Руханият

«Кіндігім менің – Күлтегін»

 

Қазақ руханиятына жаңаарқалық Қирабай әулетінің салған олжасы – орасан. Сүйегіне сөз сіңіп, жүрегіне жыр дарыған әулет. Академик Серік Қирабаев сынды сөз зергері – бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың сөз өнеріндегі көсемі. Осы Секеңнің туған ағасы Жаман ақсақалдың да сөзге – берен, іске – ерен болғанын жақсы білеміз. Сол Жәмкеңнен туған Хамит (Жаманов) ақынның жырларын күні бүгінге дейін жаңаарқалықтар жатқа айтып жүр. Ал, бүгін назарларыңызға өлеңдер топтамасы ұсынылып отырған ақын Төлеген Жаманов – мұқым қазақ баласына айтыс өнерімен танымал болған, Қарағандының қанжығасына қаншама рет олжа салған ақбереннің нақ өзі.

Төлеген Нұрланұлы Жаңаарқаның шұрайлы пұшпағы Қараағашта туып, Ақтүбекте атқа мінді. Алматыда жоғары білім алып, Қаражалда қызмет етті. Мемлекеттік қызметте шыңдалып, ғылымда бағын сынады. Тарих ғылымдарының магистрі. Халық аманатын арқалап, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды. Қайда жүрсе де, қолынан қасиетті қара домбырасы мен қаламы түскен жоқ.

Бүгін «Туған жерге туын тігіп», ата-бабасының қонысында шаруашылық ашқан. «Поэзия да, тазалық та – қабағы түксиген қалада емес, жазиралы далада» деп, дала өркениетін өрістету ниетінде жүр.

Ертең – туған күні. «Қамал бұзар» 40 жасқа толып отыр. Айтыс өнерінде Алаштың аймаңдайына, жазба поэзияда жарық жұлдызға айналған Төлеген ақынға шығармашылық табыс пен өмір шуағын тілеп, рухты һәм сыршыл өлеңдерін бірге оқиық, қадірлі оқырман!

РЕДАКЦИЯДАН.

АЗАТПЫН МӘҢГІ

Азатпын бүгін, бұрын да азат болғанмын,

Керегем – күміс, уығы – алтын Ордамның.

Тәңірім – көкте, тағдырым – Қыпшақ даласы,

Оғыздан қалған оғланмын!

 

Білегім – батыр, жүрегім – ақын жұрт едім,

Бабаларымның балбал тастағы тұрқы едім.

Тамырым – түркі, түлігім – жылқы жезқанат,

Кіндігім менің – Күлтегін!

 

Толағай тұлғам, дулыға сыймас бас тұрқым,

Атыма талай аспанның астын бастырдым.

Антына адал, салтына салқын қарамас,

Арғы анам менің – қасқыр-тын!

 

Қайсармын содан, қаныма тартқан сырттанмын,

Мысымнан менің Мысырдағы ел де ыққан-тын

Жебемді тартсам жел тұрғызатын далаға,

Байрағым – бұйра бұлттан-тын!

 

Жырғасып жаумен, тартысқам талай тақпенен,

Сыйласа білсе, сырласа білдім жатпенен.

Шежіре жазып, шекара сызғам найзамен,

Әлемді шарлап атпенен!

 

Асаумын әлі, азатпын әлі, арда едім,

Жұлдызға қарап жортатын ылғи жолда едім.

Бұғауда болған күндерім болса аздаған,

Қалғыған кезім – ол менің!

 

Көшпенді елмін, көшемін алға бөгелмей,

Көшпесем егер, көшеде күнім өтердей.

Бағамды менің берем деп бекер қиналма,

Сауытым түгіл садағымды да көтермей.

 

Тарихым солай, тамырым Ғұннан тарқаған,

Шекарам шексіз шығып та кеткем картадан.

Ал, бүгін тағы азаттығымды айшықтап,

Астана салдым Арқадан!

 

ҒАРЫШ-АБАЙ

Бабаның келем мекендеп,

Бағзыдан қалған сарайын.

Түнімен шығам елеңдеп,

Әлемнің іздеп Абайын.

