Нияз СҮНДЕТАЛИЕВ: «Бүгінгі таңдау ертеңгі дамуға әсер етеді»
Мәслихат депутаттарын сайлау – азаматтардың өз өңірінің дамуына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беретін маңызды саяси науқан. Қарағанды облысы әкімінің мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Qamqor plus» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндеталиев те сайлауда өз таңдауын жасады. Оның айтуынша, дауыс беру кезінде үміткерлердің жеке бағдарламаларымен алдын ала танысуға ерекше мән берген.

– Бүгінде қазақстандықтар өздері тұратын өңірдің атынан өкілдік ететін адамдарды тікелей таңдауға мүмкіндік алып отыр. Бұл – үлкен жауапкершілік. Себебі, мәслихат депутаттары өңір бюджетінің қалыптасуына, оның мақсатты бағыттарға жұмсалуына ықпал етеді. Қабылданған шешімдер қаланың, аудан мен облыстың алдағы даму бағытын айқындайды. Мен үшін ең алдымен, өзім тұратын қаланың инфрақұрылымын дамыту маңызды, – деді Нияз Сүндеталиев.
Оның пікірінше, сайлаушылар үшін кандидаттардың нақты бағдарламаларымен тиянақты танысу – маңызды. Өйткені, дауыс беру кезінде азаматтар белгілі бір адамның немесе партияның алдағы жұмысына қатысты ұстанымын бағамдап, саналы таңдау жасауы керек.
Сондай-ақ, ол Қарағанды қаласындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдарының қолжетімділігі және пандустар мен жол жиектерінен түсетін арнайы еңістердің жағдайы әлі де назар аударуды қажет етеді.
– Өзім VIII шақырылымдағы Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты болғандықтан, бұл мәселелер маған жақсы таныс. Өкінішке қарай, депутаттық кезеңімде толық шеше алмаған түйткілдер бар. Енді сол мәселелерді бүгін сайлаушылар дауыс беретін округтің жаңа депутаты шешеді деп үміттенемін. Өйткені, мәслихат депутаты – сайлаушылар алдында жауапты адам. Ол өзінің бағдарламасында берген уәделерін нақты іспен дәлелдеуі тиіс, – деді ол.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
«Ortalyq Qazaqstan»



