Жаңалықтар

Кеңестік жүйенің кесірі

Шешеміз Зияда Сұлтанқызы ҚАРАБАТЫРОВА 17 құрсақ көтерген. Тірі қалғаны – 8. Біздің ауыл – Бершүгір шахтасы. Бұл жер Ақтөбе облысы Шалқар ауданына қарайды, Қарлагтың бөлімшесі болатын. Онда 4 шахта орналасқан. №1 шахта тас көмір өндірсе, №2 шахта шурф есебінде ауылдың 1,5-2 шақырым іргесінде еді. Бала күнімізде ол маңға бұзау, лақ жаятынбыз. Бір күні бұзау бағып жүріп, шурфте өліп жатқан адамның денесін көрдім. Кешке көргенімді әкеме айтқан соң, ертеңіне әлгі шурфті көміп тастағандарын көрдім. Ол Қарлагтан қашқан кісінің мәйіті екен. Қарлаг қарауылдары тұтқындарды кез келген оғаш қылығы үшін атып тастайдығын түсіндім…

№3 шахта ауылдың сыртында болатын. Суы көп болғандықтан, дұрыс игерілмеді. Ең алысы – №4 шахта. «Оның маңында жын-шайтан көп» деп, үлкендер қорқытушы еді. Негізінен қазақтар ғана жұмыс істейтін. Шамын жағып алып, кешке таман түнгі ауысымға баратындарын талай көргенмін. Шахтаның тереңдігі – 100 метрдей. Ішінде суы көп деп айтатын. Аяқтарына таскалош киіп, қонышын ескі көлік дөңгелегінің камерасынан тігетін. Аяқтары су-су болып, әйелдері күні-түні кептірумен әуре болатын. Тәулігіне 2-3 вагон, шамамен 150-180 тонна көмір өндіріп, оны «толкaчпeн» «Қызыл сазға» (№61 разъезге) таситын. Онда станция кезекшілері көмірді тиесілі жерлерге жөнелтетін. Соғыс жылдары ауыл тұрғындарына неше түрлі салықтар салды. Соның бірі «азық-түлік салығы, ал кейбірінде «жылы киім» салығы. Ал, облигациялар мен жеке ақшалай салықтың түрлері қауқарлы кісілерге таңдамалы болатын. Азықтүлік салығына сары майды ерітіп, 40 литр алюминий ыдысқа толтырып, үстіне пломбы ретінде ешкінің майын ерітіп құятын. Бір күні мектептен келіп, әлгі бидондарды көрдім. Ашып қарап, «үстіне неге тоңмай құйған» деп ойлап, дәмін татпақшы болғанда саусағымның ізі қалып, әкемнен таяқ жегенім әлі есімде. Ол кезде әкем Шалқар аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары еді. Негізгі міндеті елден салық жинау және оны Қарлаг, немесе аудандық «әскери комиссариат» арқылы майданға жіберу болатын. Елден қулық қала ма? Кейбірі май тапсырарда бидонның ішіне ауыр тастарды салып жібереді екен. Оны әкем ұзын әрі үшкір таяғымен тексеретін. Оларды Қарлагтың қарауылдары да тексеріп отыратын. Егер олқылық шықса, тапсырған кісіні қолма-қол атып тастап немесе лагерге жұмысқа жіберетін. Осындай қатаң кезеңде ауылымыздың қазақтары көп зардап шекті. Шахтадан 25 шақырым жерде Жыланды (рудник Джеланда, треста Джетыгара золото) алтын кеніші орналасқан еді. Мен оқуға түсерде сол кеніште «пробщик» болдым. Әуелі жерасты өнімі, кейін әлгі екі тауды толық қазып алып, Оралдың алтын айыру зауытына жіберіп отырды.

Сол уақытта оның бастығы Кошевой, маркшейдері Шалаев, бас инженері Астахов дегендер еді. Алдыңғысы әскери адам, үнемі әскери формамен жүретін. Жерасты қазбаларынан екі түрлі топырақ шығатын. Бірі – сары, екіншісі – қара топырақ. Негізгі «отправной» пункті шахтада болатын. Мұнда Кеңестір Таубаев деген жолдасым лабораторияда топырақтағы алтынның кұрамын зерттейтін орыс әйеліне көмекші болып, шамалы тиын-тебен табатын. Сол сары және қара топырақтардан (шамамен тоннасынан 32-38 грамм) алтын шығатын. Алты жылда сол рудниктен 55 тоннадай таза алтын өндіріп, Ресей өз керегіне жаратып кетті. Сол уақытта гүрілдеп тұрған Жыланды кенті кейін ит байласа тұрмайтын, желмен қаңбақ қуған қаңыраған шөлдегі қираған қалашыққа айналды. Ал, тұрғындары жұмыс іздеп қаңғып кетті. Әлгі екі таудың орнында сып-сипан дала қалды. Бұрынғы бұлақтары, толған жан-жануар құрып, жері де тозып бітті. Міне, сондай жауыздық (захватнический) зияндықтың өтеуін кімнен сұрауға болады.

