ЖезқазғанРухани жаңғыру

КЕТБҰҚА АБЫЗҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

     Елбасы алға қойған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи тұлғаларымызды танып-біліп, есімдерін жаңғыртудың маңызы айрықша екені белгілі. Осы орайда, Шыңғыс хан заманынының ықпалды тұлғасы, атақты жырау, кемеңгер би, ержүрек қолбасшы Кетбұқа абыздың ел тарихында алар орны ерекше. Жезқазған жұртшылығы батыр бабаға ескерткіш орнатуды көптен қаузап жүрген болатын. Осы бастама сәтімен жүзеге асып, сәрсенбінің сәтінде Кетбұқа абызға арналып орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. 

Жезқазғанда 2014 жылы құ­рылған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі Кетбұқатану және оны насихаттау жолында аса зор жұмыстар атқарғанын атап айтуға болады. Жалпы түркі заманына ортақ ірі тұлға Кетбұқа туралы тарихи зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізілді. Соның нәтижесінде бұрын Жошы қазасының хабарын Шыңғыс ханға «Ақсақ құлан» күйімен жеткізуші күйші, жыршы, одан қалды Кетбұқадан бірнеше жүз жыл кейін өмір сүрген Доспамбет жыраудың: «Кетбұғадай билерден, кеңес сұрар күн қайда?!» – деп жырлайтын толғауы тұрғысында ғана білетін жырауды тану аясы мүлдем кеңейді. Біздің өңірімізде кемеңгер баба туралы зерттеу еңбекті ең алғаш марқұм Қуаныш Ахметов «Ұлы даланың Ұлытауы» кітабында жазып бастаған еді. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің және оның жетекшісі техника ғылымының кандидаты, ұлт мүддесінің жанашыры Төлеген Бүкіровтің тікелей қолға алып, ұйымдастыруымен тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың, жазушы Тұрсын Жұртбайдың, зерттеуші  Иманғазы Нұрахметұлының, әдебиетші ғалым Кенжебай Ахметовтің және басқа да көптеген қаламгерлердің зерттеу еңбектері жарық көрді. Үш жылдың ішінде Кетбұқа жайлы 4 кітап шығарылды. Астанада, Түркістанда, Қызылордада кең көлемді ғылыми конференциялар өткізілді. Онда ғалымдар мен тарихшылар, қаламгер журналистер, өнертанушылар Кетбұқаның қолбасшылық, аталық, жыраулық, күйшілік қасиеттерін жан-жақты қамтып зерделеді. Аңыздағы жырау бейнесін халық батыры, данагөйі ретінде танытты. Әлемдік деңгейде Кетбұқа бүкіл Иран мен Кіші Азияға үстемдік жүргізген, Иерусалимге жорыққа аттанған Хулағу ханзаданың саяси кеңесшісі және әскербасы болған. Араб тарихшыларының еңбектерінен де Кетбұға ноянның ерліктері туралы біршама тың деректер табылыпты. Көпшілік қауым абызды Найманның бағаналы бұтағының түп қазығы ретінде танып отыр.

Енді міне, ел болып атқарған елеулі істің арқасында қаланың көрікті бақжолының бас жағынан тарихи тұлғаның ат үстіндегі қоладан құйылған еңселі ескерткіші бой түзеді. Гранитпен қапталған тұғырымен қоса есептегенде ескерткіштің биіктігі — 10,5 метр. Ат үстіндегі жыраудың ескерткіші мүсінші Октябрь Секемановтың жетекшілігімен Астанада жасалды. Мүсінші мамандары — Асқар Нартов пен Серік Рүстембеков. Ескерткіші, тұғыры және барлық жұмыстары 81 млн. теңгеге жасалған бұл игі істің қаржылай салмағын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС мен ондағы ұлт мүддесіне жанашыр азаматтардың көтеріп отырғанын ризашылықпен айтуға болады. Қала әкімдігінің қолдау танытуымен өткен ескерткіштің ашылу салтанатына Астанадан, Алматыдан ғалымдар, тарихшылар, белгілі қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері келіп қатысты. Салтанатты шара Кетбұқаның Шыңғыс ханға Жошы өлімін естірту кезеңін театр артистері сахналаған көрініспен басталды.

Ашылу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов:

– Бүгін ұлт құндылығының жаң­ғыруының жаңа беті ашылған қуанышты сәт, тарихи күн. Біз тарихи тұлғаларымызды танымай, лайық­ты орнына қойып дәріптемей, ұлы мұ­раттарға нық қадам жасай алмаймыз. Бұл туралы Елбасымыз да әрқашан қадап айтып отырады. Міне, 800 жылдан бері өз бағасын ала алмай келе жатқан бабамыздың кезінде өзі сан мәрте жортып, ізі қалған Ұлытау өңіріне тұлпарына мініп оралуы тарихи заңдылық, сүйсінерлік жағдай,– деп құттықтау лебізін білдірді. Сондай-ақ,  Халық қаhарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Алтынбаев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқару кеңесінің Бас директоры Бақтияр Қырықпышев та елдікті бекемдейтін ізгі істің жүзеге асуымен ел-жұртты қуана құттықтады. «Қазақмыс» басшысы тарихи ескерткіш орын тепкен алаңды келесі жылы корпорация күшімен абаттандыруға уәде берді. Сөйтіп, Кетбұқа абыз атқа қонып, қоладан құйылған еңселі ескерткішке айналып, мысты шаhар төрінен орын алды.

Амандық РАХҰЛЫ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суретті түсірген

Ғ.Әбдіғаппарова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button