Кент көркейіп келеді
Биылғы жыл Молодежный кенті үшін елеулі өзгерістер жылы болды. Осыдан жарты жыл бұрын аз ғана уақыт ішінде ауқымды абаттандыру жұмыстарын жүргізуге болатынына сене қою қиын болғанымен, бүгінде бұл шындыққа айналды.
«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының арқасында небары бірнеше ай ішінде кентте 20 жол, Шахтер орамындағы жолдар, «Айгөлек», «Балапан» балабақшаларына және №26 мектепке кіреберіс жолдар асфальтталды. Енді ауылдың тұрғындары кез келген ауа райында еш қиналмастан кез келген нысанға бара алады. Жолдардың барлығы сапалы жөнделді. Тиісті белгілер орнатылып, су тасқыны ықтималдығы жоғары жерлерде құбырлар төселді. Тротуарлардың жанына орнатылған заманауи орындықтар мен қоқыс шелектері көшелердің сәнін келтірді. Сонымен қатар, көше атаулары жазылған тақтайшалар да жаңасына ауыстырылғандықтан, үйлердің нөмірін анықтау оңай. Көше бойына талғаммен ілінген баннерлер де көз тартады.
Одан бөлек, көшелерді жарықтандыру мақсатында қосымша 37 шам, жастардың сүйікті демалыс орындарының бірі – скверде 8 шам орнатылды. Енді кентте жарықтандырылмаған бұрыш жоқ десе де болады. 600 шам түнде кентті самаладай жарық етіп тұр.
Санитарлық тазалыққа да ерекше көңіл бөлінгенін айту керек. Соңғы жылдары барлық стихиялық қоқыстар жойылды әрі уақытылы шығарылады. Бұған дейін қоқыс жәшіктері орнатылмаса да, жиналып қала беретін екі-үш орын болса, бүгінде ол проблема түбегейлі шешімін тауып, арнайы орын белгіленді.
Бұған дейін кенттегі орталықтандырылған жылу жүйесінде кемшіліктер болатын. Қазір бұрынғы екі қазандыққа қосымша жаңадан біреуі қойылып, бұрынғылары күрделі жөндеуден өтіп, толық дайындалды. Әсіресе «Сарыарқа-2017» қазандығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Он бес қазандықтың механикалық бөлігі алмастырылып, жаңа конвейер орнатылды. Одан бөлек, электр энергиясын беруде кедергілер болған жағдайда іске қосылып, қазандықтың іркіліссіз жұмыс жасауына мүмкіндік беретін генератор сатып алынды. Сонымен қатар, тұрғын үйлер мен нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмыстары да жалғасқанын айту керек. Екі қабатты сегіз үйге және мәдени-сауық орталығына, «Айгөлек» балабақшасына жылу тартылды.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі орта мектепте және мәдени-сауық орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде жылу желілері ауыстырылып, шатыры жөнделді. Ішкі әрлеу жұмыстары да қарқынды.
Абаттандыру жұмыстары кент әкімі Бейсембет Бейсенбековтің жіті бақылауында екенін айту керек. Тазалау жұмыстарын жазғы уақытта студенттер, яғни, «Жасыл ел» бағдарламасына қатысушылар атқарды. «Kazakһmys Coal» ЖШС басшылығы да тыс қалған жоқ. Кәсіпорын күшімен бес автобус аялдамасы орнатылып, көмір кенішіне баратын қызметкерлер сол жерден жұмысқа аттанады.
Орталық кіреберіс жолға орнатылып, кенттің келбетін ашқан арканы да айту керек.
Әлбетте, осынша жұмыстарға кеткен қаржы көлемі де ауқымды. Мұның барлығы – мемлекет тарапынан көрсетілген көмек пен аудан әкімдігінің ұйымдастыру жұмыстарының жемісі.
Әрине, алда атқарылатын істер бар. Десек те, осының барлығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кент тұрғындарына жасалған үлкен сыйлық екені даусыз.
Өз тілшімізден.
ОСАКАРОВ ауданы.