 

Дүрліккен мына дүние,

Даналық іздеп далбаса.

Бес күнге мәңгі кім ие,

Ақылы Абай болмаса.

 

Тасбауыр тағдыр сазарып,

Тұрғанда қайдан дес берсін,

Тектілік түбі тазалық-

Абайсыз ұрпақ ескерсін!

 

Рухани жаның жүдемей,

Иманға илан тегінде.

Жүрекке Абай түнемей,

Жүгіну қиын сенімге.

 

Асылды туған дана қып,

Даланың заңы-ай даланың.

Қалғанда мұңға қамалып,

Абайдан арна табамын.

 

Абызға келіп тоқтады,

Ұрлаған ойлар түнімді.

Абайдың қалған соқпағы –

Адамзат жолы бүгінгі.

 

САҒАТ ТІЛІ

Шеңберіне шыр айналған сағаттың,

Ойға баттым оңашада қарап мың.

Есептеулі уақытты ескермей,

Құбылаға қанша күнді қараттым.

 

Есіл уақыт, енді білдім құныңды,

Сырғанаумен сен ұрлапсың сырымды.

Тілдеріңді шегергенмен бәрібір,

Күндерімді қайтармайсың бұрынғы.

 

Өлшеулі екен ойнағаным, күлгенім,

Уысымда тұрмасыңды білмедім.

Сыртылдаған сағат сенің тіліңде –

Соңғы сөзім, соңғы демім тұр менің.

 

 

Қара шалдың қазасы

Атам Жаман Қирабайұлының рухына

  «Жаныңды жырлар тербесе,

   Жырымды оқы ендеше.

  Өлгендер қайтып келмейді,

  Көргендер айтып бермесе.

 Көмгендер айтып бермесе».

 

Жылқы жылы. Қаңтар айы қан жұтқан,

Шымыр аяз шыныларды шаңғытқан.

Тіршілікке тұсау салып қойғандай,

Қара жердің қара жонын қар тұтқан.

 

Қаһарына шыдап күн де зорға тұр,

Тоңған тоғай ыңырсиды ол да құр.

Жамбасына жайлы төсек салдырып,

Қараша үйде, хал үстінде шал жатыр.

 

Қосылмасын сезіп қайта қатарға,

Жарлық күткен Жаратқаннан жатарда.

Абыройы алпыс атқа жүк болған,

Атақты шал аттанбақшы сапарға.

 

Айтарымды кетем бе деп үлгермей,

Қалама деп сөйлеуге де тіл келмей.

Келгендерді бөлмесіне кіргізіп,

Сырқатты шал сөз бастады сыр бермей.

 

Ал, ағайын, келсе кетер кезегім,

Өкініш жоқ, өртенбейді өзегім.

Бақұлдасып барлығыңмен кетпекпін,

Бетім бері қарамайды, сеземін.

 

Қайтып енді келе алмаймын қалпыма,

Қалдырайын екі ауыз сөз артыма.

Ырзамын мен тұғырына көтеріп,

Қадірлеген, қастерлеген халқыма.

 

Көрсетпеймін құдіретке қарсылық,

Жасағаным жамағатқа жақсылық.

Өшірмейтін ошағымның оттарын,

Бауырларым, балаларым баршылық.

 

Сендерге енді соңғы сөзім, тыңдаңдар,

Айтарымды ауызымнан бұрмаңдар.

Мен өлгенде көз ісіріп, көп жылап,

Алла ісіне күпіршілік қылмаңдар.

 

Төрт көз түгел отырсыңдар осында,

Бәріңе ана Бәден жарым қасымда.

«Бесмаршалдың» топырағы бұйырсын,

Жетпіс үшке қараған бұл жасымда.

 

Бейітімді көтермеңдер күмбездеп,

Ізетімді білдірмейді ізді өрнек.

Келер күнді, келешекті ойлаңдар,

Келе бермей, көр басына күнде іздеп.

 

Бір болыңдар, бірлік жайын біліңдер,

Тату тәтті ұзақ ғұмыр сүріңдер.

