Кемеңгер ел – кемел келешек

Жуырда Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті жанындағы дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мен облыстық, қалалық ақпараттық – насихат тобы Теміртауда болып, еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесті. Мұнда бір ғана дін мәселесіне тоқталмай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында қозғалған әлеуметтік мәселелер жөнінде басымдықтарды жан-жақты түсіндірді.

Ақпараттық-насихат тобы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінде жастармен өткен кездесуде қазіргі таңда мемлекеттің конституциясында көрініс тапқан зайырлылық қағидаттарды ілгерілету, қоғамда берік орныққан конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту қажеттігін жеткізді. Дәстүрлі ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау және діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу – тұрғындармен жүргізілетін ақпараттық және түсіндіру жұмыстарының ең басым бағыттары болып табылатындығын атады. Алғашқы болып сөз алған ҚР Дін істері комитетінің басқарма басшысы Мейрам Иманбаев, Дін істері комитетінің жанындағы республикалық және өңірлік деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күнде тұрғындардың дін саласындағы мәселелерге қатысты сауаты айтарлықтай жоғарылады деуге толық негіз бар екендігін сөз етті.

Зайырлы мемлекет – азаматтардың діни наным-сеніміне кепілдік беретін және діни бірлестіктердің заңды негізде еркін қызмет атқаруына мүмкіндік беретін басқару жүйесі. Сондықтан, Қазақстан азаматтары мемлекеттің талаптарына құрметпен қарауы тиіс. Діндар азаматтар жалпы білім беретін орта мектептерде бірыңғай киім формасына қатысты мемлекеттің талабына толық мойынұсынулары керек. Өйткені, мемлекеттің талабы жалпыға ортақ мүддені басшылыққа алады және азаматтардың талап-тілектері негізінде қабылданады. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек, – деді Мейірім Иманбаев.

Дін өкілінің айтуынша, биылғы жылғы есепте Қазақстанда 2600 мешіт тіркелген. Кеңес үкіметі ыдыраған тұста, яғни 1991 жылы Қазақстанда 100-ге жуық қана мешіт болған. Ал, Православ шіркеуі 300-ге жеткен көрінеді. Бұдан бөлек бірнеше діни ұйымдар жұмыс істеп келеді. Әсіресе, біздің ұлттық рухани мұрамыз бен ата-бабадан қалған дініміз де даму үстінде екен.

Сондай-ақ, кездесу барысында діннің терроризмге еш қатысы жоқтығын негізге ала отырып, радикалдық идеялар мен ұстанушылардың ойлары мүлдем басқа мақсаттарды көздейтінін ашып көрсету керектігіне тоқталды. Олар дінді пайдалана отырып мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғам тұтастығына сына қаққысы келетіндігін айтты. Сондықтан, мемлекеттік органдар, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, ҚМДБ имамдары мемлекеттің зайырлы қағидаттарын ілгерілету және дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау арқылы діни радикализмнің таралуының алдын алуда пәрменді жұмыстарды жалғастыра беруі керектігін тілге тиек етті.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін ортақ танымы болуы тиіс екендігін алға тартты.

Кез келген ұлттың ұлт болып танылуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс. Сондай-ақ, әрбір ұлттың тағдыры оның рухани танымының өміршеңдігіне де байланысты. Біздің елімізде дінаралық татулық, яғни конфессияаралық қатынас әлемге үлгі. Бізде сан түрлі діни бағыт ұстанатын бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Солай бола тұрғанымен де, дәстүрлі емес діни ағымдар жетегінде кетіп, шалыс басқан қазақ жастарының тағдыры бізді бейжай қалдырмаса керек. Тіпті, түрлі жұқпалы ауруларға қарсы медициналық екпелерден бас тартушылар да бой көрсетіп жатыр. Мұның артында дәстүрлі емес діни ағымдар белең алуы мүмкін, – деді Нұрлан Бикенов.

Теміртау қаласының жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Динара Сәттібаев жастарды мемлекет тарапынан берілген бағдарламалар арқылы жұмыс істеуге шақырды.

«Бүгінгі қоғамда бір емес, бірнеше оқуды бітіріп, қолына қос-қостап диплом ұстаған жастарымызды көптеп жолықтырып жүрміз. Алайда, тұрақты бір жұмысың болмағасын қос дипломың кімге керек? Одан да қолыңда бір қатырма қағазың болса да, соның арқасында жұмыс істеп, еңбегін жегенге не жетсін?» деді ол.

Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз. Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «ішкі сүзгі» адамның ішінде болу керек. Жастар қоғамның болашағы. Ал, өзіндік ұстанымы мен пікірі болмаған жастар әркімнің жетегінде кетіп, елдің сорына айналады. Бүгінгі кездесу осы мәселені бізге кеңінен түсіндіріп берді, – дейді Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің студенті Ақереке Нұрқабылова.

Кездесуде аталмыш мәселелер кеңінен ашылып, дін өкілдері қатысушылардың сұрақтарына толық мағлұматтар берді.

Дәл осындай кездесу Теміртау политехникалық колледжі мен Теміртау қаласының №1 емханасында өтті. Бұл жерде де жастарды қараусыз қалдырмау, олардың бос жүрісін азайту, ата-аналардың, мектеп пен оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін баса айтты. Денсаулық сақтау мекемелерінде қандай қызмет түрлері қарастырылған? Кепілденген медициналық көмектің ауқымы қандай? Қажетті дәрігер кеңесін қайдан алуға болады? Бұл сауалдарға Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының амбулаториялық-емханалық көмекті дамыту және үйлестіру бөлімінің бас маманы– терапевт Алмагүл Қанафия жауап береді.

Ел арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен ағарту шараларын жүргізу басты міндет. Жұқпалы және негізгі жұқпалы емес аурулардың, оның ішінде психикалық ауытқулар мен жарақаттанушылықты бақылау, халықтың денсаулығын нығайту мен оны қорғауға бағытталған сектораралық өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету жолға қойылып отыр. Оқушыларды сауықтыруға баса назар аударылатын болады. Осы ретте «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында мектептегі медицинаны білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру қарастырылуда. Денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай реформалау халықтың толыққанды, сапалы медициналық қызметтерге деген икемді сұранысына сай инфрақұрылымды құруға негізделіп отыр, – деді Алмагүл Қанафия.

Бұдан кейін ақпараттық-үгіт тобы өңіріміздегі ірі кәсіпорындарды аралады. «Нұрқазған» фабрикасы – «Қазақмыс» компаниясында және Ақтау кентінде орналасқан «Central Asia Cement» болып аталатын маңызды кәсіпорындарында ұжымдарымен кездесті. Жиында негізінен еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағыты, дін және денсаулық саласы сөз болды. Облысымызда тұрақты әрі белсенді дамып келе жатқан кәсіпорындардың жұмысшылары өз сауалдарын жеткізіп, толымды жауап алды.

«Рухани жаңғыру» жобасы тобының бас менеджері Бақытқали Мұсабеков Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту бүгінгі күннің талабы екендігін жеткізді.

Елімізде «білім культін» қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни, әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады. Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналарына күмән жоқ,– деді Бақытқали Мұсабеков.

Кездесу барысында «Әл-Машани» мешітінің бас имамы Қабылбек Жұмабеков дәстүрлі құндылықтар мен зайырлы қағидаттарды насихаттау арқылы қоғамдағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу кезек күттірмейтін мәселе екендігін атады.

Қазақ халқының бүкіл салт-санасы, әдет-ғұрпы, мақал-мәтелі, ертегі, жырлары, ойын-сауығы айналып келгенде, тәрбиелік мәселеге келіп тіреледі. Олар адамгершілікке, имандылыққа, көпшілікке, азаматтыққа баулиды. Сондықтан, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Шетелге шығуға ниеттенген азаматтармен, олардың ата-аналарымен, туған-туыстарымен түсіндіру жұмыстары мешіттерімізде тұрақты жүргізілуде. Осындай жұмыс өз нәтижелерін беруде, еліміз бойынша да облысымыздан да керағар насихаттан алданып шетелге шығам деген біршама жастар райынан қайтарылды, – деді Қабылбек Жұмабеков.

Кездесу соңында өндіріс еңбеккерлері осындай игі және пайдалы жиналыстар оңтайлы нәтижесін беріп, түйткілді мәселелердің шешімі табылады деген сенімдерін білдірді.

Нұрдос Кәрім.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.