар болашағы бұлыңғыр емес, керісінше, келешегі жарқын деген ауыл-аймақтар. Яғни, түндігінен түтіні түзу ұшқан ауыл ретінде әлі көрер жарығы һәм көркейер үміті бар дегендері.

«Экономика басқармасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, тірек және спутниктік ауылдық елді мекендердің тізбесін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Тірек ауыл ретінде танылған, шамамен 12 000 адамды қамтитын 18 ауылдық елді мекеннің саны 24- ке жетті. Бұл ретте 1650 халықты қамтитын 2 ауылдық елді мекен тірек ауыл қатарына ауыстырылды. Бұл халықты толық және сапалы қызмет пен жеңілдіктермен тиісті аймақтық стандарттарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді экономика басқармасының маманы Гүлнар Болатқызы.

Сонымен Қарағанды облысында соңғы түзетулерге сай 69 тірек ауылда 137 746 адам бар. Атап айтқанда, Абай ауданында – 7, Ақтоғайда – 4, Бұқар жырауда – 16, Қарқаралыда – 6, Нұрада – 12, Осакаровкада – 9, Шетте – 14 тірек ауыл түтін түтеді.

Бұл ауылдар Экономика министрінің 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81 бұйрығымен бекітілген ауылдық елді мекендерді айқындауға арналған өлшемшарттар арқылы анықталды. Өлшемшарттар қандай ауылдың тірек болуы негізін айқындап берді. Сонымен, тірек ауылдың өлшемі не?

«Тірек ауылдық елді мекен – сол жерде тұратын халықты және іргелес орналасқан аумақтардың тұрғындарын мемлекеттік және әлеуметтік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдар жасалатын абаттандырылған ауылдық елді мекен. Кластерлерді қалыптастыру бойынша қашықтық халық тығыз қоныстанған өңірлер үшін 10 шақырым (Түркістан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары) және халық орташа қоныстанған өңірлер үшін 15 шақырым (Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары) құрайды. Өлшемшарттар 15 жиынтық көрсеткішті қамтитын демографиялық, инфрақұрылымдық, экономикалық және геокеңістіктік болып 4 блокқа бөлінеді», – дейді Гүлмира Болатқызы.

Жоғарыда министрлік бекіткен өлшемшартқа сәйкес ауылдық елді мекеннің әлеуетін бағалау кезінде әлеуметтік-демографиялық дамудың басымдықтары ескеріледі. Ол көрсеткіштердің әрқайсысына балл беріледі. Сол балдың жиынтық саны ауылдың маңыздылығын көрсетеді.

Демографиялық блок көрсеткіштерінің салмағы ең көп – ең жоғары жиынтық балл 50. Яғни, аталған басымдықта халық саны, 16-29 жастағы жастардың үлесі, экономикалық белсенді тұрғындар есепке алынады. Бұдан соң инфрақұрылымдық блоктың көрсеткіштері – 30 балл. Мұнда ол үшін ауылда орталықтандырылған суқұбыры, облыстық немесе республикалық маңыздағы автокөлік жолына жақындығы, кент ішіндегі көлік жолдары, мектепке дейінгі және медициналық мекемелер, мобильдік байланыс пен интернет ескеріледі. Экономикалық блоктың көрсеткіштері – 20 балл. Бұл арада мал басы, жалдамалы жұмысшы саны, күзгі жиын-терім көлемі есепке алынады. Геокеңістіктік блок – 5 балл – туристік нысандардан 10-30 шақырым арақашықтықта орналасуы міндет. Осы көрсеткіштерге жауап берген ауылдар тәртіп бойынша тірек ретінде саналады.

Ал тірек ауыл мәртебесі не береді? Бұған дейін жария етілген мәліметтерге сүйенсек, тірек ауылдарды дамыту үшін бюджеттік қаражатпен бірге инвесторлар да тартылады. Қажетті инфрақұрылым жүргізіліп, нақты жобаларға арнап мамандар даярлау қамтамасыз етіледі. Жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік қарастырылады. Жолдары жөнделіп, инфрақұрылымы жетіле түседі. Бары жаңғырып, жоғы түгенделеді. Жыласа жұбататын жергілікті билігі, жабықса қолдайтын Үкіметі болады.

Әйтеуір, қалай десек те, мемлекеттен берілетін күлшеден қағылмайды. Өзге ауылдарға жасалып жатқан игілікті көруге мүмкіндігі бар ауыл санатында. Түсінікті тілмен айтқанда, мұндай ауылдар жаратқанның да, биліктің де назарынан тыс қалмақ емес екен. Сөйтіп, тірек ауылдың тіршілігі тоқтамайды.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button