Шілдедегі шіл тезегі сияқты,

Шал өлді деп шашырамай жүріңдер.

 

Қадірлеңдер, бір-біріңді қорғаңдар,

Үлкеніңді үлгі тұтып қолдаңдар.

Ата санап алыстатпай араны,

Болмашыға бөлінуші болмаңдар.

 

Үлкендердің көп болады көргені,

Жасын сыйла, басын сыйла төрдегі.

Кішілікпен, кісілікпен өтіңдер,

Көшкендерді күңірентпей көрдегі.

 

Осы – айтарым әлім кетпей тұрғанда,

Бәрің – өзім, бөтенің жоқ бұл маңда.

Шаңырақты аманаттап барамын,

Кемпірім мен кенже ұлым Нұрланға.

 

Деді дағы тоқтағандай тынығып,

Жанарынан жас үзілді тығылып.

Жан жағына қарады да соңғы рет,

Кірпіктері кетті төмен жығылып.

 

Жылаған жұрт, құлаған ту көңілден,

Жұлдыз ақты жоғарыдан көрінген.

Қадірімен қалың елді күйзелтіп,

Қара шал да қайтты солай өмірден.

P.S

Кеудедегі көшкендей боп кермек күн,

Тіршіліктің тал бесігін тербеп күн.

Қара шалдың ұмыттырып қазасын,

Қараша үйде дүниеге мен кеппін.

 

 

КӨК БӨРІНІҢ КӨЗ ЖАСЫ

     Ахат Құрмансейітовке

Жоны жолақ жолбарысы Кеңгірдің,

Тегі қайда денеңдегі теңбілдің?

Азуыңа ат байлайтын шақта бұл,

Азығына айналмақсың сен кімнің?

 

Мәні бітпес мағынасыз майданда,

Дерттің сырын денемдегі айтам ба?

Мен де – өзіңдей бейшараның бірімін,

Шарасыздық танытатын шайтанға.

 

Емін таппай есеңгіреп бұл дерттің,

Айсыз түнде айдалаға үрмекпін.

Кішік болып кішірейіп жүргенде,

Күшік болып кеткенімді білмеппін.

 

Айыра алмай аласа мен асқақты,

Асқазанға ас табумен бас қатты.

Есектердің есебіне жүгініп,

Тұлпарлардың тұяғына тас батты.

 

Өмірден де көңілден де күй кетті,

Көкпар қылып көктөбеттер сүйретті.

Бөрілердің бөлтірігі болсам да,

Қаншық өмір қыңсылауды үйретті.

 

 

КӨК ӨЛЕҢ

Көгершін көңіл көктемге ғашық,

Кетейін таңба өткенге басып.

Көк тұман басқан күндерде келем,

Көк мұздан кемем өткелдер ашып.

 

Көк атты тағдыр көлденең деген,

Көк сияменен өлмеген өлең.

Көк сауыт киіп, көк байрақ алып,

Көкпарға түсем көк дөненменен.

 

Көк Тәңір болса көктегі Құран,

Көкжалдар үшін Көкбөрі ұран.

Көктасты көрсем көнеден жеткен,

Күлтегін бабам өткенін ұғам.

 

Көкірек шерлі кешегі күнге,

Көшіңмен бұлттар көшеді бірге.

Көкайыл өмір кезекпен келген,

Көк етік киген көшеді кімге.

 

Көлеңке іздеп көк теректерден,

Көксерек күндес көк төбеттермен.

Көрікті қыздың келбетін ашқан,

Көгілдір көйлек көкжелектенген.

 

Күрең күз келіп қуанғам мен де,

Көкорай шалғын қуарған белде.

Көкжөтел қысып күшейді күркіл,

Көк түтін жұтып уланған кеуде.

 

Көк дауыл күшті, көнетін емес,

Көзімнің жасы кебетін емес.

Көкжиек жақтан көз алмай жүрмін

Күткенім бірақ, келетін емес.

 

Кірпігі күннің көтерілгенде,

Күлімдеп нұрын төгетін көлге.

Күндердің күні керуенге еріп,

Келмейтін жаққа кетемін мен де.

Төлеген ЖАМАНОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button