Жаңалықтар

Кодекс күшіне енді

Өткен жұмада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған Заңның негізгі қағидалары туралы айтты.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, Заң бүгін заңды күшіне енді. Аталған Заңды Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты қаңтардағы Жолдауында көрсетілген тапсырмасын орындау аясында Бас прокуратура әзірлегенін атап өткен жөн.

Іс-шара барысында елімізде кезекпен өткізіліп жатқан сот-құқықтық реформалар мемлекеттің қылмыстық-құқықтық саясатын жазалаушыдан құқық қорғаушы қызметке қарай ауыстыруға бағытталғандығы айтылды.

Жалпы, түзетулер Қылмыстық кодекстің 262 бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 45 және Қылмыстық-атқару кодексінің 9 бабына енгізілді.

Сондай-ақ, ауырлығы орташа және онша ауыр емес, кісі өліміне соқтырмаған 247 қылмыс бойынша баламалы жаза түрінде қоғамдық жұмыс алғаш рет енгізілуде. Бұл өз кезегінде сотталғандардың еңбегін қоғам игілігіне пайдалануға мүмкіндік береді.

Айыппұлдың ең төменгі көлемі 500-ден 200 АЕК (1,2 млн. теңгеден 481 мыңға дейін) және оны төлеудің минималды мерзімі 6 айдан 3 жылға дейін ұлғаюда. Бұл мыңдаған азаматтарға айыппұл көлемін және өтеу мерзімін ұзарту бойынша сотқа жүгінуге құқық береді.

Меншікке қарсы, экономикалық және кейбір қылмыстар бойынша айтарлықтай, ірі және аса ірі залал мөлшері 2 есеге дейін жоғарылатылды.

Аталған түзетулер сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу мен алаяқтық үшін бас бостандығынан айырылған 2,5 мың тұлғаның жазасына өзгеріс әкеледі. Олардың жазаны өтеу мерзімі қысқартылады.

Қылмыс құрамы ауыр 12 қылмыс бойынша баламалы жаза ретінде соттар бас бостандығынан шектеуді тағайындауы мүмкін. Оларға әскери, экономикалық, лауазымдық және меншікке қатысты қылмыстар жатады.

32 қылмыс бойынша, оның ішінде, 13 экономикалық қылмыс бойынша бас бостандығынан шектеу мерзімінің жоғары шегі 2-3 жылға төмендетіледі.

Қысқа айыппұлдардың қолдану аясы кеңейеді. Енді алаяқтық және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу бойынша айыппұл мөлшері келтірілген залал кұнының 10- нан 20-ға дейін еселенеді.

Қоғамға қауіпті емес сотталғандардың санатына және алғаш рет 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылғандарға бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу шарттары жеңілдетіледі. Олар қауіпсіздігі төменгі мекемелерге жіберілетін болады.

Барлық түзетулер аясында қауіпсіздігі төмен мекемелерге қатаңырақ режимдегі 400 сотталған тұлға ауыстырылады.

Ізгілендіру 5 мыңға тарта адамға ықпал етеді деп болжануда.

«Бірақ, бұл дегеніміз олардың барлығы бір мезетте босатылады деген сөз емес», – деді спикер. Бұл үрдіс кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сотталғандардың бөлігі, жазаның едәуір бөлігін өтеген, сондай-ақ, залалдың орнын толтырған және жүріс-тұрысы оң тұлғаларды сот сол мезетте босатады.

 Баспасөз конференциясында ауыр қылмыстар – кісі өлтіру, зорлау, азаптау, экстремизм мен терроризм және қылмыстың ұйымдастырылған түрлерін жасағандарға ізгілендіру қолданылмайтындығы айтылды.

Бұдан бөлек, Заң мерзімінен бұрын босаған тұлғаларға жауаптылық жоғарылайды, рецидивті құқық бұзушылықтар мен масаң күйде құқық бұзғандарға қосымша түрлер мен әдістер енгізіледі.

Жалпы алғанда еліміздегі реформалар жүргізілген жылдары қылмыс көрсеткіші 7-10%- ға төмендеді.

 2012 жылдан бастап түрмедегілердің саны 19 мыңға төмендеді (52 мыңнан 33 мыңға). Бірақ, бұл криминогенді жағдайға кері әсерін тигізбеді. 2012 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы ауыр және аса ауыр қылмыс саны – 22%, зорлау – 43% (2,3 мыңнан 1,3 мыңға) және қарақшылық 59% (1 миллион 700 мыңнан 700-ге) азайды.

Сотталғандарды әлеуметтендіру шаралары қабылдануда.

«Заңның қабылдануы құқық қорғау қызметін ізгілендіру мен заң үстемдігі қағидаларын нығайтуға бағытталған. Осыған байланысты Бас Прокурор Қайрат Қожамжаров барлық құқық қорғау органдарына Заң қағидаларын мүлтіксіз әрі нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды» дейді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Өз тілшімізден.

 

 

 

 

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button