Кенші болу – жүректің батырлығы
Қарағанды ассоциациясы – кенші. Сондықтан, Қарағанды десе – кенші, кенші десе – Қарағанды көз алдымызға келетін жөні бар. Жүректілік пен табанды еңбекті талап ететін бұл мамандықпен кез келген тағдырын байланыстыра бермейді. Жеті қат жер астында тер төгу үшін жанқиярлық қажет. Жыл он екі айда бір келетін тамыз айының соңғы жексенбісіндегі – кеншілер мерекесі ерен еңбек иелеріне көрсетілер қошеметтің бір парасы ғана. Әманда кенші-кенші болғалы, құрметтің төрі бұйыруы керек-ті. «Мереке қарсаңында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Костенко атындағы шахтаға түсті. Онда кеншілердің еңбек жағдайын жақсарту мәселесін бірге талқылады» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің айтуынша, аймақ басшысы шахтерлердің жағдайы үнемі Мемлекет басшысының назарында екенін атап айтып, өзінің кеншілерге ілтипатын білдірген.
Ал, таратылған деректерге сүйенсек, 2018 жылдан бастап компания жерасты және жерүсті жұмысшыларының еңбек ақысын 33,55% жоғарылатқан. Президент тапсырмасы бойынша 2018-2020 жылдарына «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ-ыда дамыту Жол картасы қабылданған. Құжатқа ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, компанияның бас директоры Парамжит Калон қол қойған көрінеді.
«Жол картасында «АрселлорМиттал Теміртау» үш жыл ішінде өндірістік нысандарға құрыш, көмір және кен департаменттеріне 305 млрд. теңге инвестиция салуды қарастырған.
2018 жылы – 100 млрд. 2019 жылы – 105 млрд. 2020 жылы – 100 млрд. теңге құйылмақ» дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі. Салыстырмалы түрде алар болсақ, 2017 жылы инвестиция көлемі 50 млрд. теңгені құраған екен. Сонымен қатар, өндірісті жаңғырту, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, шахтерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру жоспарланған. Әсіресе, экологияға ерекше көңіл бөлінбек. 4.0 Индустриясы стандарттары қолданылады деп жоспарлануда.
Костенко атындағы шахта – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ департаментінің ірі көмір өндіруші кәсіпорны. 2012 жылдың мамыр айында шахтаға 70 жыл толды. Шахтаның тарихы 1934 жылдың 18 мамырынан басталады, осы кезде шахтаның алғашқы тонналары шығарылып, шахтаның тіреуіш бағандары орнатыла бастаған. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД құрамында болған жылдары Костенко атындағы шахта жылына миллиондаған тонна көмір өндірді, көптеген тау-кен өнімдері шығарылуда.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»