1941 жылдың аяғында Оралдағы немістерді, кейін 1942 жылы шешен-ингуштерді Қазақстанға алып келді. Құлап жатқан 6 бараққа шешендерді әкеп қамады. Жан-жағына шырмауық сымнан қорған жасап, әр 25-30 метр жерден шам орнатып, биік ағаштан бөрене-будка салып, басына мылтықты қарауыл қойды. Олар өздерімен алып келген киіз көрпе-төсегімен терезе-есігін бітеп, қыстап шықты. Оларға азық-түлік, дәрігерлік көмек көрсетілмеді. Қыста өлгендері аулада аяздан сіресіп жатты. Жазғытұрым жұқпалы ауруларды қоздырмас үшін мәйіттерді жинатып, өртеуге мәжбүр етті. Кейін И.Сталин өліп, Л.Берия жазаланған соң, шешендер ежелгі отаны Ичкерияға қайтуға рұқсат алды. Көбісі кетті, кейбірі осы жерге үйреніп, қоныстанып қалды. Бір жақсысы өлген жерлестеріне ені мен ұзыны 50-60 метрлік бейіт тұрғызып кетті. Бірақ, кейін ол бейіттердің орнын да таппай қалдық. Ол кезде Шахтада орта мектеп ашылды. Мектеп директоры Сапа Ищанов (соғыс ардагері), директор орынбасарлығына Покровский тағайындалды. Мұғалімдері Шарипа Ищанова, Сейілхан Бурханов, Паң Бурханова, Қоспанова және бір-екі орыс, еврейлер, кәрістер мен немістер болды. Бізге неміс тілін Маргарита Вельк (қыз күніндегі тегі Плятт) жетік меңгертті. Алайда, ҚТИ-де (Қарағанды тау-кен институты) неміс тілін жүргізетін мұғалім болмай, орнына орыс тілін оқыдық. Ал, аспирантурада ДТИ-де (Днепропетровскі тау-кен институты) ағылшын тілін үйретті.

Сол кездің өзінде жоғарғы сынып оқушылары орыс-қазақ болып төбелесетінбіз. Бірақ, бізге неміс пен шешен жақтаспайтын, ата-аналары қатал еді.

Соғыс жылдарында Шахтада Танк училищесі болды. Олар 10-15 шақырымға дейін барып, зеңбiректерін атқылап келетін. Жолда танктердің терең іздері қалатын. Танкішілер тастан қаланған үлкен барактарда тұрды. Биіктігі – 5-6 метр. Бірақ, түнде ол жақтан ешқандай жарық көрінбейтін. Мүмкін жарық «маскировкалар» ережелерін қолданған шығар. Біздің үйдің сыртынан шахтаның суы ағатын. 1943-1945 жылдары немістер мен шешендер соның екі жағын жыртып, жүгері, картоп, күнбағыс, қызанық, қияр, көсік, т.б. дақылдарды молынан еге бастады. Екі жаққа өтетін ағаш көпірден бастап, Қотыртасқа қарай егін салынды. Күзге қарай, дақыл жинауға біздің көліктерді жалдайтын. Кейін өзіміз де дақыл еге бастадық.

Соғысқа дейін және соғыс жылдары аштықтан, дәрігерлік жәрдем болмағандықтан көп жерлестерім қырылды. Сталин өлген соң, Қарлаг жабылды, көбісі тарихи отанына кетті. Жұмыссыздықтан жергілікті қазақтар да жан-жаққа жұмыс іздеп көшті. Қазір Шахтаның басында ешкім жоқ. 1-2 үй бар деп естідім.

Шахтадан 90-110 шақырым жердегі Айрық тауының төменгі жағында тұрған Алабас тауы да жоқ. Себебі, ол жерден шығатын өте құнды қиыршық тастың бәрін Ресей қуатты аэродром, космодром тағы басқа стратегиялық объектілер салуға қопарып-бұзып алып кеткен. Сонымен, 5 млрд. м³- тан астам өте қымбат жерасты қазба байлығымызды РФ өз пайдасына жаратып отыр. Соғыстан қайтпаған, ашаршылықтан өлген туыстарды есептемегенде және олардың ұрпақ таратар жастығын еске алсақ, шамамен 7-8 млн. жерлесіміз осы кезеңде бақилық болды.

Сәлімжан СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button